Сыздықтаған сумен бірге елдің жүйкесі кәрізге "ағып" кетуде

1663

Мегаполистердің тұрғындары құбырдағы қысымға кіжінулі.  

  Сыздықтаған сумен бірге елдің жүйкесі кәрізге "ағып" кетуде

Өңірлерде құбырмен ауыз су бармаған ауыл көп. Тек ірі қалалардың жұртшылығы пәтерге келіп тұрған суды ылан-ойран төгіп, рахатқа батуда...

Бірақ бұл байлам дұрыс емес. Қазақстанның республикалық маңызы бар қалаларының өзінде суға жарымай отырған тұрғын жетерлік.

Олар әлеуметтік желілер және шенеуніктерге арыз жолдау арқылы осыған жаппай шағымдануда. Нұр-Сұлтан тұрғыны Динара Б. таяуда дос қызы Есілдің сол жағалауындағы Бұқар жырау көшесінде орналасқан "Арнау" тұрғын үй кешенінен пәтер жалдап, қоныстанғанын әңгімеледі.

"Содан қонаққа шақырды. Ішіндегісінің бәрі көз тартардай көркем тұрғын үй екен. Бірақ сүйсінген көңілді бір нәрсе бұзды. Кешке қарай су беру тоқтайды екен. Бар болғанның өзінде, сыздықтап қана ағады. Біз балалық шағымызда құбырдағы қысымды қарапайым банкімен өлшеп, ойнайтынбыз. Жаңылмасам, қысым қалыпты болса, 3 литрлік банкі бірер секунд ішінде мелдектей толуы керек. Ал мында қысым өте баяу, банкі толғанша, жүйке жұқарып, зерігіп кеттік", – деп, ол Фейсбукте астанадағы ахуалдан хабар берді.    

"Досым Анардың айтуынша, құбырдағы қысым күнде кеш түскен сайын құлдырайды. Әсіресе, демалыс күндері тіптен нашар. Тұрғындар бұл мәселе бойынша ПИК-ке үнемі шағымданып жүр екен. Ондағылар барлық аспап, сорғылардың дұрыс жұмыс істеп тұрғанын алға тартады. ПИК "АстанаСуАрнасына" үнемі өтінішпен жүгінеді. Олардан үйреншікті жалтарма жауап келеді: "біз жұмыс режиміндегі қысымды ұсынамын". Содан аспаптар тұрған жертөлеге бас сұқтық. Монометрдің қызыл тілі қысымның шынында төмендігін паш етіп тұр", – дейді елорда тұрғыны.

Әрине, базбіреулер "ең бастысы – су бар ғой, оның ағуын күтсе, ештеңесі кетпейді" деуі мүмкін.

Бірақ қазіргі ұшқыр заманда бүкіл әлемде еңбек өнімділігі мемлекеттің даму қарқынын айқындайтыны мәлім. Егер халық пен бизнес қыруар уақытын құтыны сумен толтыруға құртса, басқа шаруасын сонша уақытқа ығыстыруына тура келеді.

Елорда тұрғыны Катерина Рубцова өз тәжірибесіне сүйеніп, мұндай жағдайда ұжымдық хат жазуға кеңес берді.

"Петрова көшесінде тұрамыз. Бізде 6 жыл бұрын солай болған. "ІКөмекке" шағымданумен болдым, мұнымды ПИК төрағасы жақтырмады. Алайда бұл жағдай жалғыз маған ғана емес, басқаларға да ұнамайтын болып шықты. Сондықтан ұжымдық шағым жолдауға кеңес беремін. Онымен күйеуім айналысты. Сусыз өмір сүру сапасы қатты төмендейді. Тікелей әкімдікке хат жаздық. Сол кездегі әкімдік жедел үн қатты. Мамандарды жіберді, барлығын реттеп берді. Қала бізге өте әлсіз қысым беріп келген көрінеді. Қазір бірнеше жылдан бері бәрі жақсы. Бәлкім, жолымыз болған шығар. Сол тұста әкіміміз Әсет Исекешев болатын. Қазір жаза-жаза заржақ боласың", – дейді ол. 

Жалғыз Нұр-Сұлтан емес, Алматы қаласында да ұқсас жағдай кездеседі.

"Наурызбай ауданындағы Шұғыла ықшам ауданынан үй алдық. Үйге кіргенімізге 1 айдан асты. Қазіргі уақытта үйде ыстық су мүлдем жоқ. Алматы қаласы бойынша жылу жүйесіне хабарлассақ, ондағылар ПИК-теріңізге хабарласыңыздар дейді. ПИК болса, Алматы жылу-электр орталығы рұқсат берсе ғана ыстық суды қосамыз деп сырғытады. Осылай бір-біріне сілтеп отыр. Ешкім тұрғындардың сөзін тыңдағысы келмейді. Алматы қаласының ортасында отырып, ыстық суға мұқтажбыз", – дейді алматылық Гүлжазира А.

Пікір білдірген кейбір мамандар мегаполистерде су құбырындағы қысымның төмен болуының бірнеше себебін атады. Біріншіден, құбырлардың өзін тазарту қажет: олар лас, шөп-шаламға толып қалуы мүмкін.

Екіншіден, ірі қалаларда құрылыс қарқыны жоғары болғандықтан, құбырға көп нысан – заңғар тұрғын үй кешендері, алып сауда ойын-сауық орталықтары, ірі бизнес орталықтары қаптап қосылады. Салдарынан, қысым күрт төмендейді немесе мүлдем жоғалады. Ендеше сорғы станцияларының қуатын арттыру маңызды.

Үшіншіден, дамуына қыруар қаржы құйылып жатқанымен, мегаполистердің өзінде құбырлардың үлкен бөлігі ескірген. Сол себепті егер қатты қысым берілсе, олардың көбінің парша-паршасы шығып, қалалардың бірден бірнеше бөлігінде субұрқағы атқылап, Қазақстанда "венециялар" пайда болуы ғажап емес. Сондықтан қысым төмендетілуі ықтимал.

Инфрақұрылым проблемасы билік басты назарда ұстап отырған республикалық маңызды қалалар үшін де өзекті болып қалуда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу