Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстандық 15 жас футболшы Ташкентте өтіп жатқан Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол фестиваліне қатысу үшін барған еді.
Алдын ала ақпаратқа сай, жас спортшылардың іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Алғашқы медициналық тексеру кезінде дәрігерлер тағамнан улану ықтималдығын қарастырған. Дегенімен, балалардың неден ауырғаны әзірге нақты анықталмады.
Мәліметке сүйенсек, жұмыртқа тұтынбаған 8 баладан ауру белгілері байқалмаған. Қазіргі уақытта зертханалық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Олардың түпкілікті қорытындысы 12 сағат ішінде дайын болады деп күтілуде.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанның дипломатиялық өкілдері оқиғадан хабардар. Медициналық көмекке мұқтаж отандастарымыздың барлығы Өзбекстандағы мамандандырылған медициналық мекемелерге орналастырылып, қажетті ем қабылдап жатыр.
– Қазақстандық дипломаттар отандастарымыздың туыстарымен және медициналық мекемелермен байланыс орнатып, аталған мәселені тұрақты бақылауда ұстап отыр, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазір жас футболшылардың денсаулығы дәрігерлердің бақылауында. Олардың жаппай сырқаттануына не себеп болғаны зертханалық талдау нәтижелері жарияланғаннан кейін белгілі болмақ.