Ташкент маңында жаңа логистикалық хабқа арналған 60 мың шаршы метрлік қойма салынады

1992

Silkway CA мен China Railway Construction Engineering Group (CRCEG) бірлескен кәсіпорны Ташкент облысындағы көпфункционалды логистикалық орталықтың екінші кезеңін салуға арналған EPC-келісімшартқа қол қойды. 

Ташкент маңында жаңа логистикалық хабқа арналған 60 мың шаршы метрлік қойма салынады Фото: Ұйымдастырушылардан

Жоба аясында жалпы аумағы шамамен 60 мың шаршы метр болатын заманауи қойма кешендері салынады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жаңа нысандарға аумағы 41 472 шаршы метрлік А+ санатындағы қойма және аумағы 18 432 шаршы метрлік көпсекциялы тоңазытқыш қойма кешені кіреді.

Тоңазытқыш қойма көпаймақты температуралық бақылау жүйесімен жабдықталады. Бұл бір мезгілде өнімдерді әртүрлі температуралық режимде, атап айтқанда, терең мұздатудан бастап қысқа мерзімді салқындатуға дейін сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге тауар қорын автоматты түрде есепке алу және өнімдерді қоймаға түскен мерзіміне қарай сұрыптау жүйесі көзделген.

Логистикалық орталық құрылысының бірінші кезеңі 2026 жылдың наурыз айында басталды. Ол теміржол инфрақұрылымы, контейнерлік терминал және қойма кешендерін құрудан тұрады.

CRCEG компаниясы – екі кезеңнің де бас мердігері. Бұл технологиялық шешімдердің сабақтастығын сақтауға әрі құрылыстың бірыңғай стандарттарын қолдануға септігін тигізеді. 2027 жылы негізгі құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.

Көпфункционалды логистикалық орталық Ташкент облысы Янгийүл ауданында аумағы 159,4 гектар жерге салынып жатыр.

Silkway Central Asia жобасы Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы ынтымақтастық және екі ел президенттері қол жеткізген келісімдер аясында қолға алынып жатыр.

Құрылыстың операторы болып PTC Holding қазақстандық компаниялар тобы мен "Ўзбекистон темир йўллари" АҚ қатысуымен 2025 жылдың наурыз айында құрылған Silkway CA бірлескен кәсіпорны белгіленді.

Жаңа орталық PTC Holding қалыптастырып жатқан көлік-логистикалық нысандар желісінің бір бөлігі болады. Оның құрамына Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Dostyk TransTerminal контейнерлік терминалы мен Грузияның Поти портындағы Poti TransTerminal да кіреді.

Аталмыш нысандар Қытай, Орталық Азия, Кавказ және Қара теңізді байланыстыратын халықаралық көлік бағыттарының негізгі учаскелерінде жүктерді өңдеу мен қайта тиеуді қамтамасыз етеді. Ташкент облысындағы жаңа орталықтың іске қосылуы өңірдің қойма және терминалдық мүмкіндіктерін арттырып, оның халықаралық жеткізу тізбектеріндегі рөлін күшейтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу