Тауар сатып алушылардың жүйкесін жұқартатын жаңалық күшіне енді

222

Биылдан бастап сауда сөрелеріндегі тауар атаулының тағдыры "төртбұрышты мөрге" телінетін болды.

Тауар сатып алушылардың жүйкесін жұқартатын жаңалық күшіне енді Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Үкіметтің "көлеңкелі экономикамен" күресі көбікті сусыннан киіктің мүйізіне дейін жетті. Ашықтық салтанат құрғанда бағаның "асқақтап" кететін әдеті тағы бар.

Қысқасы, Қазақстан дүкен сөресіндегі дүниенің бәрі дерлік енді "таңбасыз – таптырмас" дейтін дәуірге қадам басты. Бұған дейін темекі мен аяқкиімнің "жүрген жолын" қадағалап келген құзырлы органдар енді азық-түлік пен тұрмыстық тауарлардың қомақты бөлігіне ауыз салды. Ресми тілде, бұл – цифрлық таңбалау. Қарапайым тілге салсақ, дүкендегі әрбір заттың өз "төлқұжаты" болады.

Бүгінде 6 тауар тобына міндетті таңбалау енгізіліп қойылды, бұлар:

темекі өнімдері,

аяқкиім,

дәрілік заттар,

мотор майлары,

киік туындылары,

сыра және сыра өнімдері.

Бұған қоса, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, өсімдік майларын, тұрмыстық химияны, газ баллондарын және ағаш өнімдерін маркировкалау бойынша пилоттық жобалар жүзеге асырылуда. Жыл соңына қарай жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен зергерлік бұйымдарға да міндетті таңба басу жоспарланған. Ақыр соңында, таңба түспеген зат бірте-бірте тек музейде ғана қалады.

Бұл ретте 2026 жылы сыра мен сыра өнімдерін цифрлық таңбалау жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі. Сондай-ақ, өндірушілердің, импорттаушылардың және сатушылардың "Тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде" (ТТҚ АЖ) тіркелу рәсімі басталды.

Жүйе өнім туралы мәліметтерді тіркеуге және өндіріс пен логистикада Data Matrix кодтарын қолдану процестерін сүйемелдеуге арналған. Таңбалау нарық қатысушылары бейімделуі үшін бірден емес, сатылы түрде енгізіледі:

2026 жылғы 1 ақпаннан бастап – кег пен бөтелкедегі сыра;

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – қаңылтыр банкадағы сыра;

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – тауар айналымының бүкіл тізбегі толық қадағалау режиміне көшіріледі.

Мемлекеттік кірістер комитетінің сарапшылары "таңбалау тек 2026 жылғы 1 ақпаннан кейін өндірілген өнімге ғана қолданылатынын" еске салды. Осы күнге дейін шығарылған, сондықтан таңбаланбаған сыра мен сыра сусындарының қалдықтарын бір жыл ішінде сатып жіберуге тиіс.

Әрине, "көбікті" өнімнің көп түрі бірнеше ай ғана сақталады. Дегенмен, кейбір сортының қолданыс мерзімі 12-18 айға созылады. Егер олар бір жыл ішінде сатылып үлгермесе, жерге төгіледі. Тіпті қанша жерден сапалы болса да, таңбаланбағаны үшін қалдық тауарға тыйым салынады, оны бизнес өз бетінше, өз қаржысына утилизациялауға тиіс.

МКК өндірушілердің, импорттаушылардың және бөлшек сауда нысандарының бірыңғай цифрлық сервис арқылы таңбалау жүйесіне қосылуға міндетті екенін қатаң ескертті. Тіркелу markirovka.kz сілтемесімен өнеркәсіптік стендте қолжетімді.

"Цифрлық таңбалау өнім айналымының ашықтығын қамтамасыз етіп, адал нарық қатысушыларын қорғайды. Жүйе өндіріс, сақтау және сату процестерін түсінікті әрі үйреншікті күйінде қалдырады, бірақ оларды заманауи цифрлық шешімдермен толықтырады. Сондай-ақ, бұл құралдар нарықты мониторингтеуді кеңейтіп, оның заңды әрі тұрақты дамуына қосымша жағдай жасайды", – деді комитет өкілдері. Қысқасы, бәрі әдеттегідей тек игілік үшін...

Алайда шенеуніктердің таңбалаумен шектен тыс әуестеніп кетуі депутаттар мен бизнесті шошынтып отыр. Олар таңбалау салдарынан тауарлардың қымбаттағанына назар аудартты. Мәселен, Сенаттағы "Өңір" депутаттық тобы кәсіпкерлермен кездесу қорытындысы бойынша 2023 жылғы 1 сәуірден бастап аяқкиімге міндетті таңбалауды енгізу қосымша шығындарға соқтырғанын мәлімдеді. Сондықтан сауда нысандары бұған қарсылық білдіруде.

Олардың есептеуінше, жыл бойы 5 мың ғана жұп аяқкиім сататын шағын сауда нүктелерінің өзінің таңбалауға қосылу бойынша бастапқы шығыны 1,1 млн теңгеден асқан. Оның үстіне тауардың әрбір бірлігіне басылатын "таңбасы" да тегін емес. 2026 жылы Қазақстанда бір Data Matrix кодының құны ҚҚС-пен бірге 3 теңгені құрайды.

Бұл шығынның айналып келіп тұтынушының қалтасына түсетіні бесенеден белгілі. Сондықтан Сенат Үкіметке таңбалауды міндетті емес, ерікті ету жөнінде ұсыныс жасаған.

Алайда Үкімет дәстүрге сай, депутаттардың бұл ұсынысын да үзілді-кесілді түрде қабылдамай тастады. Дегенмен бизнеске мұның қосымша шығын түсіріп жатқанын жоққа шығармайды. Таяуда Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин шетелдік бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесіп, цифрлық таңбалауды енгізудің практикалық қырларын талқылады.

Оның пікірінше, міндетті цифрлық таңбалау – көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, тауар нарықтарының ашықтығын арттырудың тиімді құралы.

"Бұл үдерісте сыра қайнату саласына ерекше назар аударылады. Бұл заңсыз өнім көлемін қысқартуға және нарықтың осы сегментінің 25%-дан астамын көлеңкелі экономикадан шығаруға мүмкіндік береді. Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасына сәйкес, сыра қайнату өнімдерін міндетті таңбалауды 2026 жылғы ақпаннан бастау жоспарланған. Сонымен қатар, бизнеске жүктемені азайту үшін банканы таңбалауды енгізуді 2027 жылғы қаңтарға дейін шегеру туралы шешім қабылданды", – деп нықтады Серік Жұманғарин.

Оның түсіндіруінше, бұл шешім кәсіпорындарға жабдыққа кезең-кезеңімен инвестиция салуға және өз ақпараттық жүйелерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Яғни, кәсіпкерлердің шығыны қомақты болатынын жоққа шығарып отырған жоқ.

Қазақстандағы Америкалық сауда палатасының атқарушы директоры Джефф Эрлих бұл істе асығып-аптықпаудың, "енгізу мерзімдерін теңгерімді белгілеудің" маңыздылығына назар аудартты. Оның байламынша, шектен тыс асығыстық Қазақстандағы инвестициялық климатты бұзады.

Бизнес өкілдері Үкіметтен маркировкалау мерзімдерді кейінге шегеруді табанды түрде сұрады. Efes Kazakhstan компаниясының корпоративтік мәселелер жөніндегі директоры Шыңғыс Қаскеев бірінші кезеңде, яғни, 2026 жылғы ақпаннан бастап, кег пен бөтелкедегі, ал, екінші кезеңде – 2027 жылғы қаңтардан банкадағы сыра қамтылатынын еске салды. Сондықтан жабдық жеткізу мерзімдері мен өндірістің маусымдық сипатын ескере отырып, компания бірінші кезеңді 2026 жылғы қарашаға көшіруді ұсынған екен.

Алайда Жұманғарин Үкіметтің нақты жоспары бар екенін және нарық қатысушылары уақытылы дайындалуы үшін мерзімдерді нық бекіту маңызды екенін мәлімдеді. Жоспар – бар, оны өзгерту – жоспарда жоқ.

Таңбаланатын тауарлар тізімі де айтарлықтай кеңейді. Былтыр Қазақстанда киікті атуға рұқсат берілгені белгілі. Енді олардың өнімдері де таңбалауға ілікті. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәліметінше, былтырғы 2025 жылғы 1 шілде мен 30 қараша аралығында шамамен 196 мың киік атылған.

Ұшалары (тушка) отандық ет өңдеу кәсіпорындарына тапсырылған. Ет зауыттары киік етінен консервілер жасап, негізінен, еліміздің батысындағы дүкендерде сатып жатыр. Киік еті болса, базарда шамамен 1 300-1 500 теңге тұрады.

"Киік мүйіздерін, дериваттарды есепке алуға және сақтауға ерекше назар аударылады. Киіктердің барлық мүйізі есепке алынды, таңбаланды және министрлікке бағынысты "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК ұйымында күшейтілген күзет және мамандандырылған инфрақұрылым жағдайларында сақталуда", – деді министр.

Олар болашақта шетелге, мысалы, Қытайға сатылады деп күтіліп отыр. Бірақ ол үшін Жойылу алдында тұрған жабайы флора мен фауна түрлерін халықаралық саудалау туралы Конвенция аясында СИТЕС-тен рұқсат алынуы қажет.

Осы мақсатта киік қалдықтарын цифрлық таңбалау және халықаралық реттеу мәселелері жеке қаралды. Маркировкалауға жауапты "Қазақтелекоммен" бірлесіп, толық қадағалау мен заңды айналымды қамтамасыз ететін Киік мүйіздерін таңбалау жобасы жүзеге асырылуда.

Ұсынылған жүйе CITES Халықаралық конференциясында қолдау тапты және қазақстандық дериваттардың – киіктің кесілмеген мүйіздерін, панты, тұяқтары, тұмсықтары, сондай-ақ осы өнімдердің ұнтағы мен қалдықтарының экспортына шектеулерді кезең-кезеңімен алып тастау үшін негіз ретінде қарастырылады.

Демек, өлген киіктің де "цифрлық паспорты" болатын заманға жеттік. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың тапсырмасына сәйкес, экология министрлігі және өзге де мемлекеттік органдар 2026 жылы киік санын "тұрақты басқаруға" дайындық жүргізуде. Үкімет шешімімен биыл шамамен 200 мыңдай ақбөкен атылуы мүмкін. CITES шешімдерін ескеріп, киік туындыларын, дериваттарын таңбалауға және айналымына арналған нормативтік базасын қалыптастыру ісі аяқталуға таяпты.

Сонымен, 2026 жыл басталғалы, таңбалау жүйесі тағы 4 жаңа тауар тобымен толықты. Бір топ өз ішінде көптеген тауар түрінен құралады. Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 22 қарашадағы №330-НҚ бұйрығымен таңбалауға жататын тауарлар тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұйрық бүгінде толық күшіне енді.

Бірақ ондағы кейбір тауарға өтпелі кезең белгіленген. Сөйтіп, тізбеге жаңадан "сыра", "мотор майлары", "жеңіл өнеркәсіп тауарлары", "киік туындылары" деген жаңа топтар кірді.

Енді осы топтарды тарата кетсек, 2026 жылғы 1 ақпаннан – алкогольсіз сыра; мотор майлары; компрессорлық жағармай; турбиналық жағармай; мұнай өнімдері бар майлау материалдары таңбалана бастайды.

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап – жағармайлар; антифриздер; гидравликалық және басқа мақсаттарға арналған сұйықтықтар; вазелин майы; металдарды өңдеуге арналған құрамдар; тотығуға қарсы майлар және басқасы таңбалаудан тұрақты өтуге міндетті болады.

1 желтоқсаннан – табиғи, композициялы, жасанды теріден жасалған киімді; трикотажды; тоқыма, мақта-мата жібінен жасалған ерлер-әйелдер киімдерін; тіпті төсек жаймаларын, асхана, дәретхана, асүй жаулықтарын және басқасын таңба басылмаса, саудаға шығаруға болмайды.

Таңбалаудың көрігі келесі жылы қызады: 2027 жылғы 1 наурыздан бастап, әрбір бірлік свитер, пуловер, кардиган, кеудеше; ұқсас трикотаж бұйымдары; әйелдердің блузкалары; пальто, желбегей, плащ, күрте, жадағай, шекпен және ұқсас бұйымдар; химиялық жіптерден жасалған киім; орамал, шарф, мойын орамал, мантилья, бетперде және ұқсас бұйымдар; галстуктер, мойынтақтар және басқасы таңбалануы шарт.

2027 жылғы 1 қазанда костюм, жакет, блайзер, комбинезон, бриджи, белдемше-юбка, көйлектер, шолақ шалбарлар мен спорттық костюмдер мен өзгесі таңбасыз "өмір" сүру құқығынан айрылады.

Жалпы, бұл тізім өте ұзын. Оған жеңіл өнеркәсіп тауарларынан, зергерлік бұйымдардан, биологиялық белсенді қоспалардан бастап, балалардың шұлығына дейін еніп кетті.

Осылайша, елімізде енді әр тауардың өз коды, әр кодтың өз тағдыры бар. Ал, тұтынушыларға тек сөредегі бағаға теріс әсер еткен кішкентай ғана төртбұрышты Data Matrix-ке күрсіне көз тастау ғана қалады. Өйткені қазіргі Үкіметтің талабы – таңбалы тәртіп.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу