Сырқаттарды енді тәжірибелі дәрігер орнына интерн емдей бастайды

1246

Дәрігер болудың жаңа жолы: елде медициналық білім берудің түбегейлі жаңа моделі енгізілді.  

Сырқаттарды енді тәжірибелі дәрігер орнына интерн емдей бастайды Фото: teenage.by

Қазақстанның медицина саласы ертең түбегейлі өзгерістердің табалдырығынан аттайды. Мемлекет басшысы 2026 жылғы 12 маусымда "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжат "алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң", 12 тамыздан бастап қолданысқа енеді. Заңдағы денсаулық сақтау саласына қатысты жаңа нормалар медициналық кадр даярлау мазмұнын ғана емес, оның бүкіл құрылымын қайта қарауға бағытталған.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігінің құзыреті кеңейтіледі, өзгерістер мыналарды көздейді:

  • медициналық жоғары оқу орындарының өткізу қабілетін ескере отырып талапкер қабылдауға шектеулер енгізу;
  • мемлекеттік білім беру тапсырысымен білім алған мамандарды кәсіптік қызметке жіберу, еңбекпен өтеу тәртібін анықтау;
  • кадр даярлаудың мазмұнына бірыңғай талаптарды белгілеу;
  • тәлімгер-дәрігер және интерн-дәрігер мәртебелерін енгізу;
  • сондай-ақ кадрлардың цифрлық тізілімінің рөлін бекіту.

Бұл реформаның ең басты жаңалығы – темірқазық ретінде интернатураға тіренген оқудың жаңа моделін енгізу.

Бұған дейін қалай еді?

Биылғы тамызға дейін медициналық жоғары оқу орындарында студенттер үш түрлі білім беру моделімен оқып келді. Салдарынан, жүйеде түсініспеушіліктер орын алған. Мысалы, соңғы реформаларға сәйкес болашақ ақ халаттылардың көбі 6 жыл оқитын болды: оның ішінде бакалавриат – 5 жыл, ал, магистратура мен интернатураға небәрі жарты жылдан беріліп келді.

Интернатураға бөлінген осы қысқа мерзімді жас түлектер ауруханада нақты әрі түсінікті мәртебесіз, медициналық жүйелерге кіруге рұқсатсыз және қарапайым ем-домға қатысу құқығынсыз өткізетін. Басқаша айтқанда, өз бетімен жүреді.

Олар тіпті оқуды аяқтаған соң да бірден жұмысқа тұра алмай, тығырыққа тірелетін. Себебі, барлық медициналық мамандар ары қарай міндетті түрде тағы 2 немесе 4 жылдық резидентурадан өтуге тиіс болатын. Ал, резидентураға гранттар өте аз бөлінеді: алты жылдық оқуын аяқтаған барлық түлекті қамти бермейді. Соның кесірінен болашақ дәрігерлер көбіне амалсыз, оқуын ақылы түрде жалғастыруға мәжбүр болды. Біразы осы тұста медицинаны тәрк етіп, тастап кетеді.

Осы қайшылық сақталған жағдайда 2028–2029 жылдары медицина саласына жаңа мамандардың келуі күрт азайып, кадр тапшылығының тереңдей түсу қаупі туындаған. Сондықтан Үкімет пен Парламент осындай өзгерістерді қабылдауға тура келгенін алға тартып, дәйектеді.

Енді қалай болады?

Енді отандық медицина 7 жылдық оқуға көшеді. Соның ішінде 6 жыл – университеттегі теориялық оқуға арналады, қалған 1 жылы – ауруханада өтетін толыққанды практикалық интернатураға жұмсалады.

Мұнда интернатура жай ғана оқу бағдарламасының қосымшасы бөлімі емес, жас дәрігерді нақты клиникалық ортаға кіріктіретін дербес дайындық деңгейіне айналады. Осыдан кейін олар алғашқы буында "толыққанды жалпы практика дәрігері" болып жұмыс істей алады.

Сонда не өзгерді? Бұған дейін шәкірттер толыққанды 8 жыл (6+2) немесе 10 жыл (6+4) бойы оқымаса, нағыз дәрігер болып есептеле алмайтын. Сырқаттарды емдеуге жіберілмейтін.

Жаңа модельде, биылғы 12 тамыздан бастап, 7 жыл оқыса жеткілікті: науқастарды қарап, диагнозына, ем-домына қатысты кесімді шешімін айта береді.

Тек бір ерекшелік сақталды: егер невропатолог, нейрохирург сияқты тар бейінді маман болғысы келсе, онда бұрынғыдай 2 не 4 жылдық резидентурада оқуын жалғастыруға міндетті.

Дәрігер, Мәжілістің бұрынғы депутаты Гүлдара Нұрымның түсіндіруінше, бұл жаңа заң жоғары медициналық білім берудің жаңа моделін ұсынады.

"Онда барлық студенттер үшін интернатурада міндетті түрде оқу қарастырылған. Интернатураны аяқтағаннан кейін медициналық қызметпен айналыса беруіне болады. Дәрігер ретінде мен осы жобаны толық қолдаймын. Енді оқыту бағдарламасының мазмұны да қарқынды болады: бұған дейінгі модельде 300 кредит болса, енді ол 420 кредитке дейін өседі", – деді сарапшы.

Тағы бір маңызды жайт: анатомия, физиология сияқты іргелі клиникалық пәндерді оқу баршасына міндетті болып, типтік бағдарламаларда қатаң бекітіледі. Әр медициналық университет оны толық көлемде оқытуға міндетті болады.

Осы базалық деңгейді меңгерген шәкірттер міндетті, тәуелсіз емтихан тапсырады. Оған баратын алтыншы курс түлегі "дәрігер-интерн" ресми мәртебесін алады. Бұл мәртебе арқасында олар біріншіден, "Damumed" және басқа ақпараттық жүйелерге кіру құқығына ие болады.

Екіншіден, әрбір интерн босағадан сығалаған жетім баладай, ауруханада жалғыз қалмайды: заң талабы бойынша оның әрқайсысына дәрігер-тәлімгер бекітілуі шарт. Бұл "Доктор Хаус" сияқты медициналық сериалдарда көрініс тапқан шетелдік тәжірибе. Тәжірибелі тәлімгерінің бақылауымен интернге базалық медициналық манипуляциялар жасау құқығы беріледі. Еңбекақы төленеді. Олар да нақты дәрігерлер сияқты жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі қажет.

Жаңа модельдің басты өзгерістері

Бұрын: интернатура тек 6 айға созылатын. Енді: 1 жыл;
Бұрын: интернатураға барғандардың ешқандай мәртебесі мен құқықтары бекітілмеген. Енді: олардың "дәрігер-интерн" деген нақты мәртебесі және тиісті құқықтары болады. Жаңа заңда "интерн-дәрігер – интернатура шеңберінде білім алып жатқан және тәлімгердің жетекшілік етуімен клиникалық және санитариялық-эпидемиологиялық практикаға шектеулі рұқсат беріліп, кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан дәрігер" деп анықтама берілді. Мұндағы басты сөз – дәрігер;
Бұрын: интерндер медициналық ақпараттық жүйелермен жұмыс істей алмайтын. Енді: барлық жүйеге және олардағы 20,5 миллион қазақстандықтың дербес деректеріне толық қол жеткізеді, деректер базаларына еркін кіріп, қалаған ақпаратын көшіріп ала алады;
Бұрын: дәрігер болып табылмайтындықтан интерндер науқастармен жұмыс істей алмайтын. Енді: дәрігер ретінде ауруларды қарап, тәлімгерімен ақылдасу арқылы диагноз қойып, хаттама негізінде емдеу курсын анықтап, рецепт жаза алады. Осылайша, мемлекет аудандық, қалалық, облыстық ауруханалардағы дәрігерлердің өткір тапшылығын интерндер арқылы өтеуге барып отыр.
Бұрын: әзірге дипломы жоқ толыққанды маман болып есептелмейтіндіктен, интерндерге еңбекақы төленбейтін. Енді: оларға жалақы алуға мүмкіндік беріледі.

Тағы бір маңызды өзгеріс: заңнамадағы "қадағалауымен" деген сөз "жетекшілік етуімен" деген сөздермен ауыстырылды. Яғни, ауруханадағы дәрігерлер интерндерді "қадағалап", үстінен қарап, қалаған жұмысына жеге беретін. Дәрігер болуға бір табан жақындағанымен, кәсіби ортада толыққанды субъект ретінде мойындалмады. Енді интерндерге тек дәрігер-тәлімгері жетекшілік етеді, біршама тең дәрежеде бірге жұмыс істейді. Мәселен, ғалымдар тобы нақты бір ғалымның жетекшілігімен жұмыс істейтіні сияқты.

Интерн қателессе, кім жауап береді?

Осылайша, медициналық білім берудің қазақстандық жаңа модельді барлық білім алушылардың интернатурада міндетті түрде оқуын, тәлімгердің жетекшілігімен клиникалық практикадан өтуін қарастырады.

Алайда кез келген жаңа жүйенің заңдағы қисыны мен өмірдегі шындығы тығыз қабыса бермейді. Керемет идея көрінген талай бастама ақыр соңында қаптаған қиындық тудырып, елді тығырыққа тіреп жатады.

Сондықтан алда көптеген мәселе бой көтерері сөзсіз. Біріншіден, қандай медициналық ұйымдар – ауруханалар интерндерге клиникалық база қызметін атқара алады, оларға қандай талаптар қойылады?

Өйткені аймақтағы және моноқалалардағы шағын ауруханалар жас дәрігерлерді қабылдап, оларды қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге қабілетсіз болуы мүмкін. Заманауи технология жетіспейтін жерде интерн нақты тәжірибе жинай алмай, жай құжат толтырумен шектелуі де ғажап емес.

Екіншіден, барлық интерндерге тәлімгерлер жете ме? Сарапшылардың пікірінше, онсыз да негізгі жұмысынан қолы босамай, мұрнынан шаншылып жатқан дәрігер-тәлімгерлер жас маманды тәрбиелеп, баптауға жеткілікті уақыт бөле алмауы, оған ынталы болмауы ықтимал.

Үшіншіден, егер ауруханаға түскен адамдарға операция, басқа да медициналық манипуляциялар жасау барысында дәрігер-интерн қате жіберсе, жауапкершілік кімге жүктеледі: дипломы жоқ жас "ақ халаттыға" ма, әлде тәлімгеріне ме? Реформа осы және басқа сұрақтарға нақты жауап таба алғанда ғана шынайы нәтижеге қол жеткізе алады.

"Интерндерге арналған клиникалық базалар елде жеткілікті ме дегенге келсек, бұл заң ол мәселені реттейді. Қолданыстағы медициналық ұйымдар клиникалық базаларға сәйкес келеді және ешқандай аккредиттеуді талап етпейді. Резидентура жағдайында арнайы аккредиттеу, оның ішінде халықаралық аккредиттеу талап етіледі. Интерн жіберген қатеге кім жауапты дегенге келетін болсақ, жауапкершілік тәлімгердің мойнында болады. Сонымен қатар әрине, дәрігер-интерннің өзі де кәсіби жауапкершілік арқалайды", – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов.

Жаңа жүйенің сынағы алда

Ал, Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің байламынша, интернатура формалды-үстірт сипатта қалмай, жас дәрігерлерді даярлаудың дербес деңгейіне айналуға тиіс. Бұл үшін клиникалық базалар жабдықталады, кадрмен қамтамасыз етіледі және интерндердің жұмыс жағдайының нақты талаптарға сай болуына көңіл бөлінеді. Бұл талаптар аудандық, қалалық және облыстық ауруханаларға ғана емес, университеттік клиникаларға, медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарына (емханаларға) және симуляциялық орталықтарға да қатысты болады.

"Тәлімгер институтының енгізілуі айрықша мәнге ие. Заң деңгейінде алғаш рет клиникалық тәлімгердің мәртебесі бекітіледі. Оның міндеті – жас маманды кәсіби ортаға бейімдеу, клиникалық дағдыларын кезең-кезеңімен қалыптастыру. Бұл тәжірибелі дәрігерге қосымша ауыртпалық ретінде емес, жас маманның қолғабысы ретінде қарастырылмақ. Интерн тәжірибе жинақтай келе, тәлімгер дәрігеріне нақты клиникалық жұмыстарда көмек көрсете алады. Сонымен бірге тәлімгерлерді ынталандыратын тиісті тетіктер қарастырылады", – деді ДСМ өкілдері.

Жаңа интернатураның тағы бір маңызды бағыты – медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) пен ауылдағы денсаулық сақтау жүйесіне басымдық беру. Жас дәрігерлер ең алдымен кең таралған ауруларды анықтау, олардың алдын алу, диспансерлік бақылау және алғашқы буындағы клиникалық тәжірибені меңгеруге бейімделеді.

Ал, жоғары технологиялық, күрделі емдеу тәсілдері тар бейінді мамандықтарға арналған міндетті резидентурада тереңдетіледі. Демек, жаңа модель "бәрін білетін дәрігерлерді" емес, алдымен алғашқы буынға сенімді қызмет ете алатын, кейін қажет болса тар салада білігін шыңдайтын мамандарды даярлауды көздейді.

Қалай болғанда, бұл бетбұрысқа Қазақстан амалсыз барып отырғандай. Елдің денсаулық сақтау жүйесінде бүгінде дәрігерлердің тапшылығы 4 мың штаттық бірлікке жуықтады. Әсіресе, жалпы практика дәрігерлері жетіспейді. Салдарынан, медицина қалтасы тесік халыққа қолжетімсіз болып барады. Сондықтан жаңа жүйе тек университеттердегі оқу процесін өзгертуді емес, медицина кадрларын елдің нақты қажеттілігіне қарай даярлауды мақсат етеді.

Жаңа заңның шын бағасын өмір мен тәжірибе береді: университеттен шыққан жас маман диплом иесі ғана болып қала ма, әлде әп дегеннен адам өміріне жауап беретін білікті дәрігер ретінде қалыптаса ма? Бәрі түпкі жемістеріне, игі қорытындысына байланысты болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу