banner

Сырдарияның суы неге сарқылды?

Жылдан жылға күріш егісінің көлемі де Сырға құйылар су мөлшеріне қарай қысқарып келеді. Шаруа баққан, күріш еккен диқандарда мол суға кенелетін кезеңді аңсайды.  

Сырдарияның суы неге сарқылды?

Қоңыр күзде күріштің суын тартқан соң Сырдария толып, толықсып ағатын. Көлдер мен шабындықтар суға мелдектеп, Аралдың айдыны да молаятын. Бүгінде, өкінішке қарай олай болмай тұр. Өйткені Сырдарияның қазіргі мүшкіл күйі көңілге жадау сезім ұялатады. Жалаңаш құмың жасырар суы жоқ. Шаңдағы шығып жатқан дарияның тартылу себебін бұрынғы Су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев, Сырдарияның бастауындағы мемлекеттер суды тек өз дәргейіне жаратып жатыр, деді.

"Сырдарияның бойындағы 4 мемлекеттің 3,5 млн гектар жері бар. Негізгі 80-90 пайыз суды Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан алады. Олар Сырдарияның 37 млрд текше метр суын сарқа пайдаланып там-тұм қалғанын бізге жібереді. Кезіндегідей үлеске салса су жетер еді. Бірақ жоғарыдан су алып отырғандар көпе-көрінеу су үлестігін бұзушылыққа барып отыр. Сондықтан бізге Су министрлігін құру керек, өйткені су стратегиялық маңызды дүние", – дейді Нариман Қыпшақбайұлы. 

Ал елдегі ағайын ше? Олардың бұл мәселеге айтары өте көп. Осыған орай бірнеше жанды пікірлерді жариялағанды жөн көрдік.

"Бүгін мен, кезінде Сейхун (Сойқын) деп аталған "Алаштың Сыр анасын" көрдім! Сырдария – Қызылорда қаласы тұсында үзіліпті. Қазір күз... Өзбектер өзектен теуіп Сардоба сияқты қоймаларын Сыр суына толтыруда. Қырғыздар суды қысып, Тоқтағылды суға тоғытуда. Ал біз ше, біздің үлес қайда? Неге, дипломатиялық нота жарияламаймыз? Кезінде Ислам Каримов қырғыздар суды бөгегенде бізден көмек сұрап, "төмендегі жұрт біздер не ішеміз, болмаса соғыс ашам", деген екен. Әрине соғыстың беті әрмен, дегенмен өз үлесімізді беріп отыра берсек қайдан ел боламыз!? Айтатын жерде айтып, талап қоятын жерде талапты қою керек. "Айтылмаса сөздің атасы өледі"", – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов.

Жылдан жылға күріш егісінің көлемі де Сырға құйылар су мөлшеріне қарай қысқарып келеді. Шаруа баққан, күріш еккен диқандарда мол суға кеңелетін кезеңді аңсайды.

"Егіншілерде алдағы жылдардың егінің жоспарлаудан қалды. Шаруашылықтың жері, есік алдындағы 5-6 сотық жер емес. Егіндік жерге осы бастан қаражат салмасақ, уақытында кеш қаламыз. Себебі егінге қажетті заттардың бәрі сырт мемлекеттерден келеді. Алдағы уақытта суға байланысты Үкіметтен, кешенді жоба ия жоспар көріп тұрған жоқпыз.  Шаруалардың тек еститіні "су болмайды, қысқартыңдар ия болмаса бағаны тұрақтандырыңдар" деген ғана сөздер. Өнімді немен өндіреді, алдымен соларды тұрақтандырсын", – дейді "Ер-Әлі" шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов.

"Кеңес Одағы тарап, дербес Орта Азия мемлекеттері құрылған кезден бері су бөлу мәселесінде зардап шегіп отырған тек Қазақстан", – дейді облыстың бірнеше ауданың басқарған қоғам қайраткері Нәжмедин Мұсабаев.

"Сырдария өзені бассейніндегі әр мемлекеттің су бөлу лимиттерін қайта қарап, бекіту керек. Ол лимитке кейінгі жылдары өмірге келген Кіші Аралдың су үлесін бөлек қарап, кіргізу керек. Осындай ортақ келісіммен бекітілген су лимитінің орындалуын БҰҰ бақылауы тиіс. Бұндай тәжірибе Дунай өзені мен басқа да трансшекералық өзендерде бар. Осындай келісімге келуге қол жеткізу үшін президентіміз Қ. Тоқаевтың БҰҰ-да жұмыс жасаған тәжірибесін пайдалану керек. Сонда ғана жоғарыдағылар "су ішіп, төмендегілер у ішетін" жағдай болмайды. Бұлай болмайынша осы кезге дейін бұрынғы бекіген лимитке сәйкес суды да толық ала алмай отырған еліміздің су бөлу мәселесін Премьер министрлер орынбасарларының дәрежесінде шешу мүмкін емес", – деді Нәжмедин Түрікбенұлы.

Былтыр Арал мәселесі талқыланғанда бұрынғы Су шаруашылығы Министрі Нариман Қыпшақбаев, біздің су жөніндегі мемлекетаралық келіссөздерде көбіне жеңіліп қалатынымызды, жыл сайын ауысып отыратын Су комитеттері басшыларының мән-жайды білмейтінін, сондықтан оларды көрші жоғары отырған мемлекеттердің кәнігі мамандары менсінбейтінін айтқан еді. Өзбекстанның су саясатын ұстап отырған саяси тұлғалар трансшекаралық су мүддесін адамзатқа ортақ мүдде деп маңыз берсе, ортақ  судың көп жылғы мемлекетаралық түйіні тарқатылар еді.

Жуырда аймақ басшысы да Сырдария өзеніндегі жағдайға алаңдайтынын "Алтын дән" мерекесінде жеткізген еді.

"Шаруалардың көкейлерінде болашақтағы су мәселесі бар екенін жақсы білемін. Шардара су қоймасындағы судың аз болуына байланысты, Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберіліп жатқан су көлемі төмендеп жатыр. Біз Үкіметпен тиісті жұмыстар жасаудамыз. Су нысандарының жағдайын жақсарту үшін "Жасыл Қазақстан" Ұлттық жобасына үлкен үміт артылуда. Ұлттық жобаға 122 млрд теңгені құрайтын облыстың 237 жоба енгізілуде", – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Қоғам қайраткері Болат Нұрхожаев болса облыста салынар 6 су қоймасы жайында оңды пікір білдірді.

"Ертең олар салынғасын Көксарайдың кебін киіп дарияның әр жері плотинадан кейінгі қайырдай су өткізе алмайтын болып қалса, оған 6 млрд-тап қаржы бөліп қаздырып әуре болсақ, кім жауап береді? Баста 6 су қоймасын салу Кіші Аралды ұстап тұрған Көкарал бөгетінің авариялық жағдайы мен оның 9 қақпасы ашылып көп су үлкен теңізге кетіп жатқасын, сол суды жоғарыдан жинап қалу керек деген ниетте еді. Алайда 4 жыл бойы Қамбашқа су құймай биыл Бұрмақұлақ тоспасы іске қосылып Қамбаш-Ақшатау көлдер жүйесіне су түсті, яғни үлкен теңізге бәрібір кетіп жатыр деген суды көлдерге жинап алуға болады ғой. Екіншіден, қыста суды су қоймасына алу мұз астымен аққан суды азайтады, ал ол қайыр жиналуына, кейін су келгенде арнасына сыймай жайылуына, сөйтіп суды Аралға жеткізе алмай қалуға соқтырмай ма?, – деген сұраққа әзірге мамандардан жауап жоқ", – дейді Б. Нұрхожаев.

Мәселеге "Тұран ойпаты – Арал теңізі" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Көлбай Данабай, Президент бар беделін салып көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттері басшыларымен келіссөз жүргізуі тиіс деді.

"Сырдың аяғындағы тұрғындарға экологиялық ахуалды жақсартудың негізі Сырдария өзені бойынан "шұңқыр" қазып су қоймасы деген желеумен суды тежегенді доғартуымыз қажет. Сырдария суының сарқылуға келе жатқанын дабыл қағып әлем халықтарының назарын аударып, арашашы болуымыз қажет", – дейді бірлестік төрағасы.

Бұл уақытта облыс әкімдігі тарапынан көрші мемлекеттермен су мәселесіне орай келіссөздер жүргізу жөнінде ұсыныстар жолданғаны да белгілі болды.

"Облыс әкімдігімен ҚР Премьер-Министріне және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерімен Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту мәселесі бойынша келіссөздер жүргізу жөнінде ұсыныстар жолданды. 2021-2022 жылдардың вегетацияаралық кезеңінде мемлекеттердің су алу лимиттері мен Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының болжамды жұмыс режимін келісу кезінде қаралатындығын жеткізді", – деді Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысы Бауыржан Шаменов.

"Жалпы жылына екі рет су көлеміне байланысты халықаралық комиссия арнайы тексеру жүргізеді. Оның қорытындысы бойынша биыл Сырдария арқылы Қазақстан териториясына сәуір мен қыркүйек айларында 4 млрд м3 су келуі керек деп болжанған. Қазіргі уақытта  2 млрд текше метрге жуық су келген. Бұл 60 пайызды қамтып отыр. Көксарай су реттегіші және Шардара су қоймасында толық пайдалануға және шекті пайдалануға ең төменгі шегі 650 млн текше метрге дейін су қалды. Осы себепті қыркүйек және қазан айларында жоғарыдан келіп жатқан су көбейген жоқ. Соның есебінен төменге тастайтын су 30 текше метрге дейін азайған", – дейді Арал-Сырдария бассейіндік инспекциясы басшысы Сейілбек Нұрымбетов.

"ҚазСуШар" Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаровта қыс-көктем айларындағы Шардара су қоймасының болжамдық жұмыс кестесі жасалғанын айтып, ҚР Су ресурстар комитетіне ұсыныстар жолданғанын жеткізді және Шардара су қоймасының болжамдық жұмыс кестесі Ташкент қаласында өтетін Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының қараша айында өтетін 81-ші отырысында нақтыланатынын тілге тиек етті.

"Шардара су қоймасына су толтыру режимі Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан су қоймаларының жұмыс режиміне және көрші елдердегі су шаруашылығы жағдайына байланысты. Бүгінгі таңда Шардара су қоймасы толтыру режимінде жұмыс істейді. Су қоймасынан суды ағызу 50 м3/сек ағынмен жүзеге асырылады, келген судың көлемі 140 м3/сек құрайды", – деді филиал басшысы.

Қызылордадан сайланған Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова өзбекстандық әріптестермен кездесуде су мәселесін пайдалану жайын талқылағанын жеткізді.

"Іргелес екі елге ортақ су ресурстарын пайдалануда соңғы сын-тегеуріндер мен геосаяси ахуалдарды ескере отырып жұмысымызды жүйелеу өте маңызды болып отыр. Өзбекстандық әріптестермен кездесуде ортақ мәселе – Арал теңізін қалпына келтіру, Сырдария суының көлеміне келіп тіреледі. Жалпы ортақ ресурс болғандықтан бұл саладағы жұмыстар екі мемлекеттің тиісті органдарының ортақ келісімі арқылы жүзеге асқаны жөн. Бұл мәселе келесі жылы қабылданатын трансшекаралық су ресурстарын пайдалану мен басқару бойынша үкіметаралық келісім бекігеннен кейін реттеледі деген сенімдемін", – дейді сенатор.

Жалпы Өзбекстан тарапы 2 млн га жерді сумен қамтамасыз ету үшін Сырдарияның жоғарғы және орта бөлігінде бірнеше су қоймаларын салғаны белгілі, бұл Қызылорда, Түркістан облысындағы ағайынның шаруасына кері әсер етіп отырғаны белгілі.

"Қос елдің парламентарийлері бетпе-бет отырып, трансшекаралық су проблемасын қозғауы – үлкен үмітке жетелейді", – деді Сырдария мәселесін көптен бері зерттеп жүрген белгілі қаламгер Айткүл Шалғынбаева. 

"Тұтас теңіздің жоғалуы – адамзат үшін алапат экоапат. Осы глобалды проблеманы біліп отырса да, өзбек ағайынның су саясаты халықаралық нормаларға қайшы. Адамзат Әмуді Қарақұмға бұрып, табиғи балансты бір бұзды. Енді Сырдарияны қылғындырып, алқымын қысу – табиғатқа жасалған ең аяусыз қысастық. Сырдария Әмударияның жолын құшса, Сыр өңірінің ғана емес, тұтас Жер шарының климаты күрт қарқынмен өзгереді. Өйткені Сырдың суы сарқылса, Аралдың қолмен ұстап отырған айнасы ғайып болады. Орта Азия елдері, әсіресе Өзбекстан осы мәселеде судың құлағында отырып, табиғат Анамен алысқанын доғару керек. Ташкент шұғыл түрде өз мемлекеттілігі тарихында ең маңызды саналатын шешімді қабылдағаны жөн. Өзбекстан 30 жылдан бері үстемдік еткен Сыр суының үлестік бөлінісін реттеп, су қоймаларын қысқартуы тиіс. Үнемі ортақ суға үстемдік еткен Ташкенттің Өазақстанның үстінен өтетін жолдар, теміржол, әуе қатынасы, сауда деген сияқты экономикалық қатынасына шектеу жасау керек", – деді А. Шалғынбаева.

Су мәселесі ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Қалай болғанда да еліміздің Су Комитетін Су ресурстары Агенттігіне айналдырып, су саясатын күшейтпесе, Сырдың суы сирақтан емес, тобық түгілі, мүлдем таппай қалатын кез алыс емес, дейді су үшін шырылдап жүрген жандар. Сондықтан жоғарыдағы мемлекеттер қазақ үшін қимаса да, адамзаттық ортақ мүдде үшін маңызды шешімдер жасауы тиіс. Егер олай болмаған жағдайда, Қазақстан халықаралық Заң нормаларына сүйеніп, Ортақ судағы үлестік суымызды талап етуі тиіс, немесе Сардоба сынды су қоймаларын жабу керек.

Пікірлер легі осылай өрбиді. Өйткені Сырды құтқарудың бұдан басқа жолы көрінбейді.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу