Сыртқы ахуалдар ұлттық валютаға оң әсер етеді

3245

Доллар мен рубльдің базалық мөлшерлемесі төмендейді деген болжам бар.

Сыртқы ахуалдар ұлттық валютаға оң әсер етеді

"Ағымдағы жылғы наурызда Қазақстан Ұлттық Банкі Үкіметпен макроэкономикалық саясаттың 2019 жылға арналған шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қойды. Макроэкономикалық тұрақтылық халықтың әл-ауқатын жақсарту, экономиканың өсуі және шетелдік инвестицияларды тарту үшін маңызды", – деді Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.

Ол Ұлттық банктің бағалауынша, сыртқы және ішкі даму факторларының балансы өзгергенін, олар орта мерзімді перспективада макроэкономикалық жағдайларды айқындайтынын атап өтті. Әлемдік экономиканың және Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің болжамы төмендеді, бұл біздің экспортқа сыртқы сұраныстың төмендеуіне әсер етеді. Нарықтар АҚШ пен Қытай арасындағы аяқталмаған сауда келіссөздерін тежеп отыр. Мұнайдың орташа жылдық бағасы бір баррель үшін 66 долларға дейін түсті және бағаның төмендеу үрдісі сақталды.

"Сыртқы монетарлық жағдайлар жеңілдеуде. Оны АҚШ ФРЖ-ның ставкалардың алдағы төмендеуі туралы мәлімдемесі, ЕОБ-тың экономиканы ынталандыру шаралары және Ресей Орталық Банкінің негізгі ставканы 7,75%-дан 7,50%-ға дейін төмендетуін растап отыр", – деп атап өтті Е. Досаев.

Осыған орай орта мерзімді перспективада экономиканың сыртқы күйзеліске әлсіздігін төмендету үшін Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп ақша-кредит және фискалдық саясатты үйлестіруді арттырудың 2019 жылғы екінші жартыжылдықтағы және 2020 жылғы тәсілдерін айқындады.

"Ақша-кредит саясаты саласында инфляцияны 4-6% нысаналы дәлізде сақтау үшін шаралар қабылданады. Басты міндет едәуір артқан бюджеттік әлеуметтік шығыстардың инфляцияға әсерін тежеу, сонымен бірге азық-түлік нарығындағы бағаларды бақылау болып табылады. Екінші жартыжылдықта инфляциялық қысым күшейсе, базалық ставканы көтеру арқылы ақша-кредит саясаты қатаңдатылуы мүмкін", – деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы.

Ноттар бойынша ставкаларды өсіре отырып, шығарылатын ноттарды 1-3 айдан 6-12 айға дейін ұзарту есебінен ақша нарығында артық өтімділікті алу қамтамасыз етіледі. 16 шілдеден бастап банктер үшін ең төмен резервтік талаптар механизміне өзгерістер енгізіледі.

"Үкіметпен бірлесіп кірістіліктің тәуекелсіз қисығын құру үшін МБҚ нарығын дамыту шаралары қабылданады. Осы жылғы тамыздан бастап Қаржы министрлігі 2-5 жыл мерзіммен мемлекеттік бағалы қағаздарды шығара бастайды. Бұл Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарын дамушы елдердің халықаралық ауқымды индекстеріне қосуға және шетелдік капиталды тартуға мүмкіндік береді. Валюта нарығында сұраныс пен ұсыныстың теңгерімділігін жақсарту үшін Үкімет квазимемлекеттік сектор компанияларының айырбастау операцияларының келісілуін қамтамасыз етеді",  – деп хабарлады Ерболат Досаев.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, шетелдік қатысушылар үшін теңгемен есепайырысуды кеңейту үшін KASE Қазақстан қор биржасында 2019 жылғы 1 шілдеден бастап өтпелі валюталық сессия енгізілді.

Сонымен бірге валюталық заңнама шеңберінде шетел валютасын сатып алудың ірі операцияларын мониторингтеу және оны нысаналы пайдалану қамтамасыз етіледі.

"Фискалдық саясат саласында Үкіметпен бірлесіп 2019-2020 жылдары фискалдық саясаттың контрцикльдығын арттыру мәселесі қаралады, ол жаңа бюджеттік қағидаларды енгізу және Ұлттық қор қаражатын пайдалану қағидаларын қатаңдату арқылы іске асады. Банк жүйесінде банктер активтерінің сапасын кешенді тәуелсіз бағалау жүргізіледі. Тексеруге банк жүйесінің барлық активінің шамамен 87%-ын құрайтын 14 банк енгізілді. Ағымдағы жылғы шілденің соңына дейін халықаралық консультант - Oliver Wyman компаниясымен бірге Еуропа Орталық банкінің әдіснамасын бейімдеу жұмысы аяқталады", – деді Е. Досаев.

Ол 2019 жылғы қаңтардан бастап Ұлттық банк тәуекелге бағдарланған қадағалауға көшкенін және төлем жасауға қабілетсіз банктерді реттеу шараларының толық тізбесін енгізгенін еске салды.

"Бұл жүйелі тәуекелдерді төмендетіп, сыртқы инвесторлардың Қазақстанның банк жүйесіне деген сенімін арттырады. Банк жүйесін қалыпқа келтіру және банктерде андеррайтингтің сапасын арттыру экономиканы кредиттеудің одан әрі өсуіне ықпал ететін болады", – деді Ұлттық банк басшысы.

Үкіметпен бірлесіп нақты сектор кәсіпорындарын қалыпқа келтіру және мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жұмыс істеуге қабілетсіз кәсіпорындарды қолдауды шектеу мәселесі пысықталатындығын, сондай-ақ мобильді төлемдердің жаңа жүйесін дамыту және клиенттерді қашықтықтан сәйкестендіру бойынша, цифрлық қаржы қызметтерін дамыту үшін қағазсыз қызмет көрсетуге көшу бойынша жұмыс жалғасатындығын айтты.

"Сонымен бірге экономиканы қорландырудың балама көздерін қалыптастыру үшін қор нарығын, сақтандыру нарығын және басқа да қаржы құралдарын дамытуға бағытталған Үкіметпен бірлескен жұмыс жалғастырылады. Бұған ауқымды IPO-ны өткізу, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін жеке басқаруға беру және сақтандыру өнімдерін дамыту шаралары жағдай жасайды. Аталған тәсілдерді іске асыру инфляцияны нысаналы дәлізде сақтау және халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша міндеттерге қол жеткізуге мүмкіндік береді", – деп қорытындылады Ұлттық Банк басшысы.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу