Жоба Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен, Алматы халықаралық әуежайының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып отыр.
Академияның құрылысы – кезекті спорттық жоба ғана емес. Бұл – адами капиталға, балалардың болашағы мен спорт әлеуетін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция.
Мұнда жас таланттарды анықтап, оларды дамытуға жүйелі негіз қалыптастырып, кәсіби дайындықпен қатар, онда тұруға, білім алуға және футбол қауымдастығына бейімделуге қажетті жағдай жасалады.
Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың айтуынша, академияда жас футболшыларға жүйелі түрде заманауи футбол талаптарына сай дайындалуға барлық жағдай жасалады. Жоба – балалар мен жасөспірімдер спортын дамытудағы маңызды қадам.
Спорттық блокта жабық футбол залы, жалпы дене дайындығы залы, қалпына келу бассейндері, киім ауыстыратын және қызметтік бөлмелер болады.
Әкімшілік-тұрмыстық блокқа жаттықтырушы кабинеттері, медициналық және оңалту бөлмелері, конференц-зал, асхана және техникалық бөлмелер орналасады. Ал төрт қабатты жатақханада оқушылар мен қызметкерлерге арналған бөлмелер, демалыс және жеке дайындық аймақтары бар.