banner

Таңдаулы төрттік

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
4257

Ұлттық банк беретін 410 млрд теңгеге жағдайын түзегелі тұрған банктер экономикаға сүйеу бола ала ма?  

Таңдаулы төрттік

Үкіметтің отандық банктерге деген ерекше ықыласы жыл өткен сайын артып келеді. Осыдан 10 жыл бұрын президенттің пәрменімен Ұлттық қордан екінші деңгейлі банктерге 4 миллиард доллар көлемінде көмек көрсетілген болатын. Ал таяуда тағы да төрт банктің қаржылық жағдайын жақсартуға 410 млрд теңге  бөлінетіні белгілі болды.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев парламентте "АТФ Банк", "Еуразиялық банк", "Цеснабанк" және "Банк ЦентрКредит" сынды қаржы институттарының қаржылық жағдайын жақсарту мәселесі мақұлданғанын мәлімдеді.

Оның сөзінше, аталған банктердің және олардың ірі акционерлерінің  қаржылық орнықтылықты арттыру мен активтердің сапасын жақсартуға және өтелмей тұрған кредиттердің мәселесін шешуге қатысты жоспары мен үстеме капиталдандыруға жазбаша келісім беруі қаржылық реттеушінің көңілінен шыққан.

Бұл ел үкіметі мен Ұлттық банк екінші деңгейлі банктердің қаржылық жағдайын жақсартуға тиімді жағдай жасап жатыр деген сөз. Ал қаржыгер Ілияс Исаев соңғы жылдары үкіметтің экономикалық блогының сараптау қабілеті сыр бере бастағанын айтады.

Ол осыған дейін қаржы саласы бірнеше реформаны бастан кешіргенін тілге тиек ете келіп: "Қаржы институттары  мықты болса  үкімет  ЕҚДБ мен Азиялық банктерден несие алмайтын еді. Банктер үкіметтің кепілдендіруімен алған несиелерін  игере алмай отыр. Осылай болып жатқанда Үкімет пен Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге неге көмек көрсетеді, ішкі нарықты немесе ШОБ-ты қаржыландырудың тың тәсілін неге ойлап таппайды? деген заңды сұрақ туады. Үкімет қазіргі бағдарламасына балама бағдарлама іздеп, қаржы нарығына қатысты саясатына өзгеріс енгізуі тиіс. Әйтпесе қаржы саласындағы сең сетінемейді", – деді.

Ілияс Исаев қаржы дағдарысы басталады деген кезде проблемалық активтерді сатып алу мақсатында стрестік активтер қоры ашылғанын еске түсірді және ол  түсініксіз жағдайда жабылып қалғанын айтты.

"Стрестік қордың жұмысы неге тоқтатылғаны туралы Ұлттық банк пен үкімет өкілдері жақ ашпады. Негізі, стрестік қорға үкімет мүмкіндік беру керек еді. Ал қаржылық қадағалау агенттігі коммерциялық банктерге еншілес компания ашып, проблемалық активтерден құтылу туралы қолқа салды. Стрестік қорды ертерек жабуға әрекеттеніп, бар міндеттемелерін өткізуге асықты. Сөйтіп жүріп біржола жабылды", –  деді Ілияс Исаев.

Қаржыгер сөз арасында кез келген инвестор белгілі бір салаға қаржы құйғанда оның стратегиялық және коммерциялық сипатын емес, кері әсерін де алдын ала ойлауы тиіс екенін айтты. Оның мәлімдеуінше, әлемде Қазақстан сияқты банк саласына үстемелетіп қаржы аударып, оның жауапкершілігін талап етпейтін бірде-бір мемлекет жоқ. 

"Экономиканың нақты секторы Ұлттық банктің коммерциялық банктер арқылы несиеге берген  қаржысын бойына сіңіре алмай жатыр. Ал шағын және орта бизнес арқылы  экономиканы әртараптандырып, шикізаттық экспортқа тәуелділіктен құтылу үшін Ұлттық банк пен үкімет қаржылық-экономикалық  саясатты қайта қарау керек", – деді  Ілияс Исаев.

Қаржы саласының білгір маманы Константин Сидельников  банкротқа ұшырап, дефолттық жағдайға душар болып, акцияларының басқару пакетін басқа біреулерге сатып жатқандар тек қана алыптар екенін айтады.

"Бұл әлемде бар құбылыс. АҚШ-тың өзінде 100 жылдық тарихы бар ірі банктердің банкротқа ұшыраған кездері болған. Есесіне шағын қаржы институттары өз жұмысын ойдағыдай атқарған.

Біздің елімізде де "Қазкоммерцбанк", "БТА банк", "Альянс банк", "АТФ банк" секілді алыптар аса қиын жағдайға тап болды. Бұлардың бірқатарын басқаруға үкіметтік құрылымдар кірісті. Егер ірі банктер  еліміз үшін пайдалы болса, онда олар мұндай жағдайға неге тап болды? Бұрын қаржы нарығын реттеумен  және қадағалаумен айналысатын ірі агенттік бар еді. Қазір оның қызметі  Ұлттық банктің  банк қызметін бақылау департаментіне өтіп кетті. Бұл шешім Ұлттық банктің рөлін күшейту үшін қабылданды. Себебі барлық елде  орталық банктің рөлі күшті.    

Агенттік жұмыс істеп тұрған кезде оның басы даудан арылған жоқ. Қаржы нарығындағы түйінді атағы дардай агенттік реттей алмағанда Ұлттық банктің шағын департаменті реттей ала ма?" – деді  Константин Сидельников.

Оның пікірінше, бір кездері отандық банктер шетелдік қаржы алпауыттарынан алған ақшаларын айтып, жалпақ жұрттан сүйінші сұраған. Ал қарызды қайтарар кезде жер шұқып қалған. Осыған орай мамандар банктерді үстемелетіп  қаржыландыру  белгілі бір топты "жарылқау" дегенді алға тартады.

"Жарғылық капиталы аз банктер бүкіләлемдік қаржы дағдарысы кезінде де тығырыққа тірелген жоқ. Егер шағын банктер қазіргі алып банктерге жұтылып кететін болса, аймақтар инвестициядан құр қалады. Себебі жергілікті жерлердің барлығы қаржылық қолдауды шағын банктерден көріп отыр.

Ірі банктер негізінен импортты ынталандырып, тұтыну несиелерін үлестірумен ғана айналысып отыр. Бұл шағын банктерді қысып, ірі банктерге ғана жағдай жасау дұрыс іс емес екенінің айқын айғағы", – деді Константин Сидельников.

Сөз арасында сарапшы бұған дейін "шағын банктер қаржылық дағдарысқа тап болды" дегенді естімегенін айтты.

"Шағын банктердің жұмысы тоқтағаннан кейін аймақтар қаржыдан тапшылық көріп жатса, ірі банктер оларға қол ұшын соза ма? Бұл сұрақтың жауабын қазір тауып алмасақ, ертең кеш болады. Бізге банктерді асырай бермей, ішкі нарықты қаржыландырудың өзге тетіктерін қарастырып, квазисектордың  жұмысын жандандыру  керек", – деп қорытты ойын Константин Сидельников.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу