Өткен жылы тағы 4000 нысан жабылған еді, деп жазды inbusiness.kz сайты.
Түркияда саудаға қойылған туристік нысандардың саны өткен жылмен салыстырғанда бірден 129%-ға артып шыға келді. Бұл туралы оппозициялық "Түркия республикалық халық партиясының" Парламенттегі депутаты Седа Кая Үсен (Seda Kaya Ösen) мәлімдеді, деп хабарлады Turizm Ajansi басылымы.
Депутаттың байламынша, бұл жағдай – инфляциялық қысымның, қолайсыз валюта саясатының, өсіп бара жатқан шығындардың және салық ауыртпалығының тікелей салдары. Түркия статистика институтының (TÜİK) дерегі бұл теңгерімсіздікті куәландырады: қонақүй иелерінің жылдық операциялық шығындары 61,5%-дан астамға шырқады, ал, шетелдік валюта бағамы небәрі 19%-ға өсті. Қонақүйлер табысының негізгі бөлігін еурода табатыны мәлім. Депутаттың сөзіне қарағанда, бұл алшақтық бизнестің кірістілігін іс жүзінде жойды.
Сонымен қатар, Седа Кая Үсен туристер ағынының өскені туралы ресми есептерге қарамастан, қонақүйлердің нақты толу деңгейі төмендеп жатқанына назар аудартты: 2024 жылғы 51,9%-дан 2025 жылы 49,5%-ға дейін түскен. Көптеген қонақүй иелеріне пандемиядан бері қордаланған қарыздарын, қызметкерлер алдындағы берешегін, электр энергиясы мен салықтар шығынын өтеу, сондай-ақ Әлеуметтік сақтандыру қоры (SGK) мен салық қызметінің мүлікті тәркілеу қаупінен құтылу үшін "мәжбүрлі сатылымға" келісуге тура келеді екен.
Жағдайды аймақтық қақтығыстар да ушықтырып тұр: АҚШ пен Израилдің Иранға шабуылынан кейін дамыған елдердің көптеген тұрғыны тек Таяу Шығыста ғана емес, оған іргелес Түркияда да демалудан аттонын ала қашып, брондаудан бас тартқан.
Жығылғанға жұдырық дегендей, ішкі туристердің мінез-құлқының өзгеруі де қосымша соққы болуда. Өз еліндегі қымбатшылыққа байланысты Түркия азаматтары отандық курорттардың орнына арзанырақ түсетін іргедегі Грекия аралдарын жиі таңдайтын болған.
Әрине, түріктің ақпарат құралдарында "220 жаңа қонақүй ашылғалы жатыр!" деп сүйіншілеген оптимистік тақырыптар да пайда болды. Алайда бұл жерде сөз тек 2026–2028 жылдары 220 жаңа 4 және 5 жұлдызды қонақүйлердің құрылысына 109,3 миллиард түрік лирасын инвестициялау жоспарлары туралы ғана болып отырғанын аңғаруға болады. Жоспар деген қолға ұстайтын зат емес, бүгін бар, ертең жоқ болуы мүмкін, деп пессимизм танытады Profi.Travel.
Іс жүзінде 2026 жыл ішінде 48 396 орындық 164 жаңа қонақүйді ғана пайдалануға беру көзделген. "Салынып" және "сатылып" жатқан нысандардың арасындағы алшақтық зор: соңғылары 9 еседей көп.
Өз кезегінде, HMT Otel Yatırım ve Yönetim Danışmanlığı директорлар кеңесінің басшысы Хамит Топалоғлы Түркияның туристік секторында парадоксты байқапты: бір жағынан, қонақүйлер жаппай жабылып, сатылып немесе жалға қойылып жатса, екінші жағынан, жаңа жобалар жарияланып, брендтік келісімдер жасалып, жаңа қонақүйлердің құрылысына мемлекеттік субсидиялар толассыз бөлінуде.
Түріктің туризмі тұралап қалды дейтіндей емес: бұл саладан түскен табысы 2025 жылы 65,2 миллиард долларға жетті, ал, 2026 жылға қойылған меже одан да өршіл: 68 миллиард доллар.
Түркияда қонақүйлер неліктен жаппай сатылып жатыр?
Сарапшы Хамит Топалоғлы нысандардың жаппай жабылуының, сатылуының және жалға ұсынылуының бірнеше себебін көрсетті.
№1 себеп: Түсім өсті, бірақ таза пайда төмендеген
Кез келген дүкен мейлінше көп тауарды арзандауға сатып, ақшаны тезірек айналтса, қомақты таза табысқа кенелуі мүмкін. Бұл қағида туризмге жарамайды: бір бөлмеге мейлінше көп қонақты жатқыза алмайсың. Қонақүй бизнесіндегі ең маңызды көрсеткіш ақша айналымы (ciro) емес, жалпы операциялық пайда (GOP) және EBITDA.
Содан қандай да бір қонақүйдің бөлмелері күн сайын қонақтан арылмай, толуы тамаша болуы мүмкін. Алайда содан түскен түсім ретсіз жұмсалса, сондай-ақ қызметкерлерге, электр энергиясына, тамақ пен сусындарға (F&B), қызмет көрсетуге, франшизаға, маркетингке және қарыздарға жұмсалатын шығындар ұтымды бақыланбаса, инвестор күткен табысына қол жеткізе алмайды.
Инфляциясы 50 пайызға дейін барып, ұшынып тұратын Түркияда отельерлер екі оттың ортасында қалды. Егер ол бағаны көтерсе, "қымбат қонақүй" имиджі қалыптасады, клиенті теріс айналып, сұранысын жоғалту қаупі төнеді. Егер бағаны бұрынғы қалпында қалдырса, қонақтарын сақтап қалады, бірақ рентабеліліктен (табыстылықтан) ұтылады. Бұл тығырық әсіресе, тәуелсіз қонақүйлерге, ескі нысандарға, кірісті басқаруы нашар компанияларға және қарыз жүктемесі жоғары жобаларға қатты соққы болып тиюде.
№2 себеп: Ауқымды реновацияның қажеттілігі
Түркиядағы қонақүйлердің көпшілігі 1990–2010 жылдардағы стандарттар бойынша салынған ескі нысандар. Алайда қазіргі саяхатшылар жайлылықтың мүлдем басқа деңгейін талап етеді: бөлмелердің дизайнын, төсек-орын мен жуынатын бөлмелердің сапасын, технологияларды, тағам стандарттарын, қоғамдық аймақтардың тұжырымдамасын, SPA, балалар аймақтарын, цифрландыруды және қызмет көрсету жылдамдығын солардың артқан талабына сай келтіру үшін мол инвестиция құю қажет.
Ескірген қорды жаңарту да орасан зор капиталды талап етеді, бұл қаражат меншік иелерінің бәрінде бірдей бола бермейді: бұл жағдай олардың нарықтан кетуін тездетеді.
№3 себеп: ТЭН-дегі тарихи қателіктер
Бүгінде сатуға қойылған қонақүйлердің бір бөлігі – кезінде жобалау сатысында-ақ қателіктер жіберілген нысандар. Ғимаратының ішінде қонақ түсетін бөлмелер саны тым аз, ал, дәмхана-мейрамханаларына шамадан тыс үлкен алаңдар бөлінген. Ешқандай мерекелік шаралар өткізілмесе де, конференц-залдары тойханаға бергісіз алып әрі тиімсіз. Қонақүй географиялық тұрғыдан ұтымсыз жерде орналасқан. Жұлдыздылығы дұрыс таңдалмаған. Әу баста жіберілген осы және басқа ағаттықтар ашылғаннан созылмалы проблемаға айналады.
Техникалық-экономикалық негіздемедегі қателіктер ("fizibilite hataları") құрылыс аяқталғаннан кейін ешқайда жоғалып кетпейді: керісінше пайдалану кезінде ай сайын артық шығындар тудырып, бизнесті өткен күн қателіктерінің "құрбанына" айналдырады.
№4 себеп: Алпауыттардың қатаң қысымы
Түркиядағы қонақүйлер бизнесінің өрісін жаһандық және жергілікті отелдердің желілік брендтері басыбайлы жайлап жатыр. "Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі" дегендей, бұл екі ірі күш өзара қақтығысқан кезде, олардың ортасында тірегі жоқ, соқа басы ғана бар, жападан жалғыз тәуелсіз қонақүйлер күйреп қалып, орнын босатады.
Өйткені нарық алыптары жүйелі дистрибуция, кең ауқымды маркетинг пен жарнама, адалдық-лоялдылық бағдарламалары аясында клиенттеріне сыйлықтар мен бонустар, кең тармақты сату арналары, кірісті басқарудың қатаң тәртібі (revenue management) және қалталы клиенттердің брендке берілгендігі есебінен өз ұпайын түгендейді. Байыған үстіне байи түседі.
Жеке дара қонақүйлер олармен тартысу үшін көбіне тек бағаны демпингтеу, бөлмесін арзанға ұсыну арқылы ғана жауап бере алады: салдарынан өздерінің онсыз да оңбай тұрған кірістілігін біржолата құрдымға жібереді.
Әсіресе, Түркия қалаларында select service және upper midscale класындағы брендтік азулы қонақүйлердің өсуі тіркелуде. Олар тарамдалған өз желілері арқылы тәуелсіз 4 жұлдызды және ескі 5 жұлдызды нысандарды нарықтан ығыстырып шығаруда. Осы орайда көптеген меншік иелері үшін қонақүйін жауып, ғимаратын сату туралы шешім қабылдау: "Жалғыз алысамын деп жүріп, алпауыттармен бәсекеге төтеп бере алмадым!" дегенді мойындауы болса керек.
№5 себеп: Көтере алмас қаржылық ауыртпалық
Инфляция тым жоғары болғандықтан түркиялық банктер несиені "удай" қымбатқа ұсынады. Түркия Орталық банкі бекіткен базалық мөлшерлеме мен қазіргі макроэкономикалық жағдайға байланысты, түрік лирасымен бизнеске берілетін несиелердің орташа жылдық ставкасы 65%-дан 75%-ға дейінгіні құрайды. Салыстырсақ, Қазақстанда кредиттің жылдық мөлшерлемесі 21–37% аралығында.
Жоғары пайыздық мөлшерлемелер, арзандау кредиттердің қолжетімсіздігі, валюталық қарыздар, ақша ағынының төмендеуі және реновация қажеттілігі бір жерде тоғысқанда, активті ары қарай ұстап тұру мүмкін болмай қалады. Қонақүй ағыл-тегіл табыс әкелмегенімен, операциялық шығынсыз жұмыс істеуі де мүмкін, бірақ ол үшін алынған ескі несиелерді жабу, салығын төлеу және міндетті инвестицияларға қаражат іздеу қажет болғанда, бұл нысан инвестор үшін көтере алмас шоқпарды белге байлағанмен бірдей ауыр жүкке айналады.
№6 себеп: Отбасылық бизнестегі ұрпақ алмасуы
Түрік қонақүйлерінің басым бөлігі – отбасылық компаниялар. Егер инвесторлардың аға ұрпағы бұл бизнесті орасан зор еңбектің арқасында тұрғызса, соған бүкіл ғұмырын арнаса, олардың орнын басқан кейінгі ұрпағының бойында көбіне мұндай ынта-мотивация да, бейінді білім де, төзімділік те табыла бермейді. Мирасқорлар қонақүйді дамытуға бас қатырғанша, оны сатып жіберіп, ақшаны акцияға салуды не бай-бақуатты өмірге жұмсауды жөн көреді.
Түрік сарапшысы Хамит Топалоғлының пікірінше, бүгінде Түркияда "сатылып жатқан" және "жаңадан салынып жатқан" қонақүйлер – мүлдем екі бөлек дүние. Көбінесе сапасы, орналасқан жері, сегменті және басқару моделі бойынша олардың еш ортақ тұсы, ұқсастығы болмайды. Сатуға шығарылған нысандар – бұл, әдетте, реновацияны қажет ететін, ескірген, тәуелсіз, несиеге батқан немесе позициясы қате таңдалған кәсіпорындар. Ал, жаңа жобалар әу баста-ақ брендке иек артады, тиімді жоспарланады, танымал франшизаға немесе сыртқы операторлардың басқаруына (third-party management), сондай-ақ мықты технология мен дистрибуция арналарына бағытталады.
Нарық жазалаудың, тазалаудың ең ірі кезеңін өткеруде
Ақпарат құралдарының мәліметінше, түрік қонақүйлерінің үштен екісі жабылу алдында тұр. Салдарынан, шетелдік туристер, соның ішінде қазақстандықтар дәл демалыс кезінде брондалған баспанасыз қалу қаупіне тап болды. Әсіресе, элиталық Эгей жағалауын – Бодрум, Мармарис, Фетхие және Датчаны туризм индустриясы тарихында бұрын-соңды болмаған тазарту жұмыстары шарпыды. 2026 жылдың мамырындағы рейдтердің қорытындысында тек Мугла провинциясының өзінде тексерілген 1 213 қонақүй мен ойын-сауық орталығының 740-ы лицензиясынан айырылды.
Құжаттарды жаппай кері қайтарып алуға өрт қауіпсіздігі нормаларының сақталмауы себеп болды. Сарапшылар жоғары инфляция мен Еуропадан келетін туристер ағынының азаюы аясында қонақүй иелері қорғаныс жүйелерінен ақша үнемдеуге көшкенін, бұл нысандардың 60%-ының тексеруден өтпей қалуына әкеп соққанын қаперге салды.
Мугла провинциясының әкімшілігі қатаң ұстанымын жариялады: өрт қауіпсіздігі сертификатын ала алмаған нысандардың жұмысы тоқтатылады. Тексеруден қазақстандықтар арасында танымал ірі қонақүйлер де, сонымен қатар жағажай клубтары, дискотекалары, мейрамханалары мен бутик-гестхаустары да өте алмады. Егер заң бұзушылықтар осы аптаның соңына дейін жойылмаса, полиция ғимараттарды мүлдем жауып, есігіне қара құлып іле бастайды.
Турист қонақүйде бөлмесіз қалмау үшін не істеуі керек?
Саяхатшылар үшін басты қауіп: кейбір қонақүйлер лицензиясынан айырылғанына және жабылу қаупіне қарамастан, бұл фактіні жасырып, делдалдар арқылы төлемдерді қабылдауды жалғастыруда. "Турпром" порталының сарапшылары ескертеді: егер құзырлы органдар қонақүйді дәл демалыстың ортасында мөрлеп жауып тастаса және қонақтарды сыртқа қуып шықса, ол үшін төленген ақшаны сол жерде қайтарып алу мүмкін болмайды. Сақтандыру компаниялары бұл жағдайды форс-мажор деп танып, өтемақы төлеуден бас тартуы әбден мүмкін.
Биліктің мұндай қатаң қадамы 2026 жылдың 10 қаңтарында күшіне енген жаңа ережелермен байланысты: оған сәйкес барлық орналастыру нысандары өртке қарсы қызметтің ресми қорытындысын ұсынуға міндетті. Талапты орындаудың соңғы мерзімі 2026 жылдың 31 мамырында тәмамдалды. Дедлайнға үлгермегендер енді жұмыс істеу құқығынан айырылады. Бұл мәселе 3 мыңнан астам қонақүй жұмыс істейтін Ыстамбұлда да өте өткір тұр.
Сондықтан осы жазда Түркияға сапар шегуді жоспарлап отырған туристерге мамандар қонақүйдің жабық есігіне телміріп қалмау үшін өз қонақүйінің мәртебесін және лицензиясының бар-жоғын алдын ала тексеруге кеңес берді. Қонақүй жабылған жағдайда, туристік кеңселерге немесе төл турагенттеріңізге көмек сұрап жүгіну ұсынылды.
Айта кету керек, қатаң аудит жайдан жай басталған жоқ. 2025 жылғы тексерулерден кейін Түркияда 4 000-нан астам қонақүй жабылған болатын. Ол кезде инспекция елдегі қонақүйлердің 17%-ы тек "муниципалдық рұқсатпен" шектеліп, міндетті министрлік лицензиясынсыз жұмыс істеп келгенін анықтады. Салдарынан, өткен жазда көптеген саяхатшылардың өз қонақүйлерінің қаңырап бос тұрғанын көріп, тығырыққа тірелгенін travelradar.aero жазған еді.
Бұл шетін шараларға Карталкая тау шаңғысы курортындағы 12 қабатты Grand Kartal қонақүйінде болған алапат өрт себеп болды. 2025 жылдың 21 қаңтарында екінші қабаттағы мейрамханада майдың жануы апатқа ұласты: жалын санаулы минуттарда бүкіл ғимаратты шарпыды. Қонақүйде түтін детекторы да, өрт сөндіргіштер де, өрт сатылары да болмаған, дабыл жүйесі үнсіз қалған.
Құтқарушылар тау шатқалындағы нысанға 45 минут бойы әзер жеткенде, жалын қонақүйді толығымен дерлік жалмады. Жоғарғы қабаттарда қамалып қалған адамдар нағыз тозақты бастан кешірді: отты қақпаннан құтылу үшін олар терезелерден секірді немесе төсек жаймаларынан арқан жасап, төмен түсуге тырысты. Қайғылы оқиға салдарынан 78 адам қаза тапты, олардың көпшілігі – балалар. Тағы 51 адам зардап шекті.
Өткен жылы жабылған төрт мыңнан аса қонақүйдің үлкен бөлігі жөнсіздіктерін түзетіп, құжаттарды рәсімдегеннен кейін қайта ашылыпты. Ал, қазіргі жаппай тексерулер түрік туристік секторының қауіпсіздігіне деген саяхатшылар сенімін түбегейлі қайтаруға бағытталған. Нарық қатысушылары қонақүй секторында қордаланған қиыншылықтар енді ғана басталып жатқан жазғы маусымды құрдымға жібермейді деп үміттенеді.