Талғат Байсуфинов: Жігіттер жан аямай күресті

322

Қазақстан құрамасы ресми түрде футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына шығу мүмкіндігінен айырылды.  

Талғат Байсуфинов: Жігіттер жан аямай күресті Фото: kff.kz

Кеше ұлттық құрама іріктеудің 7-туры аясында J тобының көшбасшысы Солтүстік Македониямен кездесті.

Скопье қаласында (Солтүстік Македония) өткен ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Қазақстан Македония қақпасына алғаш рет гол соқты.

Бұған дейін екі матчта да жеңіліс болған: 0:4 (жолдастық кездесу, 2021 жыл, Скопье) және 0:1 (2024 жылдың маусым айы, Астана).

Осы орайда Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Солтүстік Македонияға қарсы өткен матч жайлы пікір білдірді.

– Ең алдымен, елімізді және жанкүйерлерімізді жақсы нәтижемен құттықтаймын. Әрине, жеңіске жетуді мақсат еттік. Бірақ қандай ойын боларын білдік. Жігіттер жан аямай күресті, өз міндеттерін орындады. Ойынға келсек, бірінші таймда біз өз ойынымызды көрсеттік, прессингтен сауатты шыға білдік. Үзілісте ойыншыларға Македония алға қарай шабуылдайды деп ескерту жасадық. Шынында да, екінші таймда ойын құрылымы бұзылды. Бірақ жігіттер ойынды жеңілдетіп, шабуылшыларға ұзын паспен ойнауға көшті. Олар өз міндетін жақсы атқарды. Біз әлі де тұрақтылықты арттыру үстіндеміз. Соңғы екі кездесуден-ақ бұл байқалады. Ойыншылар біздің философияға үйреніп келеді. Бұл өздеріне де ұнайды. Құдай қаласа, осы бағытпен тұрақтылық сақтап, әрі қарай да еңбек етеміз, – деді Байсуфинов баспасөз мәслихатында.

Іріктеу кезеңінің соңғы турында Қазақстан құрамасы өз алаңында Бельгиямен кездеседі.

Ойын 15 қараша күні Астана-Аренада өтеді және бұл матч ұлттық құраманың биылғы іріктеудегі соңғы кездесуі болмақ.

Айта кетейік, Бельгиямен қарсы матчқа Исламбек Қуат пен Бахтиер Зайнутдинов сары қағаздардың көптігіне байланысты қатыса алмайтын болды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу