banner

Тағы да вагон тапшы

3602

Қарағанды облысында былтыр диірменшілер тиісті көлемдегі ұнның 65 пайызын ғана шетелге жөнелте алса, биыл жағдай тіпті ушығып тұр.  

Тағы да вагон тапшы

Қарағанды облысының шаруалары соңғы жылдары егіннен жақсы өнім алумен келеді. Биыл да шығым төмен болған жоқ. Әйтсе де ұн өндіруші компаниялар былтыр ұндарын жасалған келісімшарттар бойынша шетелге жөнелтуде вагон тапшылығынан біраз қиындық көрген. Биыл бұл жағдай шешілмек түгілі тіпті күрделеніп кетті.

Мәселен, ұн өндіруші "Мутлу" компаниясының қызметкерлері 6 вагонды 23 күн бойы зарыға тосқан. Осының салдарынан Ауғанстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдеріне ұн жеткізуге жасалған келісімшарттары бұзылды. Қараша айында теміржолшылар тиісті 55 вагонның орнына 11 вагон ғана ұсыныпты. Қазір қойма ұнға толып, диірмен қаңтарылып, ал жұмыскерлер жұмыссыз отыр.

 

"Ауғанстаннан серіктестеріміз күнде қоңырау шалып, енді келесі жылы сіздермен жұмыс істемейміз дейді. Олар ұнды тиеп бере алмай отырған бізге наразы. Тапсырыс берушілер қыркүйекте арнайы келгенде барлығы жақсы болады деп уәде берген едік. Жағдай жыл өткен сайын қиындап барады. Астық мол, сәйкесінше ұн бере алатын жағдайымыз болғанымен, вагон жоқ. Диірменнің жұмысы тоқтап тұр, қоймалар толық. Мұның барлығына қисынсыз сылтау ойлап табатын теміржолшылар кінәлі," – дейді "Мутлу" ұн өндіруші компаниясының логисті Анатолий Стариненко.

Айта кетейік, Қарағанды облысы аумағында 24 ұн өндіруші компания бар, олардың барлығы дәл осындай қиындықты бастан кешуде.

"Әрине біз бұған наразы болып отырмыз, өзіңіз қараңызшы, Қазақстан темір жолы вагондарды бермейді де, жоспарды орындамадыңдар деп өзімізге айыппұл салады. Шамамен айтқанда олар бізге 60 пайыз вагон берсе, қалған 40 пайызында жұмысты орындамады деп айыппұл салады. Егер вагон бермесе, біз жоспарды қалай орындамақпыз?", – деп қынжылады "Ақ жайық" компаниясының құрылтайшысы Нұрлан Жұбандықов.

Ұн өндірушілер жағдайды ушықтырып алмайық деген оймен қазан айында Қазақстан темір жолы және вагонға меншік иесі компаниялар өкілдерімен кездесіп, жиын өткізген еді. Сол кезде ұлттық компания өкілдері тек қана ұн жөнелтуге 3,5 мың жабық вагонмен қамтамасыз етуге сөз берген. Бүгінде Қазақстан темір жолы вагонның 40 пайызы ғана өздеріне тиесілі екенін мәлімдеуде. Ал қалғаны жеке меншік компаниялардың иелігінде. Мұндай жеке меншік компаниялар өз кезегінде серіктестеріне сілтейді. Мәселен вагондар Өзбекстанға кетсе, сол жерде қаңтарылып тұрып қалады. Осының салдарынан ұнды экспорттау кешеуілдеп, жағдай ушығып тұр.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу