"Тараз" "Атырауға" есе жіберді

1240

Бүгін Қазақстан Премьер-лигасының он бірінші туры аясында үш кездесу өтті.

"Тараз" "Атырауға" есе жіберді

"Атырау" Қазақстан Премьер-лигасының он бірінші туры аясында "Таразбен" кездесті. Матч Атыраудағы "Мұнайшы" стадионында өтіп, 1:0 есебімен аяқталды. Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды 49-минутта "Атыраудың" бразилиялық легионері Алекс Бруно соқты. Ал жамбылдық ұжым лайықты қарсылық көрсете алмады. "Атырау" қақпасын небәрі бір рет қана дәл көздеді.

Кезекті рет жеңіліске ұшыраған Вардан Минасян шәкірттері 17 ұпаймен алтыншы орынға сырғыды. Ал "Атырау" 14 ұпаймен екі саты төменде тұр.

"Ордабасы" Қазақстан Премьер-лигасының он бірінші туры аясында қостанайлық "Тобылмен" кездесті. Матч Шымкенттегі "БИІК" стадионында өтіп, 1:1 есебімен аяқталды.

Ойындағы алғашқы гол 67-минутта соғылды. "Тобылдың" франциялық легионері Жереми Монзорроның айып алаңына асырған пасы Самат Жарынбетовтің аяғына дөп түсті. Ал Самат қақпаны көздеуде еш қателеспеді. Ал 79-минутта "Ордабасы" клубының қорғаушысы Александр Клещенко қызыл қағаз алды. Бірақ матчтың аяқталуына үш минут қалғанда Еркебұлан Тұңғышбаев қорғаушылардың қателігін сәтті пайдаланып, командасына бір ұпай сыйлады. Бір ұпайды қанағат еткен шымкенттік клуб 15 ұпаймен жетінші орынын сақтап қалды. "Тобыл" 22 ұпаймен екінші орында тұр.

"Қызыл-Жар" Қазақстан Премьер-лигасының он бірінші туры қарсаңында ақтаулық "Каспийді" қабылдады. Матч Петропавл қаласындағы "Қарасай" стадионында өтіп, 2:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.

Ойынның 21-минутында есеп ашылды. Қақпашымен жеке-дара шыққан "Қызыл-Жар" шабуылшысы Тимур Мульдинов бұл мүмкіндігін жүзеге асыра алмады. Ал Милошевичтен кері серпілген допты Данило Алвес қақпаға дәл бағыттады. 53-минутта дәл сол Мульдинов жеңісті голды соқты. Петропавлдық клуб бұл ойыннан кейін 17 ұпаймен бесінші орынға көтерілді. 13 ұпайы бар "Каспий" тоғызыншы орында қала берді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу