Алматылық "Қайрат" Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінің жауапты матчында финляндиялық КуПС командасын 3:0 есебімен жеңіп, екі ойын қорытындысы бойынша (3:2) келесі кезеңге өтті.
Матчтың есебі 9-минутта ашылды. Бұрыштамадан кейін 16 жастағы шабуылшы Дастан Сәтпаев допты қағып алып, айып алаңы сыртынан жойқын соққы жасап, гол соқты.
29-минутта португалиялық Жоржиньо есепті еселеп, қақпашыдан қайтқан доптың ізін суытпай торға тоғытты.
Тайм соңында Валерий Громыко үшінші голды соқты. Бұл клуб тарихындағы тарихи сәт болып тіркелді. "Қайрат" Чемпиондар лигасы аясындағы бір ойында алғаш рет 3 гол соқты.
Алайда матч күтпеген оқиғаға толы болды. Ойын барысында ойыншылар арасында түсініспеушілік туындағанда, қосалқы құрамда отырған жартылай қорғаушы Георгий Зария алаңға жүгіріп шығып, тікелей қызыл қағаз алды.
Екінші таймда алаң иелері қарсыласқа есепті өзгертуге мүмкіндік бермей, 3:0 есебін сақтап қалды.
Енді үшінші іріктеу кезеңінде Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері Словакиялық "Слован" мен Босния және Герцеговинаның "Зриньски" командасы арасындағы жұптың жеңімпазымен кездеседі.
Бұл жеңіс "Қайрат" үшін тарихи болды. Алматылық клуб өз тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне өтті.