2026 жылдың 25 тамызынан бастап "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық өндірісті жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" №325-VIII ҚРЗ заңы күшіне енеді.
Жаңа құжат кәмелетке толмаған балалар мен әрекетке қабілетсіз азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілін түбегейлі өзгертеді. Сондай-ақ жылдар бойы миллиардтаған қарыздар мен жүйелі кемшіліктер қордаланып қалған салаға жаңа тәртіп орнатқалы тұр, деп жазды inbusiness.kz.
Алименттік міндеттемелер саласындағы ауыр ахуал баяғыда-ақ мемлекеттің батыл араласуын талап етіп келген еді. Мәселенің ауқымы жаға ұстатады: ресми деректерге сәйкес, алимент бойынша қордаланған берешек 20 миллиард тенгеге жуықтаған: бұл тек төлеуді тоқтатқанына үш айдан асқан қарыздардың есебі ғана.
Бүгінде 300 мыңнан астам қазақстандық бала алиментке мұқтаж. Олардың арасында мүгедектігі бар өрендер де аз емес. Сондай-ақ көп баламен "жұртта" жалғыз қалған шеше немесе әкелер де жетерлік.
Кезінде осы заңның жобасын әзірлеуге тікелей атсалысқан Мәжілістің экс-депутаты Наталья Дементьева алименттік міндеттемелерді орындау саласында жүйелі дағдарыс қалыптаса бастағанына назар аудартты.
"Әділет министрлігінің дерегінше, Қазақстанда алимент өндіріп алу бойынша жүздеген мың атқарушылық өндіріс бар. Өкінішке қарай, олардың ішінде ондаған мыңы іс жүзінде орындаусыз жатыр. Сорақысы сол, тіпті сот шешімі қолында болса да, қаншама бала заңмен тиесілі қаржылық қолдауға қол жеткізе алмай келеді. Осындай ащы шындық қолданыстағы атқарушылық механизмнің пәрменсіз екенін анық көрсетіп берді. Міне, дәл осы себепті заңнаманы жетілдіру және алименттік төлемдердің ашық жұмсалуын қамтамасыз ету қажеттілігі пісіп-жетілді", – дейді Дементьева.
Сонымен қатар ол алимент қарыздары түйткілін тек кешенді тәсілмен ғана шешуге болатынын нықтады. Бұл ретте сарапшының пікірінше, бала құқығын қорғаймыз деп жүріп, шектен шығып кетпеу, мемлекеттің ата-ананың жеке өміріне шектен тыс қол сұғуына жол бермеу және ақылға қонымды тепе-теңдікті сақтау өте маңызды. Сол себепті де жаңа шаралар нысаналы, негізделген әрі тек шынымен қажет болған жерде ғана қолданылуға тиіс.
Күшейген талап "қашқындарға" соққы
Жаңа түзетулер атқарушылық өндіріс саласындағы азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, осы жүйенің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ жеке сот орындаушыларының (ЖСО) жауапкершілігі мен кәсіби біліктілігін жоғарылатуға бағытталған.
Заңмен өндіріп алушының – жалғызбасты ананың не әкенің алиментті аудару үшін сот орындаушысына арнайы банктік шотын ұсыну міндеті енгізіледі. Нәтижесінде, ол шотқа түсетін қаражатқа қандай да бір шектеулер қоюға, бұғаттауға тыйым салынады.
Сонымен қатар кәмелетке толмаған балалар мен еңбекке жарамсыз тұлғаларды бағуға арналған алименттерге тұтқын қоюға үзілді-кесілді тыйым салатын норма да бекітілді.
Заңнамалық өзгерістер тек төлем төлеу тәртібіне емес, сонымен бірге өндіріліп алынатын сома көлеміне де қатысты. Ескі, екі палаталы Парламент атқарушылық өндіріс саласындағы маңызды түзетулер топтамасын қабылдап үлгерді: олар бүгінде қолданысқа енгізілген.
Соның аясында сот ай сайын өндірілетін алименттің мөлшерін нақты ақшалай сомада немесе бір мезгілде үлестік әрі нақты ақшалай сомада белгілей алатын жағдайлардың тізімі кеңейтілді.
Бұрын бұл норма негізінен жалақысы тұрақты емес немесе табысының көлемі өзгеріп тұратын, сондай-ақ жалақысын толықтай немесе жартылай заттай түрде (натурой) алатын ата-аналарға ғана қатысты еді.
Енді дәл осындай ережелер мына тұлғаларға да таралады:
• өз бетінше жұмыспен қамтылғандар үшін арнаулы салық режимін қолданатын адамдарға;
• арнаулы салық режиміндегі жеке кәсіпкерлерге;
• Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен тұлғаларға қатысты.
Бассыздық дәуірі аяқталады: ЖСО темірдей бақылауға алынады
Борышкерлердің қаржылық тәртібін реттеумен қатар, мемлекет атқарушылардың өзінің арасында да тәртіп орнатуда. Жаңа заң жеке сот орындаушыларының кәсібилігін арттырып, оларға жүктелген жауапкершілікті еселей түсуді көздейді.
Жаңа шаралардың қолданылуына ЖСО-лардың өз өкілеттіктерін асыра пайдалану фактілерінің әшкереленуі себеп болды. Әділет министрлігінің мәліметінше, өндіріп алынған ақша иелеріне айлап жетпейді. Жосықсыз ЖСО-лар алименттерді қалтасына басқан немесе оларды депозиттерде "айналдырып", пайыздарын иемденіп, пайда тауып отырған.
Павлодар облысында тіркелген сұмдық дерек бұған айқын дәлел: жеке сот орындаушысы Қожабаев 3 жыл бойы азамат Головкодан өндірілген, оның кәмелетке толмаған балаларын бағуға арналған ақшасын жымқырып келген.
Осыған байланысты Әділет министрлігіне мұндай сорақылықтардың қайталануына жол бермеу және ЖСО-лардың қызметіне пәрменді мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету үшін олардың ағымдағы шоттарын қатаң бақылауға алу жүктелді.
Бас прокуратураның тексерулері де көрсеткендей, заңдағы олқылықтар шотқа келіп түскен қаражатты ЖСО-лардың еш қорықпастан, ұзақ уақытқа депозиттерге орналастыруына мүмкіндік беріп келді. Өйткені бұрын заңнамада "өндіріп алушылардың пайдасына" деп, ЖСО шотына алиментшілер жолдаған ақшаны ары қарай аударудың нақты тәртібі мен мерзімдері атымен болмаған екен.
Міне, дәл осы себепті де жаңа заң Әділет министрлігіне мұндай қаражатты аудару мерзімдерін дербес белгілеу өкілеттігін беріп отыр. Неліктен аудару мерзімдері заңның өзінде тасқа басқандай жазылмады?
Ведомство өкілдерінің түсіндіруінше, Парламент ЖСО-лар үшін бірыңғай мерзімді тікелей заңда бекіте алмады. Бұл атқарушылық өндірістердің түрлі санатта болуына және борышкерлердің әртүрлі аумақта, мысалы, шетелде орналасуына байланысты көрінеді. Сол себепті, нақты мерзімдер заңнамалық актілер деңгейінде, яғни, Әділет министрінің бұйрығымен айқындалатын болады.
Министрлік бұл мәселені шешуге кешенді түрде келгендерін мәлімдеді. Біріншіден, "Әділет" мобильді қосымшасы іске қосылыпты: ол азаматтарға нақты уақыт режимінде ЖСО-ның іс-әрекеттерін қадағалауға мүмкіндік береді екен.
Екіншіден, пайдаланушылар өз шоттарына ақшаның түскені туралы push-хабарлама алып, лезде хабардар болады.
Үшіншіден, Әділет министрлігі ЖСО-ның шотқа түскен қаражатты одан әрі өндіріп алушыға аударуының нақты мерзімдерді белгілейтін бұйрық шығарды. Сот орындаушысының енді ол ақшаны өз шотында ұстап отыруына ешқандай құқығы жоқ.
Төртіншіден, ведомстволық жүйені банктермен және "Қазпоштамен" интеграциялау жүзеге асырылды: соның арқасында атқарушылық өндірістің қос тарабының да шоттарын министрліктегілер көре алады. Ақша сот орындаушысына түскен бойда алимент төлеуші де, алиментті өндіріп алушы да автоматты түрде SMS-хабарлама алады. Содан кейін белгіленген тәртіппен қаражат бірден алушыға аударылады.
"Ақша түсті ме, қос тарап та автоматты түрде қаражаттың жеке сот орындаушысының қолында екені туралы SMS-хабарлама алады. Тиісінше, олар енді қаржының қозғалысын өздері бақылайды, шот болса, автоматты түрде алушыға өтеді", – деп түсіндірді Әділет министрлігінің өкілдері.
Арнайы шот не үшін қажет?
Жаңа заңның іргелі бір жаңалығы – қолданыстағы "Атқарушылық өндіріс және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңды жаңа 102-1-баппен толықтыруы болды.
2026 жылдың 25 тамызынан бастап алименттерді өндіріп алу туралы құжаттарды орындау кезінде қаражатты аудару тек арнайы банктік шот арқылы ғана жүзеге асырылады.
Арнайы шоттың басты мақсаты – "балалар ақшасының" жолай қолды болмасына, діттеген жеріне жетуіне кепілдік беру. Заңнамаға сәйкес, арнайы алименттік шоттағы қаражатты тұтқындауға, бұғаттауға қатаң тыйым салынады.
Мәселен, балаларымен қалған жалғызбасты ана қаптатып несие алса, қарызын өтей алмай қалса, онда коллекторлар оның осы арнайы шотына қол сұға алмауға тиіс. Алименттерді алушының басқа қарыздары мен міндеттемелерін өтеу есебіне тартып алуға ешкімнің құқығы жоқ.
Арнайы шотты кім ашуға міндетті? Бұл талап атқарушылық өндіріс аясында алимент алатын өндіріп алушыға қатысты. Ол арнайы шот ашып, оның реквизиттерін ЖСО-ға тапсыруға міндетті.
Арнайы шоты болмаса не болады? Арнайы шоттың болмауы борышкерді төлемдерден босатпайды, алиментшінің мойнындағы қарызы тек өсе береді және есептен шығаруға жатпайды.
Бұл кезде алимент алушы реквизиттерін ұсынғанға дейін сот орындаушысы да ақша аударуды техникалық тұрғыдан жүзеге асыра алмайды. Мұндай жағдайда ЖСО өндіріп алушыға (алимент алушыға) арнайы шот ашу қажеттілігі туралы ресми түрде хабарлауға міндетті. Реквизиттер келіп түскен бойда ақша дереу иесіне аударыла бастайды.