Талғар ауданының экс-әкімі парамен ұсталып, айыппұлмен құтылды

Прокурор сотталушыларға 7 жыл бас бостандығынан айыру түрінде жаза кесуді сұраған.

Талғар ауданының экс-әкімі парамен ұсталып, айыппұлмен құтылды

Алматы облысы Талғар ауданының бұрынғы әкімі С. Ерекешев пен бөлім басшысына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

"Биылғы жылдың 14 желтоқсанында Алматы облысы Талғар аудандық сотының үкімімен Талғар ауданының бұрынғы әкімі Ерекешев сотталып, оған 59,4 млн теңге айыппұл салынды. Осы үкіммен Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Шамаев 29,7 млн теңге айыппұлға салынды", – деп жазылған хабарламада. 

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

"2021 жылдың 21 және 23 қаңтарында бұрын жасалған шарттар бойынша мемлекеттік сатып алу үдерісіне бақылауды жүзеге асыру бөлігінде өздерінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, алдын ала сөз байласу арқылы пара беруші Е. және Ш. актілерге кедергісіз қол қою үшін ЖШС директоры А.-дан жалпы сомасы 1 980 000 теңге пара түрінде ақша алды", – деп түсіндірді сот.

Лауазымды тұлғалардың қылмыстық құқық бұзушылық жасау фактісі іс бойынша жиналған және сот отырысында зерттелген дәлелдемелердің жиынтығымен толық расталды.

"Прокурор сотталушылар Е. мен Ш.-ны 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады", – деп атап өтті сот.

Алайда сотталушылардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде сот олардың істеген ісіне өкінетінін, сотталушы Е. IV дәрежелі онкологиялық аурумен ауыратынын, мүгедектігінің, жас баласының болуына байланысты жазаны жеңілдетті. 

"Жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде сот кәсіби антын бұзып, қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын таныды", – деп толықтырды сот.

Еске сала кетсек, Талғар ауданының әкімі Серікжан Ерекешев пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Асқар Шамаевты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері 24 қаңтарда пара алды деген күдікпен ұстаған болатын. Кейін аталған лауазымды тұлғалардың ЖШС директорынан сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны және ЖШС-ны мемлекеттік қызметтерді жосықсыз жеткізуші деп тану туралы сотқа талап-арыз жібермеу үшін 2 млн теңгеге жуық пара алғаны белгілі болды. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу