Сыртқы нарықтарда сауда жасаудың тағы бір тәсілі ұсынылды

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
13242

Ауыл шаруашылық министрлігі сараптама орталығының келешегіне зор үміт артып отыр.

Сыртқы нарықтарда сауда жасаудың тағы бір тәсілі ұсынылды Фото: palata.kz

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы негізінде құрылады деп жоспарланған сараптама орталығы жаңа экспорттық нарықтар бойынша мәліметтер жинап, сараптама жасайтын болады. Сөйтіп ауыл шаруашылық өндірушілеріне сыртқы нарыққа шығуға көмектеспек. Бұл бағыттағы жұмыс туралы ауыл шаруашылық министрлігінің өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаментінің директоры Ажар Қажыбекова мәлім етті.

"Олар жағдай жасаумен айналысады. Яғни нарықтарға сараптама жасап, қайда қандай өнім жіберуге болатынын, ондағы нормативтер қандай, нендей құжат керек екенін анықтайды. Қазіргі уақытта сарапшылар кез келген өнімді экспорттау үшін нарықты өздері зерттеп, сараптайды. Біз көптеген елдің талабын біле бермейміз. Сондықтан аталған нарықтарға шығу үшін мұнымен біреу бір орталықта айналысуға тиіс. Сараптама орталығының негізгі міндеті де осы болады", – деді ол "Атамекен" Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы өткізген ұн тарту өнеркәсібін дамыту мәселесіне қатысты дөңгелек үстел барысында.

Сараптама орталығын құрудың келешегі жайын талқылауда Қазақстан астық өңдеу және наубайшылар одағының президенті Евгений Ган орталық құрумен "барлық мәселе шешілмейтінін" айтып өтті.

"Оған қоса оның тиімділігі де шамалы болады деп ойлаймын. Өйткені бүгінгі күні сарапшылардың барлығы бірдей өкілеттілігін қайдағы бір сараптама орталығына бере салуға дайын емес. Бұл біздің бәсекелестік ортамызды бірден төмендетіп жібереді", – деді ол.

Алайда ауыл шаруашылығы министрлігі өкілі мұндай болжаммен мүлдем келіспейді. Ол сарапшылар өз міндетін сараптама орталығына бермейтінін, оның міндеті тек өнімдер партиясын сыртқы нарыққа сату ғана болатынын айтып ақталды. Орталық бірнеше өндірушінің нақты бір өнім түрінің ірі экспорттық партиясын жинақтайтын болады, "өйткені шағын партиямен жіберу тиімсіз".

"Астықпен қатар, майлы дақылдарды тек шикізат түрінде ғана емес, өңделген күйінде экспорттау ойда бар. Сондай-ақ азық-түлік корпорациясы тек өсімдік шаруашылығы өнімдерімен айналыспай, мал шаруашылығы өнімдерімен шұғылдану үшін қазір "ҚазАгроның" еншілес ұйымдарын біріктіру жайын да қарастырып жатырмыз", – деді Ажар Қажыбекова.

Оның айтуынша, ауыл шарушалығы министрлігі қазіргі таңда сараптама орталығының тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Оның қашан әзірленетіні, орталықты құру жайында мекеме тіс жарған жоқ.

Еске сала кетейік, "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ұлттық компаниясы "ҚазАгро" холдингінің басқа да еншілес ұйымдарымен бірге кешенді жекешелендіру жоспарына енген болатын. Алайда ауыл шаруашылығы министрлігі бұл шешімін өзгертіп, компанияны өз қарамағында қалдыруды шешкен. 2021 жылға дейін АӨК-ті дамыту жаңа бағдарламасына сәйкес азық-түлік корпорациясы базасында ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға қатысты арнайы сараптама орталығын құруға шешім қабылданған болатын.

Ирина Севостьянова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу