Тамара Дүйсенова тәуелсіз кәсіподақтарға қатысты сенсациялық шешім қабылдады

2336

Билік пен олигархтардың қуыршағына айналғысы келмейтін кәсіподақтармен күресте шенеуніктер жеңіліп, кері шегінді. Алда тәуелсіз кәсіподақ құру үшін рұқсат алу қажет болмайды. Сала хабарлама тәртібіне көшірілмек.

Тамара Дүйсенова тәуелсіз кәсіподақтарға қатысты сенсациялық шешім қабылдады

Қазақстанның билігі кәсіби одақтармен шайқасамын деп жүріп Батыстың санкциясына киліге жаздады. Human Rights Watch ұйымы осы тірлігі үшін Қазақстанды көп жылдан бері сынап келеді. Американың қоғамдық ұйымдары осы үшін Қазақстанға санкция енгізуді Ақ үйден, Конгрестен сұрап, ұсыныс та жолдапты.

АҚШ-тың еліміздегі елшілігі әзірлеген "Қазақстандағы адам құқығына қатысты жағдай туралы баяндамада" шенділерге жақпай, қудалау көрген кәсіподақшылар туралы көп жазылған. Онда мысалы, елдің оңтүстігінде Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының мәжбүрлі түрде таратылуы, кәсіподақ лидері Лариса Харьковскаяның істі болып, бостандығы шектелгені, биліктің рұқсатынсыз туған қаласынан сыртқа аттап баса алмай қалғаны санамаланады.

"2019 жылғы шілдеде Шымкент соты Мұнай-химия өнеркәсібі жұмысшыларының тәуелсіз кәсіподағының көшбасшысы Ерлан Балтабайды кәсіподақ жарналарын талан-тараж етті деп, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Президент Тоқаев оған 2019 жылғы тамызда рақымшылық жасады. Ал ҚР Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) – кеңестік мемлекеттік еңбек ұйымдарының мұрагері және ең ірі кәсіподақ қауымдастығы саналады. Оған кәсіподаққа кіретін барлық жұмысшылардың шамамен 90%-ы мүше. Алайда 2018 жылы Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы тәуелсіз болмағаны үшін ҚРКФ-нің мүшелігін уақытша тоқтатты", – делінген есепте.

Елдегі кәсіподақтарға қатысты бұдан да өткен сорақы мысалдарды өз талдауында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келтірді.

"Жалпы "Кәсіптік одақтар туралы" заңы қабылданған сәттен бастап, атап айтқанда 2014-2022 жылдар аралығында әділет органдары 296 кәсіподақты және 92 кәсіподақ филиалдары мен өкілдіктерін тіркеуден бас тартты! Мысалы, әділет органдары "Қазақстанның еркін кәсіподақтар конгресі" республикалық кәсіподақтар бірлестігін тіркеуден 4 рет бас тартқан", – деп хабарлады Еңбек министрлігі.

Айтқандай, қазіргі Еңбекминінің басшысы Тамара Дүйсенова осы ведомствоның басшылығында 2008 жылдан 2018 жылға дейін бақандай он жыл отырды. Әлгі кесірлі реформалар мен қыспақ-құрсаулар да сол кездері жүзеге асырылғаны жасырын емес. Бірақ дәл қазір Қ.Тоқаевтың Жаңа Қазақстанында осы лауазымына қайта оралған Тамара Босымбекқызы "революциялық" бастама көтеріп отыр.

Ол енді Қазақстанда "кәсіподақты мемлекеттік тіркеудің хабарлама тәртібін енгізуді" ұсынды. Оның командасы бұл идеяны сөз жүзінде қалдырмай, заңдастыру үшін "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне еңбек даулары мен жанжалдарды шешу тәртібін оңайлату бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеп шықты.

Әйтпесе, Қазақстанда кәсіподақты, яғни ұйымды тіркеу өте күрделі. Бұл сала қалпымен бюрократиялық батпаққа тұнып тұр.

Нақтылай кетсек, "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" заңының 1-бабына сәйкес, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу үшін біріншіден, мемлекеттік тіркеуге ұсынылған құжаттардың Қазақстан заңнамасына сәйкестігі тексеріледі, екіншіден, оған бизнес сәйкестендіру нөмірі (БСН) берілуге тиіс. Үшіншіден, мемлекеттік тіркеу туралы анықтама берілуі қажет. Онымен де іс бітпейді. Жаңа заңды тұлға туралы мәлімет БСН-дердің Ұлттық тізіліміне енгізілуі шарт. Енгізілмесе, салық және басқа органдары анықтамаға түкіріп, ондай ұйымның жоқтығына сілтейді. Осы сатылардың кез келгенінде тәуелсіз кәсіподақ құрушылардың тауы шағылуы ықтимал.

"Тіркеуші орган аталған заңда көрсетілген негіздер бойынша кәсіподақты мемлекеттік тіркеуден бас тартуға құқылы. Қазақстан 1993 жылдан бері Халықаралық еңбек ұйымының мүшесі болып табылады. ХЕҰ мүшелеріне қойылатын міндетті талаптардың бірі –ратификацияланған ХЕҰ конвенцияларын орындау. Алайда 2016 жылдан бері Қазақстанның атына ХЕҰ-ның Қауымдастық бостандығы және ұйымдастыру құқығын қорғау туралы №87 Конвенциясын орындамағаны жөніндегі сын-ескертпелерінің түсуі жалғасуда. Салдарынан, 2021 жылғы 28 мамырда ХЕҰ стандарттарын қолдану жөніндегі комитеттің шешімімен Қазақстан №87 Конвенцияны бұзушылардың "қара тізіміне" енгізілді. Бұл жағдай Қазақстан үшін экономикалық, сондай-ақ имидждік шығындарға әкеп соғады", – деп түсіндірді Еңбек министрі.

Осыған байланысты, министрлік Қазақстанда "кәсіподақтарды мемлекеттік тіркеудің хабарлау тәртібін енгізбек".  

"Бұл ретте тіркеуші органның қазіргідей кәсіподақтарды мемлекеттік тіркеуден бас тартуына құқығы болмайды. Тек мемлекеттік тіркеу үшін бюджетке тіркеу алымын төлеу сақталады", – деп мәлім етті ведомство.

Бүгінде кәсіподақтар Қазақстандағы барлық жалдамалы жұмыскерлердің тек 45%-ын – шамамен 3 млн адамды қамтиды.

Әрине, көптеген қызметкерлер ай сайын жалақысынан жарнаны мәжбүрлі түрде ұстап отырған кәсіподақтардан еш пайда көрмей отырғанына жиі шағымданады. Мысалға, бұл ұйымдар пандемия кезінде медицина қызметкерлерінің, карантинге жабылған өндіріс орындары жұмысшыларының құқығын қорғай алмады.

Дегенмен билік пен жұмыс берушіден тәуелсіз кәсіподақ қозғалысының дамымауы соңғы жылдары ереуілдер санының күрт өсуіне соқтырды.

Сондықтан Еңбек министрінің байламынша, ұсынылып отырған өзгеріс жаңадан құрылатын кәсіподақтарға қалған 3,7 миллион жалдамалы жұмыскерлер мен олар еңбек ететін кәсіпорындарды тартуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде, жұмыскерлерді кәсіподақпен қамту көрсеткіші қазіргі 45%-дан 2027 жылға қарай 70%-ға жетеді деп болжануда.

Дүйсенованың осы реформасы өмірге жолдама алса, алда бір кәсіппен айналысатын немесе бірдей өндірісте жұмыс істейтін кемінде 10 адам бірігіп, тәуелсіз кәсіподақ құра алатын болады. Олар "Құрылтай съезін" (немесе конференцияны, жиналысты) өткізіп, онда жарғысын бекітуі және кәсіподақ органының қалыптастырылғанын мәлімдеуі қажет.

Айтқандай, кәсіподақ құрылтайшысы тек Қазақстан азаматы болуға тиіс. Шетелдің, Ресейдің қосарлама азаматтығын алып алғандарға мұндай ұйым құруға тыйым салынған. Бұдан абай болған жөн. Себебі Қазақстанда 1905-1907 жылдардағы революцияны ресейлік коммунистер негізінен Успен кенішіндегі "Орыс-қырғыздың капиталға қарсы одағы" секілді кәсіподақ қозғалыстары желілері арқылы ұйымдастырғаны да жасырын емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу