Тағы 4 млрд теңге болса

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2258

Минералды тыңайтқыштарға бөлінген қаржы жеткіліксіз.

Тағы 4 млрд теңге болса

Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, минералды тыңайтқыштарға бөлінген қаржы жеткіліксіз. Нақтырақ айтсақ, облыс әкімдіктерінен 21 млрд теңгеге сұраныс түскен екен. Ал бұл мақсатқа жергілікті бюджеттерден бөлінген қаржы 17 млрд теңге ғана.

"Сондықтан облыс әкімдіктері минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға арналған қаражат көлемін ұлғайтуы керек", – деді Өмірзақ Шөкеев үкіметтің бүгінгі отырысында.

Еске сала кетейік, бүгінде минералды тыңайтқыштарды субсидиялау процесі толықтай автоматтандырылған.   

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің айтуынша, биыл шаруалар 446 мың тонна тыңайтқышқа өтініш беріпті. Оның 270 мың тоннасы дала жұмыстарына арналған.

"16 мамырдағы дерекке сүйенсек, 93 мың тонна тыңайтқыш шаруаларға жеткізілді. Бұл – жалпы көлемнің 21%-ы. Сондай-ақ, субсидия алу үшін 7,4 млрд теңгеге 11,5 мың өтініш берілді. Жалпы, бөлінген қаржы шаруаларды тыңайтқыштармен толықтай қамтуға жеткіліксіз", – дейді Арман Евниев.

Деректерге сүйенсек, биыл егістік көлемі 21,8 млн гектарды құрамақ. Бұл былтырғы деңгеймен бірдей.

"14,7 млн гектар жерге дәнді дақылдар себу жоспарлануда. Оның 11,4 млн гектарына бидай себілмек. Дәнді дақылдар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 544 мың гектарға кем. Есесіне, жем-шөп дақылдары 544 мың гектарға көбейетін болады. Жемдік дәнді дақылдар 2,5 млн гектарға себіледі. Бұл былтырғы деңгейден 49 мың гектарға артық. Майлы дақылдар көлемі – 2,6 млн гектар. Картоп алқабы да оң өсу динамикасын көрсетіп отыр. Биыл картоп алқабы 210 мың гектарды құрамақ. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 15%-ға артық", – деді Арман Евниев.

22 мамырдағы дерекке сүйенсек, жаздық дәнді дақылдар жоспарланған алқаптың 36%-ына, майлы дақылдар – 56%-ына, көкөніс-бақша дақылдары – 80%-ына, картоп 56%-ына себілді. Қант қызылшасы мен мақтаны себу аяқталды.

"Ауа райының салқындығына және топырақтың кеш қызуына байланысты себу жұмыстарының қарқыны өткен жылғыдан біршама төмен болып отыр. Сондықтан себу жұмыстарын оңтайлы мерзімде аяқтау үшін техниканы дұрыс пайдалану қажет", – деді ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі.

Арман Евниевтің дерегінше, республикада 142,6 мың трактор, 3,7 мың себу кешені, 82,5 мың тұқым сепкіш, 297 мың топырақ өңдеу құралы бар. Олардың барлығы көктемгі дала жұмыстарына сақадай-сай.   

"Дала жұмыстарына қажетті дизель отынының көлемі 375 мың тоннаны құрады. Мамыр айына 117 мың тонна бөлу жоспарланып отыр. 22 мамырдағы дерек бойынша, оның 101 мың тоннасына (87%) келісімшарт жасалды. 73 мың тоннаның (63%) қаржысы төленді. 50 мың тоннасы (43%) тиеп жөнелтілді", – деді Арман Евниев.

Бұл ретте, 1 маусымнан бастап дизель отынына акциз енгізіледі. Демек, отын бағасы көтеріледі деген сөз. Өмірзақ Шөкеев сондықтан мамыр-маусымға жоспарланған көлемді айдың соңына дейін алып үлгеру керек дейді.

Фархат Әміренов

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться