Тамақ өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі артып келеді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3801

Елімізді жергілікті өндірілген азық-түлікпен қамту бойынша Ақмола және Алматы облыстары алдыңғы орында тұр.

Тамақ өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі артып келеді

2018 жылдың алғашқы 10 айында тамақ өнеркәсібіне салынған инвестиция былтырғы осы уақыттағыдан 41 пайызға артып, 88,4 млрд теңгеге жетті.

Тамақ өнеркәсібіне салынған инвестицияның ширегіне жуығы, яғни 24 млрд теңге Ақмола облысына тиесілі.  Екінші орындағы Алматы облысы аталған салаға 20,2 млрд теңге көлемінде қаржы құйса, үшінші орындағы Қостанай облысындағы көрсеткіш 9 млрд теңге.

Тамақ өнеркәсібіне қомақты инвестиция салған өңірлер қатарында бұлардан бөлек Алматы қаласы (7,4 млрд теңге), СҚО (6,5 млрд теңге), Түркістан облысы (4,6 млрд), Жамбыл облысы (4,1 млрд), Қарағанды облысы (2,3 млрд) және ШҚО (2 млрд) бар.

Ал салаға ең аз қаржы салған өңірлер Маңғыстау облысы (92 млн теңге), Қызылорда облысы (582,5 млн теңге), Астана қаласы (616,9 млн теңге), БҚО (682,9 млн теңге) және Атырау облысы (792,5 млн теңге).

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мұрзалиннің айтуынша, облыстың негізгі капиталына салынған инвестиция 200 млрд теңгеге жетсе, соның 70 пайызы саланың нақты секторларына тиесілі. 

Индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша өңірде қолға алынған 81 жобаның 27-сі экспортқа бағытталған. Атап айтар болсақ, олар Capital Projects Ltd (құс еті), "Үш Бұлақ", "ҚазГерқұс" (тауық жұмыртқасы), "Астана Агроөнім" (шұжық), "Кокшетауминсу" және басқалары.

Азық-түлік өндірісіне салынған инвестиция ішінде бизнестің өз қаражаты 51,7 млн теңгеге жетіп, былтырғыдан 9,4 пайыздық өсім көрсетсе, қарызға алынып салынған инвестиция көлемі 5,4 есеге дейін артып, 27 млн теңгеге жуықтады. Тағы 9,6 млн теңге банктерден алынған несиеге тиесілі. Банктердің берген несиесі былтырғыдан керісінше 7,5 пайызға азайып кетіпті.

2018 жылдың алғашқы үш тоқсанында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша үлкен жобалар қолға алынды. Атап айтар болсақ, жылдық қуаттылығы 372 мың тонна өсімдік және жануар майын, 200,7 мың тонна ұн және жарма өнімдерін, 57,5 мың тонна дайын тамақтар мен жартылай фабрикаттар, 300 тонна сүт өнімдерін шығаратын жаңа өндірістер іске қосылды.

Бауыржан Мұқан

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу