Мәнерлеп сырғанаудан қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан тарихында алғаш рет ел қоржынына алтын медаль салған Михаил Шайдоровтың әкесіне inDrive халықаралық сервисінің бас директоры Арсен Томский су жаңа автокөліктің кілтін табыстады.
Мен Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың әкесіне, алғашқы жаттықтырушысына әрі осы жеңістің бастауында тұрған жан Станислав Шайдоровқа Audi Q8 автокөлігін сыйладым.
Михаил миллиондаған қазақстандықтарды және шетелдегі жанкүйерлерді тәнті еткен керемет өнер көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды. Бірақ, бұл жеңістің артында жылдар бойғы күнделікті еңбек, темірдей тәртіп жатыр.
Бір кездері Станислав Александрович ұлының биікке жету жолын қолдау үшін өз көлігін сатып жіберген екен. Бұл оқиға маған ерекше жақын. Мен де сенген ісім үшін екі рет көлігімді саттым. Қиын кезеңде командама жалақы төлеу үшін және қаржы жетпегенде Якутия құрамасын киберспорт чемпионатына жіберу үшін көлігімді сатқам.
Көлікті табыстау рәсімінде Станислав Александрович көз жасын тыя алмады. Бұл ұлымен бірге ұзақ жол жүріп, сенімінің Олимпиада алтынына айналғанын көрген әкенің көз жасы еді.
Әрбір чемпионның артында бір кезде: "Мен саған сенемін" деген адам тұрады. Ұлы жеңістер әрдайым сенімнен басталады.
Шайдоровтар отбасына және барша Қазақстанға жаңа жеңістер мен қуанышқа, мақтанышқа толы сәттер тілеймін! – деді Арсен Томский өзінің Instagram парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындары 22-ақпан күні өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы жалпы есепте 1 алтын медальмен 19-нәтиже көрсетті.