Татарстан Президентінің орнына Татарстан Раисы институты құрылады

2452

Ресей құрамындағы татар елі амалсыздан, айлаға басты. Бодан елдің күні аянышты: татар жігіттері орыс империясы үшін қан төгуде, ал Мәскеу Украинаның жермен-жексен етілген Лисичанск қаласын қайта тұрғызу шығынын Татарстанға артты. 

Татарстан Президентінің орнына Татарстан Раисы институты құрылады Фото: ТАСС

Кремль бар билікті Путиннің уысында шоғырландыру аясында 2010 жылдан бері "елде бір ғана Президент болуға тиіс" деген ұранмен федерацияның субъектілерінде президенттік институтты жоюға кірісті. Татарстан бұған ұзақ уақыт қарсыласып бақты. Ақыры таяуда соңғы қамал да құлады.

2022 жылғы 23 желтоқсанда, жылдағы соңғы отырысында татар парламенті Татарстан Конституциясына өзгерістер енгізетін заң жобасын қабылдады.

Бұл құжаттың федералдық орталықтан, яғни Мәскеуден түсірілгенін бірқатар оппозициялық ақпарат құралдары хабарлады.

Заңның басты мақсаты – татар билеушісінің лауазымын қайта атау. Себебі оның көшбасшысы Путин сияқты президент деп атала алмайды. Содан қалжыңдаған, әрі іштегі қыжылын білдірген қоғамның кейбір өкілдері Президент орнына келетін институтты "Татар ханы" деп атауды ұсынған. Бұл ата-бабадан ұлттың жанына жақын атау.

Ханға қатысты ұсынысты парламентшілердің қараған-қарамағаны белгісіз. Бірақ республиканың Мемлекеттік Кеңесінің (Парламент) төрағасы Фарид Мухаметшин кешегі қорытынды баспасөз конференциясында "жаңа атауға қатысты келісім рәсімдерін жүргізуге тура келгенін, оның жай-жапсарын жария ете алмайтынын" мәлімдеді.

Бірақ ақырғы нәтиже бәрібір – біреу: Мәскеу дегеніне жетті.

"Біздің бәріміз не істеуге тиіс болсақ, соны жасадық: республиканың ең жоғарғы лауазымды тұлғасының атауын сәйкестікке келтірдік. Енді Конституцияда ол “Президент” деп аталмайтын болады. Алдымызға қойылған басты міндет осы болды. Біз оны орындадық. Федералдық орталыққа да, сондай-ақ бұған көнгісі келмейтіндерге де қарсы тұрып жатпадық", – деп түйді Мухаметшин мырза.

Сонымен, заңнамаға сәйкес, Татарстан Президентінің орнына "Татарстан Раисы" (заң бойынша – Раис Республики Татарстан) келді. Мәскеудің қыстауымен РФ өзге республикаларының көшбасшылары жай ғана басшыға айналған. Мысалы, көрші башқұрттардың президенті енді башқұрт тілінде "Башҡортостан Республикаһы Башлығы" (басшысы) деп аталады. Өзгелерінде де солай.

Ал кезіндегі ұлы ұлыстардың мұрагері саналатын Татарстан төл жолын таңдады. Арабтың "бас" деген сөзінен туындаған Раис бастық деген мағынада қолданылады. Араб тілінен тәржімашылар оны негізінен, Президент деп аударады. Араб тіліндегі бұл титул кейін түркі тілдеріне енді. Мысалы, Түркияда reis термині капитан сөзінің синонимі ретінде пайдаланылады.

Ел басшысын Раис атауды іс басындағы Президент Рустам Минниханов пен депутаттар ғана емес, сонымен бірге Татарстанның тұңғыш Президенті Минтимер Шаймиев те қолдапты: ол бүгінде республиканың Мемлекеттік кеңесшісі лауазымына ие.

Әрине, Татарстан төл президентінің атауын қорғап, ары қарай да тіресуі мүмкін еді, бірақ Мәскеу және пропаганда бұдан сепаратизмнің нышандарын "байқап", қысымды арттыра түсті.

"Біз республиканың ең жоғарғы лауазымды тұлғасының атауын өзгерту арқылы РФ федералдық заңын қолдадық. Біздің бұл қадамымыз дана, сарабдал болды деп санаймын. Өйткені басқа шешім қабылдасақ, жауларымызға қолғабыс еткен болар едік. Қастық пейілдегі Батыс мемлекеттерінің еліміздің субъектілерін ажырату, бөліп алу талаптары табысқа жетпеді", – деді Татарстан МемКеңесінің төрағасы.

Ф.Мухаметшин қабылданған жаңа заңда өтпелі кезең бекітілгенін түсіндірді: оған сәйкес, іс басындағы Президент Р.Минниханов президент атағын сақтап қалады. Раис деген жаңа атау өңірдің жаңа сайланатын келесі басшысына таңылмақ.

Сонымен бірге, Татарстанның Ата заңына қатысты "ары қарай да бірқатар мәселелер қалып тұрғаны" айтылды. Татар депутаттары оны қаңтардағы сессиясында қарайтын болады. Оның қандай проблемалар екені жарияланбады, бірақ олар бойынша ортақ шешімге келе алмаған. Себебі, Парламент спикері "егер барлық келісім процедураларын қаңтарда аяқтап үлгермесек, онда ақпандағы отырыстарға қалады", – деп айқындылық жоқтығын аңғартты.

"Қастық пейілдегі Батысқа" сын айтқанымен, Мәскеудің диктатының күн санап күшейгеніне татарлар өкпелі көрінді. Парламентінің басшысы да орталықтағылардың "республика тұрғындарының өмірін қиындатып жібергеніне" шағымданды. Өйткені биыл Мәскеудің және федералдық заңның талабына сәйкес, Татарстан парламенті республиканың Конституциялық сотын таратуға мәжбүр болды.

"Салдарынан конституциялық нормалар мәселелері бойынша шағымдануға қатысты республика тұрғындарының өмірі өте қатты қиындатылды. Енді оларға Санкт-Петербургта орналасқан Ресей Конституциялық сотына сапарлауға тура келеді. Біздің Конституциялық сот халықпен кері байланыстың игі тетігі қызметін атқарды. Сол арқылы әлдебір теріс заңдарды реттеп отыруға болатын еді. Ұзақ жылдар бойы жолға қойылған кері байланыс енді жоқ", – деді Фарид Мұхаметшин.

Ол КС орнына келесі жылы жаңа институт құрылуы мүмкін екенін жеткізді. Бірақ оның құзыры әлдеқайда нашар болады: Конституциялық палата немесе Конституциялық сот түрінде құрылуы мүмкін. Қазақстан бұрынғы билік тұсында осы жолмен жүріп өтті: тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында болған Конституциялық сот жойылып, орнына қарапайым адамдарды есігінен қаратпайтын, билікке қызмет ететін Конституциялық кеңес (КК) құрылды. Тек биыл Қ.Тоқаевтың реформалары аясында КК жойылып, орнына қарапайым адамдардан да шағым қабылдайтын Конституциялық сот ашылып жатыр. Яғни, Татарстан Қазақстанға кері жаққа, өткенге қарай кетіп бара жатқан сияқты.

Мухаметшин Татарстанның Конституциялық сотының орнына келетін жаңа институт "жай ғана кеңес беретін консультативтік орган болатынын, сот органына тән өкілеттіктерден жұрдай болатынын, ал оның шешімдерін орындау міндетті болмайтынын" күрсіне хабарлады.

Татарстанның қарапайым азаматтарының да өмірі күрсініске толы болса керек. Кремльдің қыстауымен Татарстан "Алға" және "Тимер" аталған еріктілер батальондарын қалыптастырып, ұландарын Украинаға қарсы соғысуға аттандырды. Жаңа жыл қарсаңында, ондағы жауынгерлері Татарстан басшысына бейнеүндеу жолдады. Роликті Татарстан Президенті Рустам Миниханов жылды қорытындылаған баспасөз конференциясында жариялап, көрсетті. Онда татарлар өзгелер сияқты өздерін дереу майдан даласынан алып кетуді сұрап, жағдай айтып, жылап-сықтаған жоқ. Тек республика басшылығына және қарапайым тұрғындарға көмегі үшін алғыс айтты. Сорақысы сол, Кремль қанды қырғынды өзі бастағанымен, соған жолдаған солдаттарды киіндіру, тамақтандыру, тіпті қаруландыру шығындарын субъектілерге жүктеді. Содан жұртшылық барлық керек-жарақты, тіпті солдаттар киетін шұлыққа дейін өздері сатып алып, жолдап жатыр. Басқыншылар қатарындағы татар жауынгерлері киіндіргені, қаржымен қамтамасыз еткендері, гуманитарлық жүктері үшін басшылық пен тұрғындарға ризашылығын білдіріп, басқа қиындықтарға төзетіндерін жеткізді.

Жалпы, Мәскеу Қазанның алға басқан адымын кері тартып отырғаны байқалады. Республика басшысы өз сөзінде санкциялар болмағанда, Татарстанның өсімі жоғары болатын еді дегенді айтып қалды. Қазіргі кезде РФ құрамындағы субъекті ретінде Татарстан да ауыр санкциялар астында қалып, өз өнімдеріне жаңа нарықтар іздеуге мәжбүр көрінеді.

Ғажабы сол, биыл Ресейдің жалпы ішкі өнімі рекордтық деңгейде құлдырайды деп болжанып отыр, яғни, рецессияға кірді. Ал Татарстанда керісінше, өсім тіркелуде.

"2022 жыл бойы Ресейге теңдесі жоқ экономикалық қысым көрсетілді. Бұл ретте барлық қиындықтарға қарамастан, Татарстанның жалпы өңірлік өнімінің көлемі де, өнеркәсіптік өндіріс те биыл былтырғы жылдың көрсеткішінен асып түседі. Бізге жаңа бағыттар керек. Жаңа шешімдер, жаңа жеткізушілер қажет. Ең бастысы, енді біз өзімізге сүйенетін боламыз. Экономикамыз жұмыс істеуі үшін нақты, жүйелі жұмыс істеуге тиіспіз. Жағдай күрделі болғанымен, биыл республиканың экономикасы, өндірісі құлаған жоқ. Бізде керісінше, өсім бар. Санкция болмағанда өсім әлдеқайда көп болатын еді", – деді Р.Минниханов.

Қандай жағдай болса да, ұлы татар халқы қатардан қалмайды. Мысалы, бүкіл Ресей өткен ғасырдағыдай, қағаз құжаттардан тау тудырып жатқанда, Татарстан цифрлық трансформацияны жүзеге асырып, барлық мемлекеттік және муниципалдық қызметтерді тегіс цифрлық форматқа көшірді. Бұл жағынан ол Ресейден гөрі, Қазақстанға ұқсас.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу