"Тау-кен Самұрық" үш өңірде геологиялық барлау жүргізеді

11984

Қазақстанда орта мерзімді келешекте жаңа кен орындарының болмауы кен байыту саласының құлдырауына алып келуі мүмкін. 

"Тау-кен Самұрық" үш өңірде геологиялық барлау жүргізеді

"Тау-кен Самұрық" ұлттық кен компаниясы еліміздің үш облысында геоло­гиялық барлау жұмыстарын бастамақ. Акционерлік қоғам бұл шаруаны "Discovery Ventures Kazakhstan" ЖШС-мен бірлесіп жүргізбек.

Дәлірек айтсақ, қос компания Жамбыл, Қарағанды және Шығыс Қазақ­стан облыстарының аумағын барлап көрмек. Олар жобаны іске асыруға 6 жылды арнамақ. Бірінші кезең­дегі барлық геологиялық барлауды "Discovery Ventures Kazakhstan" ЖШС қаржыландырады.

Келісімшарттық учаскелердің жалпы ауданы шама­мен 1 500 шаршы шақырымға тең. Опе­ра­торлық келісімде алтын, мыс, мырыш және ілеспе металдарды барлау қарастырылған.

"Қазір отандық минералды шикі­зат базасының өндіріс қарқыны айтар­лықтай төмендеуде. Бұл өте маңызды мәселеге айналып отыр. Қазақстанда орта мерзімді келешекте жаңа кен орындарының болмауы кен байыту саласының құлдырауына алып келуі мүмкін. Тәуекелдің жоғарылығына қарамастан, біз геологиялық барлау жоба­ларын бастау туралы шешім қабыл­дадық. Бұл әлемдік үрдіс. Көпте­ген ірі компаниялар қазір дәл осы жол­мен жүріп келеді", – дейді "Тау-кен Самұрық" ұлттық тау-кен компа­ниясы" АҚ Басқарма төрағасы Қанат Құдайберген.

Компания өкілдерінің хабарлауынша, барлаудың алғашқы жылында тарихи деректерді жинау және түсіндірумен, геофизикалық зерттеулермен және геологиялық карталаумен айналыспақ. Бұдан бөлек лицензиялық аумақ бойынша ауқымды аэромагнит­тік түсірілім жүргізу жоспарлануда. Со­дан кейін геофизикалық зерттеулер­дің деректері кейінгі жылдарға қажетті геоло­гиялық барлау жұмыстарының көле­мін анықтау үшін жан-жақты талданатын болады.

Еске сала кетейік, "Discovery Ventures Kazakhstan" ЖШС – юниорлық компания. Тарқата айтсақ, бұл – дамудың бастапқы сатысындағы жобаларға бағдарланған шағын компания.

Осы орайда "Тау-кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясы" АҚ юниорлық компанияларды қолдау бағ­дарламасын жүзеге асыруда. Геоло­гиялық барлауға бағдарланған мұндай компанияларға акционерлік қоғам "бір терезе" қағидаты бойынша жан-жақты жәрдем ұсынады. Ондағы мақсат – тау-кен секторын дамытуды ынталандыру және минералдық-шикізат базасын молайту міндеттері шеңберінде қаржылық, сараптамалық, маркетингтік және мемлекеттік қолдау.

Санжар Беркінбай


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться