Сырский тұсында Украинаның қанша қаласынан айырылғаны анықталды

260

Александр Сырский Украина Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы лауазымын 2024 жылдың 8 ақпанынан 2026 жылдың 21 шілдесіне дейін атқарған еді.  

Сырский тұсында Украинаның қанша қаласынан айырылғаны анықталды Фото: lenta.ru

Ресейлік "Аргументы и факты" басылымының мәліметінше, осы аралықта РФ әскері 11,5 мың шаршы шақырымға жуық аумақты өз бақылауына алған-мыс. Дей тұрғанмен, ISW, Reuters және AP сияқты тәуелсіз дереккөздер бұл мәлімдемені үзілді-кесілді жоққа шығарады: батыстық мониторингтік ресурстардың дерегінше, бұл кезеңде РФ бақылауына өткен аумақ 1 500-ден 3 000 шаршы шақырымға дейінгі аралықты ғана құрады, деп жазды inbusiness.kz.

2024 жылдың ақпанынан бері Украинаның айырылып қалған қалалары:

  • Авдеевка (Донецк обл., соғысқа дейінгі халық саны – 31 мың, бүгінде тып-типыл болған қала жұртында 200 адамнан аз қалған): Америкалық Соғысты зерттеу институты (ISW) мәліметінше, қала 2024 жылдың ақпанында РФ бақылауына өтті. Critical Threats бағалауынша, Авдеевка – елдің Сырский тұсында жоғалтқан алғашқы ірілеу қаласы. Оны басып алу РФ-қа "оперативтік серпіліс бере қоймағанымен, Покровск бағытындағы шабуылды өрбітуге мүмкіндік туғызды".
  • Угледар (Донецк обл., соғысқа дейінгі халық саны – 14 мыңнан астам, қазір – 25-тен аса адам): Reuters ақпаратына сәйкес, УҚК бұл шаһардан 2024 жылдың қазанында шегінді. The Guardian жазғандай, украиналық әскер қоршауда қалып қоймау үшін шаһарды тастап шығуға мәжбүр болған. Бұл РФ күштерінің Кураховоға қарай және Донецк облысының теміржол бойымен ілгерілеуін жеңілдетті.
  • Селидово (Донецк обл., соғысқа дейінгі халық саны – 23 мың): ISW дерегінше, қала 2024 жылдың қазанында жау қолында қалып, Покровск бағытындағы қорғанысты одан әрі қиындата түсті.
  • Курахово (Донецк обл, соғысқа дейінгі халқы – 18 мың): айларға созылған ауыр қысымнан соң 2024 жылдың желтоқсанында берілді.
  • Великая Новоселка (Донецк обл., соғысқа дейінгі халқы – 5,6 мың): 2025 жылғы қаңтар соңында УҚК тығырыққа тіреліп, қоршауда қалмас үшін қаладан ұйымшылдықпен шегінді. Бұл РФ үшін 2025 жылдағы алғашқы елеулі табыс болды.
  • Торецк (Донецк обл., соғысқа дейінгі халқы – 86 мың, бүгінде – 126 адам): 2025 жылдың ақпанында РФ Қорғаныс министрлігі қаланы толық басып алғанын мәлімдеді.
  • Покровск (соғысқа дейінгі халық саны – 81,5 мың, қазір – 10 мыңнан аз) және Мирноград (соғысқа дейінгі жұртшылығы – 56 мыңнан аса, енді – 1,5 мың): 2026 жылғы ақпанда Покровск ішінде украиналық әскер қалмаған. Биылғы мамырда DeepState жобасының негізін қалаушылардың бірі Роман Погорелый қос қаланың да толық оккупацияланғанын жариялады.

Қазіргі кезде ақпарат құралдары Часов Яр, Константиновка және басқа қалалар үшін шиеленісті шайқас жүріп жатқанын хабарлауда. ISW сарапшылары РФ армиясының бұл табыстарын оперативтік бетбұрыс деп санамайды: шабуылдар РФ үшін тым қымбатқа түсуде.

Батыс сарапшылары осы орайда "қызықты" салыстыру келтірді: ұлудың орташа жылдамдығы сағатына 0,005–0,05 шақырымды құрайды (11–12 күнде 1 шақырым). Егер РФ армиясы 2022 жылдың 24 ақпанынан бастап (1 600 күннен астам уақыт ішінде) ең құрығанда ұлудың жылдамдығымен жылжи алғанда, Донецк, Луганск, Харьков, Сумы және Чернигов облыстарын толық басып алып, Полтава облысының шекарасына тіреліп тұрған болар еді. Алайда олай болған жоқ.

Сарапшылардың пікірі бір арнада тоғысады: Украинаның аумақтық жоғалтуларына қарамастан, Ресей тактикалық табыстарын терең оперативтік серпіліске айналдыра алмады. Керісінше, ISW мен Reuters ресейлік шабуылдың бүгінде бәсеңдегенін және украиналық армияның кейбір аумақтарды кері қайтара алғанын, ары қарай шағын контршабуылдар жасап жатқанын тіркеуде.

DeepState мәліметінше, 2026 жылғы 13–19 шілде аралығында Донецк облысындағы оккупацияланған аумақ тәулігіне орта есеппен 3,8 шаршы шақырымға азайып отырған. Алдыңғы аптада жау 33,28 шаршы шақырымға ілгері жылжыса, өткен аптада керісінше, 26,04 шаршы шақырымға кері шегініпті.

Бұған қоса, Reuters басылымының жазуынша, 2026 жылдың басынан бері Украина қарсы шабуыл арқасында 700 шаршы шақырымнан астам жерін кері оралта алды. Украина Купянск, Запорожье және басқа да бағыттарда сәтті контршабуылдар жүргізді. Тіпті мамыр айында жоғалтқан аумағынан азат еткен жерінің көлемі асып түсті.

Бұрынғы бас қолбасшы Сырский қызметінен кетерде мынадай жетістікке жеткенін мәлімдеді:

  • 2026 жылы Украина 700 шаршы шақырымға жуық аумақты қайтарды;
  • Ресей әскерінің шабуылын тоқтатты;
  • Украиналық армияның қорғаныстық қабілеті сақталды;

"Киев қаһарманы" ма, әлде "Қанды қасапшы" ма: генерал Сырскийдің қос қыры

"Сырский Украинаны аман алып қалды", – деп мәлімдеді бұрынғы Қорғаныс министрі Михаил Федоров отставкаға кеткеннен кейінгі қорытынды баспасөз мәслихатында.

Осы арқылы ол генерал Александр Сырскийдің шешуші рөл атқарған негізгі әскери операцияларды меңзеді. Әскери аналитиктер мен халықаралық сарапшылар, соның ішінде RUSI, Institute for the Study of War және The Washington Post, 2022 жылғы екі бетбұрысты эпизодты және одан кейінгі бірқатар ұрысты ерекше атап өтеді.

Біріншісі – 2022 жылдың көктеміндегі Киев қорғанысы. Кең ауқымды шапқыншылықтың алғашқы апталарында, билік абдырап қалғанда, Сырский батыл қимылдап, астананың қорғанысына басшылық етті. Сол ерлігі үшін сол кездегі Украинаның Құрлық әскерлерінің қолбасшысы Сырскийге "Украина Батыры" атағы берілді. Оның әдісі:

  • Қосарланған қорғаныс шеңбері: ол Киев төңірегінде барлық қолжетімді күштерді – тұрақты бригадаларды, аумақтық қорғаныс бөлімшелері мен артиллерияны біріктіріп, қос қорғаныс шебін құрды.
  • Инженерлік шешімдер мен гидрология: маңызды көпірлер мен Ирпень өзеніндегі бөгендерді жарып жіберді. Киевке кіреберіс аумақтарды тасқын су басып, батпаққа айналды да, ресейлік бронды техниканың колонналары тар тасжолдарда бұғатталды. Бұл оларды артиллерия мен мобилді танкке қарсы топтар үшін оңай нысана етті.
  • Артиллерияны децентрализациялау: есептоптар партизандық тәсілмен жаудың логистикасына дәл соққы беру үшін жан-жаққа шашыратылды.Сарапшылардың көбі дәл осы Киев түбіндегі ресейлік блицкригтің тас-талқан етілуі соғыстың алғашқы күндерінде Украина мемлекеттілігінің жедел күйреуіне жол бермеді деген тұжырымға келді.Екінші шешуші эпизод – 2022 жылдың күзіндегі Харьков контршабуылы. Қыркүйекте Сырский Украина Қарулы күштерінің Харьков облысындағы сәтті әрі сұрапыл операциясына басшылық етті, сарапшылар оны оперативтік өнердің классикасы деп атады:
  • Алаңдату маневрі: РФ-тың басты күштері мен назары оңтүстікке, Херсон аймағына ауғанда Сырский шығыстан шапшаң соққы жасады.
  • Тосын серпіліс: Украина армиясы қарсыластың әлсіреген тобының бүйірінен соққы беріп, санаулы күндердің ішінде Балаклея, Изюм, Купянскті және Харьков облысының едәуір бөлігін азат етті.Стратегиялық мультипликативті эффект: бұл операция Донбасты теріскейден қоршап алу қаупін сейілтіп қана қоймай, Украинаға стратегиялық бастаманы өз қолына алуға, нәтижесінде, 2022 жылдың күзінде соғыс барысын күрт бұруға мүмкіндік берді.

Үшінші маңызды оқиға – 2024 жылдың жазындағы Курск операциясы. УҚК Бас қолбасшысы лауазымында Сырский украиналық күштердің ресейлік Курск облысына кенеттен басып кіруін жүзеге асырды. Сарапшылар арасында бұл операция әртүрлі баға алғанымен, оның әсерін бәрі мойындайды.

Біріншіден, Ресейдің украиналық Сумы және Харьков облыстарына жоспарлаған шабуылының тас-талқанын шығарды. Екіншіден, естен тана жаздаған қарсыласын елеулі күштерін майданның басқа учаскелерінен Курск облысына бағыттауға мәжбүр етті.

Алайда, сарапшылар Сырскийді "беделі кіршіксіз құтқарушы" етіп көрсетуден аулақ. Олар бас қолбасшының кеңестік мектепке тән қатал стилін сынады: ауыр шығындарға әкеп соқтырған "қажыту соғысына" бейімділігі, икемділікке кесірін тигізген микроменеджментке құмарлығы және адамдарды аман сақтау орнына, қандай да бір бекіністі кез келген жолмен ұстап тұруға ұмтылысы бетіне басылды.

Сарапшы Фрэнсис Фаррелл The Kyiv Independent басылымына жазған сараптамасында Қорғаныс министрі Михаил Федоровтың отставкасы Сырскийге қарсы теңдессіз сын толқынына түрткі болғанын нұсқады. Президент Владимир Зеленский Федоровты Бас қолбасшымен арадағы жеке және кәсіби қақтығысына байланысты қызметтен босатқан. Осыдан кейін Киев пен басқа қалаларда халық: "Федоров = ресейліктердің көбірек шығыны, Сырский = украиналықтардың көбірек шығыны" деген плакаттар көтеріп, наразылыққа шықты.

Зеленский бұл қос басшыны тізе қоса, бірге жұмыс істеуге мәжбүрлей алмағанын, сондықтан ол екеуінің бірін таңдауға мәжбүр болғанын мойындап, әкери басшылықтағы ішкі алауыздықты іс жүзінде растады.

Александр Сырский – Ресейде туған. Мәскеу жоғары жалпыәскери командалық училищесінің түлегі. Қызметін кеңес армиясында бастаған артиллерист. 1980 жылдардан бастап ол Украинада тұрып, жұмыс істейді. 2022 жылы ол елдің жоғары генералитетінің құрамына кірген еді. Алайда Бахмут үшін ұзаққа созылған ұрыстар кезінде оның шешімдері елде үлкен сын тудырды. Қарсыласты қорқынышты шығынға ұшыратқанымен, әсіресе, 2023 жылдың көктемінде қала жартылай қоршауда қалғаннан кейін, украиналық жауынгерлер қатты шығынға ұшырады.

The Kyiv Independent авторының пікірінше, 2024–2025 жылдары Сырский ең аз шығынмен дұшпанға барынша ауыр соққы беруді қарастыратын "қажыту соғысына" УҚК-ны бейімдей алмады. Оның орнына, басылым атап көрсеткендей, украиналық бөлімшелер бекіністерді кез келген бағамен ұстап тұру немесе кері қайтарып алу туралы бұйрықтарды үнемі алып отырған. Салдарынан стратегиялық маңызды қорғаныс шептерін ұстап тұруға жеке құрам жетпей қалды.

Созылмалы қажыту соғысы, The Kyiv Independent жазуынша, мобилизацияға қатысты қоғамдық наразылықты ушықтырды. Сырский бастаған қолбасшылық соғысқа жаңа алынған жігіттерді тиімді пайдалана алмады: оларды майдан даласында құрыштай шыңдалған бригадаларға қосып, тәжірибе мен соғыс тәсілін меңгеруге мүмкіндік беру орнына жаңа келгендерден жаппай жаңа бөлімшелер құрды.

Ондай бөлімшелер тісқаққан жаумен алғашқы кездескенде бәрін тастай тұра қашқан кездер болды. Соның кесірінен, ұрыста әбден ысылған бригадалар жағдайды түзеу үшін үнемі майданның бір шебінен екінші шебіне лақтырылып, ығыр болған, шаршаған.

21 шілде күні кешкісін Владимир Зеленский Украина Қарулы күштерінің жаңа Бас қолбасшысы болып Михаил Драпатыйдың тағайындалатынын хабарлады. 43 жастағы генерал-майорға өте ауыр міндет пен мирас қалып тұрғандай.

Bloomberg хабарлауынша, Кремль АҚШ-тың "Анкоридж рухынан" бас тартуына байланысты өзінің талаптарын қатайтып, ушықтыру-эскалацияға, мобилизацияның жаңа толқынына дайындалуда.

Bloomberg агенттігі Ресейдегі үш анонимді дереккөзіне сілтеме жасап, Владимир Путиннің мақсаты тек Донбасты толық басып алу ғана емес, сонымен бірге Сумы және Харьков облыстарының оккупацияланған аумақтарын "буферлік аймақ" ретінде ұстап тұру екенін нықтады. Мәскеу келіссөздерге Донецк облысын толық жаулап алғаннан кейін ғана оралуға дайын.

Ол үшін алда осы облыстағы Краматорск, Славянск, Дружковка, Лиман, Николаевка және Святогорск сияқты мықты бекініс-қалаларын шабуылдауға және басып алуға ниетті.

Агенттіктің сұхбаттастарының бірі "РФ Қорғаныс министрлігі Путинді бұл мақсатқа жыл аяғына дейін қол жеткізуге болатынына" сендіргенін айтады. Әйтсе де, әскери ведомстводағы екінші бір дереккөз мұндай сценарийді шындыққа жанаспайды деп санайды және ресейлік армия Донецк облысын толық жаулауға биыл қол жеткізе алмайды деп есептейді. Қас дұшпанының осы мақсатын орындалмас арманға айналдыру дәл осы Драпатыйдың мойнына жүктелмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу