Дональд Трамп тарихта алғаш рет Орталық Азияға, соның ішінде көрші елге келуі мүмкін

820

Өзбекстан – АҚШ-тың басты серіктесіне айналды. 

Дональд Трамп тарихта алғаш рет Орталық Азияға, соның ішінде көрші елге келуі мүмкін Фото: review.uz

АҚШ Президенті Дональд Трамп жаңа ермек тапты. Ол енді Ауғанстанды Американың әскери базасына айналдыруға ниетті.

Осы орайда әлемдегі №1 супердержаваның лидері ауған жеріндегі Бағрам әскери базасын қайтарып алу жоспары туралы алғаш 2025 жылғы 18 қыркүйекте жариялады. Ол осы мәлімдемесін ең жақын серіктесі – Ұлыбритания патшалығының Премьер-министрі Киер Стармермен келіссөзінен кейін жасады.

Өз сөзінде АҚШ көшбасшысы америкалық әскерлер аталған базада қайтадан орналасуы үшін өз әкімшілігінің тәліптермен уағдаласып жатқанын жеткізді. Ел астанасы Қабыл қаласынан 40 шақырым жерде тұрған Бағрам ірі әскери базасын 1950-ші жылдары Кеңес одағы салған болатын. Кейін ол Американың Ауғанстандағы ең ірі базасы және ауған елін 20 жылдық оккупациялау кезіндегі орталық қолбасшылық пункт қызметін атқарды.

Алайда АҚШ-тың шетелде соғыс жүргізбейтінін жария еткен Трамп бірінші каденциясы аяқталар тұста Ауғанстаннан әскерлерді шығару туралы осы елдің сол кездегі сайланған президентімен келісім бекітті. Оның бұл жарлығын орындау келесі Президент Джо Байденге қалды. Ол оны 2021 жылы қырсыз, ұйымдаспаған түрде жүзеге асырып, әлем алдында ұятқа қалды. Оның соңы Ауғанстанның ресми билігінің құлауына және билік басына тәліптердің келуіне соқтырды.

Егер заманында өзі тастап кетсе, енді Бағрам Трампқа не үшін керек бола қалды? Мұның мәнісін ол осы жолы шамалап түсіндірді. Байламынша, біріншіден, Ауғанстандағы осы база Қытайдың, соның ішінде осы елдің ядролық объектілерінің жанында, бір сағаттай қашықтықта, "стратегиялық ұтымды" орналасқан, сонысымен құнды. Бүгінде жаһандық қос алпауыт текетіреске түсе бастағаны мәлім.

Екіншіден, Трамптың мәлімдеуінше, Бағрам – әлемдегі аса ірі авиабазаның бірі. Оның ауыр бетон мен болаттан жасалған ең үлкен ұшу-қону жолақтары бар. Оның бұл жолақтарының ұзындығы 3,6 шақырымға созылып жатыр. Яғни, кез келген ауыр бомбалаушы және әскери жүк ұшақтарын қабылдай алады.

"Біз Бағрамды кері оралтуға тырысып жатырмыз. Өйткені тәліптерге бізден бірнәрсе керек. Соған айырбас ретінде біз базаны кері алғымыз келеді", – деген Трамп "Талибанға" АҚШ-тан не керек екенін нақтыламады.

Таяуда Дональд Трамп осы бастамасына қайта оралды және егер Бағрам авиабазасын АҚШ бақылауына тапсырмаса, Ауғанстан үшін әлдебір "салдарлар" болатынын мәлімдеп, доқ көрсетті.

"Егер Ауғанстан Бағрам авиабазасын соны салған елге – Америка Құрама Штаттарына кері қайтармаса, жаман нәрсеге тап болады", – деп жазды Трам әлеужеліде. Бұл ретте ол капслокты қолдана отырып, соңғы сөздерді үлкен қаріптермен терді.

Ізінше, Ақ үйде журналистер алдында сөйлеген АҚШ президенті қоқан-лоққысын қайталады. Алайда бермесе нақты не істейтінін тағы да айтпады.

"Біз бүгінде Ауғанстанмен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Базамызды мейлінше тез, дәл қазір қайтаруға күш саламыз! Егер ауғандар біздің қалағанымызша жасамаса, менің неге баратыныма сіздер куә боласыздар!", – деді Трамп журналистерге.

Ауғанстан Ислам Әмірлігінің қазіргі билігі біршама қатаң жауап берді. "Талибанның" Қорғаныс министрлігінің штаб бастығы Фасихуддин Фитрат базаны саяси мәміле арқылы қайтарудан ештеңе шықпайтынын, өйткені енді бір қарыс ауған жері жатжұрттықтарға берілмейтінін, мұның қажеті жоқтығын мәлімдеді.

Дегенмен, өткен аптада Қабыл қаласына өзіндік "тарихи" сапар ұйымдастырылды: Трамп әкімшілігінің кепілдегілер мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Адам Бёлер "Талибанның" сыртқы істер министрі Әмір Хан Муттакимен кездесті.

Тәліптер Трамптың Бағрамды АҚШ-қа беру ұсынысын қабылдамай тастады, бірақ екі елдің қарым-қатынастарын дамыту үшін келіссөздерге бәрібір мүмкіндік қалдырды.

"Тіпті АҚШ-тың Ауғанстанда әскери қатысуынсыз-ақ қос тарап бір бірімен ынтымақтасуға тиіс. Екі мемлекет өзара құрмет пен ортақ мүдде негізінде саяси және экономикалық ықпалдастығын жолға қоя алады. Ауғандар өз тарихында бірде бір елдің әскери басқыншылығын қабылдамаған. Бірақ ынтымақтастықтың басқа түрлері үшін барлық жолдар ашық күйде қалады", – деп жазды келіссөздерден кейін әлеужеліде тәліптердің СІМ басшысының өкілі Закир Джалали.

АҚШ-тың бұрын Қырғызстанда да, Өзбекстанда да әскери базалары болған. Қырғызстандағы америкалық базаны Бішкек ШЫҰ-ның, соның ішінде Бейжің мен Мәскеудің табандауымен 2014 жылы жауып тастады. Сол жылғы шілдеден Манас авиабазасының инфрақұрылымы, жалпы құны 30 миллион доллардай америкалық жабдықтар мен техника қырғыздың Ұлттық ұланының қарауына көшті.

Өзбекстанда Қашқадария облысында орналасқан "Қаршы Ханабад" әскери әуежайы (Qarshi Xonobod aeroporti) бар. 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактілерден кейін және АҚШ басшылығымен "жаһандық антитеррористік коалиция" құрылған соң Өзбекстан осы базаны "Пентагонның" пайдалануына тапсырды.

АҚШ қорғаныс (қазіргі – соғыс) министрлігі өзбекстандық авиабазаны іргедегі Ауғанстан аумағындағы әскери операцияларына авиациялық қолдау көрсету, әуеден соққы беру, азық-түлік, әскери мүлік сияқты түрлі жүктерді жеткізу үшін хаб ретінде пайдаланды.

Осы мақсатта, 2001 жылғы 7 қазанда бекітілген келісімге сәйкес, Өзбекстанға C-130 әскери-тасымалдаушы ұшақтардың тұтас эскадрильясы, оншақты Black Hawk тікұшақтары, шамамен 1 500 әскерилер жеткізіліп, тұрақты орын тепті.

Америка кеңестен қалған, ескі Қаршы авиабазасын айтарлықтай жетілдіріп, жаңғыртты. Сондай-ақ оны арендаға алғаны үшін жыл сайын 10 миллион доллардан төлеп тұрды. Дәл сол кезден бастап, Өзбекстан АҚШ-тың Орталық Азиядағы ең басты серіктесіне айналды.

Америкалық тараптың дерегінше, Вашингтон өзбекстандық база үшін 163 миллион доллар жұмсапты. Алайда мамыр айында Әндіжанда болған қанды оқиғалардан кейін АҚШ Өзбекстан билігінен тәуелсіз тергеу жүргізуді талап етті.

Осыдан кейін, 2005 жылғы шілдеде өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитінде "Қырғызстан мен Өзбекстандағы америкалық әскери базалардың ары қарайғы болуының орындылығы" туралы мәселе төтесінен қойылды және ол талап саммит қорытындысында қабылданған декларацияда көрініс тапты.

2005 жылдың жазында Өзбекстан шұғыл түрде тиісті заң қабылдап, Америкамен база бойынша ынтымақтастығын уақытша тоқтатты және келісім мерзімін ұзартпай тастады. АҚШ-тың өз әскерін шығарып әкетуден басқа амалы қалмады. Әйтсе де, жергілікті ақпарат құралдары біраз әскери мүлік Өзбекстанға табысталғанын хабарлады.

Енді араға 10 жыл салып, Америка Өзбекстанға мол қаржымен қайта оралды. Әрине, әскери базаны қайта ашу туралы мәселе әзірге күн тәртібіне ашық қойылып отырған жоқ.

Оның орнына Құрама Штаттар Өзбекстан энергетикасын толығымен модернизациялауға бұрын-соңды болмаған көлемде мол ақша салатын болды.

ӨР энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов "O’zbekiston 24" телеарнасына сұхбатында жариялағандай, Өзбекстан үкіметі мен америкалық компаниялар бірқатар стратегиялық келісім жасасты.

Оған сәйкес, АҚШ өзбекстандық энергетикалық секторға жалпы көлемі 4 миллиард долларға (шамамен 48,4 триллион сумға немесе 2,2 триллион теңгеге) дейінгі көлемде инвестиция салады.

"Аталған келісімшарттарға АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің экономикалық саясаты аясында қол жеткізілді. Жаһандық серіктестікті күшейтуге бағытталған бұл келісімдер Өзбекстанның энергетикалық саласын технологиялық модернизациялаудың жаңа бетін ашады", – деді елдің бас энергетигі.

Өзбектің "UPL.UZ" порталының жазуынша, екі елдің ынтымақтастығының басты бір бағыты – Өзбекстанның газ тасымалдау жүйесін кең ауқымды жаңғырту болады. Энергетика министрлігі сығымдау компрессорлық станциялардағы әбден ескірген газды агрегаторларын заманауи электрлі қозғалтқыштарға ауыстыру туралы тұғырлы келісімге қол жеткізді.

Бұл бағдарлама 2-3 жылға созылады және ең кемі 800 миллион доллар қаржы салынады. Капиталды көп қажет ететін бұл жобаға қаржылық қолдау көрсетуге АҚШ-тың Эксимбанкі дайындығын білдірді және 852 миллион долларға несие желісін ашып жатыр.

Америкалық Air Products компаниясы да елдегі қатысу үлесін айтарлықтай кеңетуде. Өзбекстан президентімен тікелей келіссөзден кейін компания өз қызметін әр салада қатар өрбітіп, түрлі жобаға инвестиция салғысы келетінін растады.

Нақтылағанда, әңгіме Бұхар облысында газ-химиялық кешенін салу, экологиялық таза авиациялық отынды өндіруге кірісу сияқты стратегиялық жобаларды жеделдетіп жүзеге асыру туралы болып отыр.

Сондай-ақ көмірден газ бөлу технологиясын да Америка Өзбекстанда ендіруді жоспарлап қойды. Министр Журабек Мирзамахмудовтың дерегінше, бұдан синтез-газ алынады және қосылған құны жоғары аммиак, метанол және басқа да нарықта кең сұранысқа ие өнімдер шығарылады.

Пайдалы қазбаларды барлау және игеру саласында да маңызды құжаттарға қол қойылды. Мұнай сервисі секторындағы әлемдік алпауыттар Schlumberger мен Baker Hughes ешкімге бермей келген технологиялары мен тәжірибесін Өзбекстанға табыстайтын болды. Бұл бұрғылаудың заманауи озық әдістемесін елде ендіруге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, "ӨзбекМұнайГаз" бен Gulf компаниясы 100 миллион доллар тұратын уағдаластыққа қол жеткізді. Оның аясында бүкіл Өзбекстан бойынша атақты америкалық брендпен жұмыс істейтін жанар-жаһармай құю станцияларының заманауи желісі құрылады.

Айтқандай, ӨР президенті Шавкат Мирзиёевтің мәліметінше, соңғы 8 жылда Өзбекстан 230 миллиард доллар инвестицияны игерген, соның ішінде 120 миллиард доллары – шетелдік инвестиция болып табылады.

"Кейінгі 8 жылда ғана АҚШ пен ӨР өзара тауарайналымы 4 есеге артты! Бүгінде 300-ден аса америкалық компания Өзбекстан экономикасына қаржы салып, жұмыс істеуде. Біз Franklin Templeton-мен бірге Ұлттық инвестициялық қор құрдық, ол жергілікті инновациялық жобаларға қолдау көрсетіп жатыр", – деді Өзбекстан президенті.

Биылғы 22 қыркүйекте, Нью-Йоркте ӨР көшбасшысы Шавқат Мирзиёев АҚШ Президентімен жеке кездескен болатын. Осы орайда Azattyq Asia Трамптың Ташкентке сапармен келуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Әзірге Америка тарихында бірде бір президенті біздің өңірге аяқ баспаған екен.

Нью-Йорктегі жүздесу кезінде өзбек лидері оны Ташкентке сапарлауға шақырды.

"Мен Сізді Өзбекстанда күтемін! Тұңғыш сапар бәрібір жасалуға тиіс қой. Оның үстіне Сіз өзіңіз маған уәде еткенсіз. Самарқанды көргіңіз келетінін айтқансыз", – деді Мирзиёев Трампқа қарата.

"Қуана-қуана барамын! Тек мән-жайын ойластыруым керек", – деп жауап қатты Америка Президенті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу