Таксист пен кондитердің хикаясы: Zhas Project табыстырған жас отбасы

Бірінші некеде жолы болмаса да, екі баласын ешкімнен кем-қор қылмай жеткізу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, жанұшырып жүрген қазақ қызының қайсарлығы таксист жігітті тәнті етсе керек. 

Таксист пен кондитердің хикаясы: Zhas Project табыстырған жас отбасы

Атырау облысының Құрманғазы ауданында болған бұл оқиға Zhas Project жобасына арналған республикалық форумда айтылды. Жарты жылдың ішінде өмірі күрт өзгерген атыраулық келіншек басынан өткерген қиын күндерді көзіне жас алып тұрып баяндап берді.

"Бірінші некем сәтті болмай, екі баламмен жалғыз қалдым. Бірақ өзімді аяп отыра бергеннен ештеңе өнбейтінін өмір тез ұқтырды", – деп бастады әңгімесін  Раушан Қамидуллаева.

Екі баланы тастап жұмысқа шығу мүмкін болмаған соң, үйден тәтті тағам пісіріп сата бастайды. Кондитерлік дүкен ашу туралы арман да сол кезде ойға келсе керек.

"Ұннан тәтті тағамдар пісіріп сатып жүрдім. Оның табысы екі баланың тамағы мен киімінен аспайтын. Соған қарамастан барынша үнемдеп, ақша жинадым. Ондағы ойым – кондитерлік құрал-жабдық сатып алу. Бес ай жинаған ақшамды бір күнде ұрлап кетті.  300 мың теңге мен үшін әжептәуір қаражат болатын. Маған бұл өте ауыр тиді. Өйткені кондитерлік дүкен ашу арманым болатын. Енді жетем бе деп жүргенде жинаған ақшам қолды болды. Ұрының кім екенін білдім. Бірақ өздеріне барып айтуға дәтім бармады.  Өзіме жақын адамдар болған соң, полицияға да арыздана алмадым", – дейді жас ана.

Өстіп жүрген шақта бұлт астынан әрдайым күн шығатынын дәлелдеп, тағы бір мүмкіндік пайда болады. Ол мүмкіндік Zhas Project жобасы еді. Қиындықпен күресе-күресе қажи бастаған Раушан өз арманын қағазға жоба етіп түсіріп,  құжат өткізеді. Жобаның үш кезеңінен сүрінбей өткендіктен, Дүниежүзілік банк бір миллион теңгелік гранттың жартысын алғашқы траншпен бөледі.

"Іріктеудің бірінші кезеңінде жобамның  сауатты жазылғаны тексерілді. Екінші кезеңде оны бизнес-сарапшылар қаншалықты ақылға қонымды екенін бағалады. Бұл екі кезеңнен іркілмей өтсем де, үшінші кезеңнен өту қиын еді. Өйткені үшінші кезең жеңімпаздарын компьютер анықтайтын. Лотерея ұтысы сияқты, бағың жанса ғана өтесің. Қадір түні болатын. Маған грант ұтып алдыңыз деген хабар келді. Айлар бойғы қиналыс пен уайымды қасиетті түннің жалғыз сүйіншісі ұмыттырып жібергендей болды", – дейді көз жасына ерік берген Раушан.

Ол ақшаға ең қажет деген құралдарды алып, жас ана жұмысқа кіріседі. Бірлік шағын ауыл болғандықтан, пісірген тәттінің артылған бөлігін көрші ауылдарға тарату қажет болатын.

"Басында іргедегі Амангелді ауылына ғана апарып жүрдік. Оның өзіне көлік табыла бермейтін.  Әкімдіктен көмек сұрап едік, қайыр болмады. Ақыры таныстардан сенімді таксишілер туралы сұрастыра бастадық. Нариманмен осы кезде таныстық", – дейді ол.

Форум аяқталғаннан кейін, жас жұбайлармен жеке сөйлесудің мүмкіндігі туды.

"Жоба шарты бойынша олар өз өнімдерін алғашқы алты айда мұқтаж адамдар мен әлеуметтік мекемелерге тегін таратуы керек екен. Маған көлікпен тасығаным үшін ақша төлейтін. Бір күні гранттың екінші траншы түсіпті. Атырауға барып, тоңазытқыш пен газ плитасы сияқты қажетті техника әкелу керектігін айтты. Қыз басымен қоғамға тегін қызмет өтіп жүргенін көргендіктен, Атырауға апарғаным үшін ақша алмаймын деп шештім. Азамат ретінде істеген жақсылығым болсын деп ойладым. Осы кезден бастап арамыз жақындай түсті", – дейді Нариман Құлтаев.

Таксиші жігіт болашақ жарының назарын алғаш осылай аударыпты.

 "Тойымыз бір апта бұрын ғана болды. Құда түсу, сырға салу салтының бәрін орындадық. Бүгінгі форумға шақырту алғанда жолдасым бірге баратынын айтып қуантты. Балаларға енем қарап жатыр. Ол кісіге де шексіз ризамын", – дейді Раушан Қамидуллаева.

Қазір екі жас ауылдан кондитерлік дүкен ашып алған. Раушан пісірген тәттіні Нариман күн сайын көрші ауылдарға жеткізіп жүр.

"Zhas Project жобасы кондитерлік дүкен туралы арманымды іске асырып қана қоймай, оны баянды етуге көмектесетін өмірлік серігімді жолықтырды. Қазір сол қиын шақтарда сынып кетпей, мақсатыма қарай талпына бергенім үшін тәңірге тәубе деймін. Жақсылық та, жамандық та адамға аяқ астынан жолығады екен", – деп аяқтады ол әңгімесін.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу