"Тараз" "Шахтердың" тас-талқанын шығарды

1415

Бүгін Қазақстан Премьер-лигасының 4-туры аясында төрт кездесу өтті.

"Тараз" "Шахтердың" тас-талқанын шығарды

"Тараз" футболдан ел біріншілігінің төртінші туры аясында қарағандылық "Шахтерды" қабылдады. Тараз қаласындағы Орталық стадионда өткен матчта 4:0 есебімен алаң иелері жеңіске жетті.

Ойынның 20-минутында есеп ашқан Фейд Обилор бірінші тайм аяқталар тұста дубль жасады. Қорғаушы екі голды да бұрыштамадан асырылған пастан кейін соқты. 51-минутта Педро Эуженио командасының үшінші голын соқты. Қосымша уақытта Ненад Адамович қақпашымен жеке дара шығып, ойынның нүктесін қойды. "Тараз" бұл ойыннан кейін сегіз ұпаймен көш басына шықты. Ал қарағандылық ұжым соңғы орында тұр.

"Ақжайық" Қазақстан Премьер-лигасының төртінші турында "Қызыл-Жар" клубымен кездесті. Матч Орал қаласындағы "Ақжайық" стадионында өтіп, 0:1 есебімен петропавлдық клубтың пайдасына шешілді. Өткен турдың символикалық құрамына енген "Ақжайық" қорғаушысы Абрахманов өз қақпасына гол соғып алды. Екінші матч қатарынан жеңіске жеткен Андрей Карпович шәкірттері 7 ұпаймен үшінші орынға көтерілді. Үш ұпайы бар "Ақжайық" сегізінші орында қала берді.

"Ордабасы" мен "Ақтөбе" OLIMPBET-Қазақстан футбол чемпионатының төртінші турында ұпай бөлісті. Кездесу Алматыда "Жас Қыран" стадионында өтіп, 4: 4 есебімен аяқталды. Екі тайм да нәтижелі болып, әрқайсысында төрт гол соғылды. Шымкенттіктер сапынан Темірлан Ерланов (12-минут), Жоао Пауло (36, 74-минут) және Сергей Хижниченко (90 + 1-ші) гол соқса, ақтөбеліктерден Игорь Сергеев (27-минут), Еркебұлан Нұрғалиев (43-минут), Рифат Нұрмугамет (86-минут) және Михал Йерабектер (90 + 4-минут) көзге түсті.

Бесінші турда, 13-сәуір күні "Ақтөбе" өз алаңында "Қызыл-Жар СК" командасымен ойнайды. Ал 14-сәуір күні "Ордабасы" өз алаңында "Астанамен" кездеседі.

"Қайсар" OLIMPBET-Қазақстан футбол чемпионатының төртінші турында "Каспийді" жеңді. Матч Қызылордада өтіп, алаң иелерінің пайдасына 2:1 есебімен аяқталды. Кездесудің 26-минутында Руслан Мингазов гол соқты. Ал бұған алаң иелері 47 және 81 минуттарда Каролис Лаукжямис пен Шоқан Абзаловтың дәл соққыларымен жауап берді. Екінші таймды сәтті өткізген қызылордалық команда осы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Бесінші турда, 14 сәуір күні "Қайсар" өз алаңында "Тобылмен" ойнайды, ал "Каспий" "Қайратты" қабылдайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу