Тауар экспортаушы компаниялардың 21%-ы Алматыда шоғырланған

Өткен жылы мегаполистің шикізаттық емес экспорты 4 млрд доллардан асты. 

Тауар экспортаушы компаниялардың 21%-ы Алматыда шоғырланған Фото: elle.com.kz

Қазақстанда отандық экспортаушыларды қолдау көлемі жыл сайын ұлғайып келеді.  KazakhExport бағалауынша  2022 жылы экспортшылар рекордтық көлемде - 259,1 млрд теңге қолдау алған. Бұл көрсеткіш 2021 жылы 204,7 млрд теңге, 2020 жылы 134 млрд теңге болған еді. 2022 жылы пандемиядан кейінгі экономикалық қиыншылықтар мен геосаяси жағдайларға қарамастан, экспорттау көлемі төмендеген жоқ. Ол көп жағдайда мемлекеттік қолдауға байланысты. Ал мемлекеттік қолдау Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын талаптарын орындау бағытында жүзеге асуда. Оған 500 млрд теңге бөлінген. Оның 470 млрд теңгесі "Бәйтерек" холдингі мен "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ және "Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ, "KazakhExport" ЭСК" АҚ арқылы жүзеге асырылуда. 

Сонымен қатар Ұлттық экспорттық стратегия аясында 2022 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін 1,5 есеге ұлғайтып, өткізу нарықтары, тауарлар мен қызметтердің экспортын әртараптандыру үшін жағдай жасау болатын. Жоба жүзеге асып, діттеген межеге қол жеткізілген.  

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше 2022 жылы экспорттың номиналды құны 63,8 млрд доллар болған. Оның ішінде Италияға 11,2 млрд доллар, Қытайға 10,3 млрд доллар, Ресейге 5,9 млрд доллар, Нидерландыға 4,1 млрд доллар, Кореяға 3,6 млрд доллар, Түркияға 3,6 млрд доллар, Өзбекстанға 2,6 млрд доллар өнім экспортталған. 

2023 жылы да мемлекеттік қолдау жалғасын табуда. Қаржылай қолдаудан бөлек мемлекет отандық өндірушіге тауардың шетелдегі жарнамасы, шетелдік көрмелер, жәрмеңкелер, фестивальдарға қатысу, шетелде айрықша құқық объектілерін пайдалануға рұқсат алу рәсімдерін жүргізу,  шетелдік сертификаттау, аккредиттеу, тауарлардың талаптарға сәйкестігін растау, сонымен қатар Қазақстан аумағында тауарларды автомобиль, теміржол, теңіз көлігімен жеткізуге байланысты шығындар түріндегі көмекті көрсетеді. 
Ал өндіріс ашып, экспортқа шығарамын деушілерге толық деректерді ұсынатын арнайы ақпараттық  алаңдар бар. Мысалы, "Даму", "Атамекен" ҰКП бөлек  www.export.gov.kz порталында толық ақпараттарды алуға болады. Сонымен қатар, әлемдік онлайн алаңдарда өнімдерін сатуға қажетті ақпараттар мен мемлекеттік қолдауды ала-алады. Мұның сыртында түрлі тренингтер мен семинарлар арқылы қажетті ақпаратты алуға да мүмкіндік жасалған. 

Мұның бәрі Қазақстандық экспорттың үлесін арттыруға үлес қосуда. 

Ашық деректерге жүгінсек, елімізде  бір ғана "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінен қолдау алған 234 кәсіпорын бар. Бұл  компаниялардың 36-сы алматылық бизнес. Бұл кәсіпорындар шетелге бірнеше бағыт бойынша өнім экспорттайды. Оның ішінде тамақтан бастап, құрал жабдықтарға дейін бар. 

Бұл ретте кәсіпорындарға "Бизнестің жол картасы 2025", "Еңбек", "Қарапайым заттар экономикасы", "Алматы Бизнес 2025" сынды бағдарламалардың да көмегі зор болған. Мұнымен қатар Алматының Индустриалдық аймағы үлкен мүмкіндіктер ұсынып отыр. Мұндағы 490 гектар жер түрлі кәсіпорындарға ұсынылады. Жалпы 2025 жылға дейін аймақта  жалпы құны 111,95 млрд теңгелік 34 инвестициялық жоба жүзеге асады деп жоспарланған. Іске қосылғандарымен қосқанда барлығы 65 жоба жолға қойылып, 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылуы тиіс. Аймақтағы ең ірі резиденттер қатарында Өзбекстан мен Беларуське автокөлік құрастырып, экспорттап отырған үлкен компаниялар да бар.  

Қазіргі таңда шетелге тауар экспорттаушы қазақстандық компаниялардың 21%-ы және машина құрастыру, химия, ауылшаруашылығы, металл өңдеу бағытындағы ең ірі өндірушілер Алматыда шоғырланған. Өткен жылы мегаполисте өңделген тауар айналымы 43,1% ұлғайып, 25 млрд долларға жеткен. Шикізат емес экспорт 74,3% ұлғайып, 4 млрд долларды құраған. 

2022 жылы экспорттық акселерация бағдарламасы бойынша 47 алматылық компания Alibaba-ның алтын аккаунтына ие болған. 17 кәсіпорынның 606 млн теңге көлеміндегі тауарын жарнамалау мен жеткізу бойынша шығынын мемлекет өтеп берген. Алматылық экспортшылар өнімдерін Ресей, Қытай, Польша, Қырғызстан мен Өзбекстан, Түркіменстанға тасымалдайды. 

2023 жылдың басында Өзбекстанға алматылық "Сергек" интеллектуалдық жобасы экспортталды. Жоба жеке инвестициялар есебінен, экспорттың мемлекеттік бағдарламасын субсидиялаумен, атап айтқанда "KazakhExport" экспорттық сақтандыру компаниясы" АҚ кредит беруі арқылы іске асырылған. 

KazakhExport-тың кредиттерді сақтандыру есебінен экспортқа өнім шығарған алматылық компаниялар қатарында "Шин Лайн" және "Бахус" та бар. Несиені сақтандыру есебінен отандық балмұздақ шығаратын компания өз өнімдерін Моңғолияға, Түрікменстанға, Әзірбайжанға және т.б. сата алды. Шарап өндірісін жолға қойған кәсіпорын қысқа мерзімді дебиторлық берешекті сақтандыруды пайдаланды, осылайша өз өнімдерін Кореяға, Моңғолияға, Тәжікстанға және Ресейге экспорттайды. 

Шетелге өнім экспорттап отырған алматылық тағы бір компания "Камертон" ЖШС. Қазақстан нарығында 2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын ірімшік өнімдерінің кең ассортиментін ұсынады, жоғары сапалы өнімдерін Ресейге экспорттайды. Ел аумағында компанияның жеке қоймалары мен өндіріс орындары бар. Алдағы уақытта кәсіпорын Өзбекстан, Қытай, Гонконг, Оңтүстік Корея өнім шығауды көздейді. Өндіруші "KazakhExport" экспорттық сақтандыру компаниясы" АҚ арқылы сақтандыру түрінде мемлкетттік қолдау алған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу