Тауар шығаруға жұмсалатын шығынның үштен бірін мемлекет көтереді

Юлия Кузнецова Юлия Кузнецова
9669

Жаңа тауар өндіріп, экспортқа шығарсаңыз, мемлекет шығыныңыздың 30%-ын қайтарады.

Тауар шығаруға жұмсалатын шығынның үштен бірін мемлекет көтереді

Алматы қаласында Almaty Invest 2016 IV халықаралық инвестициялық форумы жұмысын бастады.

Биылғы инвестициялық форумға 60 елден 500 қонақ қатысады. Алматының әлеуетін таныту және елімізге, сол сияқты ірі қала Алматыға инвестор тарту мақсатында өткізіліп жатқан ауқымды шара елімізде алғаш рет өткізіліп отыр.

Іс шараның бірінші бөлімінде сөз сөйлеген ҚР Инвестиция және даму министрлігінің вице-министрі Ерлан Хаиров соңғы 11 жылда елімізге 230 млрд доллардан астам инвестиция тартылғанын мәлімдеді. 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығында елдегі статистика тікелей шетелдік инвестиция тарту 25,8%-ға артқанын көрсетіп отыр. Соның ішінде металлургия секторы 27%-ға, IT сектор 57%-ға, фармацевтика 320%-ға артқан.

Вице-министрдің айтуынша, инвесторлардың қаражаты негізінен өндіруші секторға тартылған, алайда, индустрияландыру бағдарламасының арқасында статистика өзгеріп отыр. Соңғы жылдары инвестиция өңдеу саласына көптеп тартыла бастады. Форумда ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2016 жылдың 9 айында тікелей тартылған шетелдік инвестициялардың таза түсімі 12,1 млрд долларға жеткен. Сонымен бірге, алдын ала мәліметтерге жүгінсек, III тоқсанда 6,4 млрд доллар түскен.

"Мұндай түсімді алғаш байқап отырмыз, бірақ, осыған қарамастан, әлемдегі жағдай әлі қиын", – дейді Ұлттық банк төрағасы.

Оның айтуынша, еліміз ЖІӨ өсімін оң дәрежеде сақтай алған, яғни, 2015 жылы 1,2%-ға жеткен. 2016 жылдың 9 айында 0,4% болған, ал биылығы жылдың қорытындысы бойынша бұл сан жоғарылайды. Инвестфорумға қатысушылар Doing Business-тің соңғы рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 35-орынға орныққан.

"Үкімет алдында тұрған негізгі міндет – елде қолайлы инвестициялық климат құру екендігі түсінікті. Осы мақсатта Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) беретін нақты стандарттарға сүйенеміз. Бір ай бұрын ЭЫДҰ-ның инвестиция жөніндегі комитеті Қазақстанды қауымдастырылған мүшелік есебінде шақыруға шешім қабылдады. Бұл біздегі инвестициялық ахуалдың осы ұйымның жоғары стандартына сай келеді деген сөз", – дейді вице-министр.

Ерлан Хаировтың инвестициялық ахуал көптеген аспектіні қамтитынын, ол шекарашыдан басталып, денсаулық сақтау және білім беру деңгейіне дейінгі ағылшын тіліндегі ақпараттық арнаның болуына байланысты. Келесі жылдан бастап, 55 елдің азаматтары 30 күнге дейін Қазақстанға визасыз келуге мүмкіндік алады. Бұл, тек, инвестицияға ғана емес, сонымен бірге, туризмнің дамуына серпін береді.

Елімізде құрамына шетелдік инвесторлар кеңесі, жүйелі мәселелерді, оның ішінде кеден және салық заңын жақсартуды қарастыратын премьер-министр жанындағы инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес кіретін инвестицияларды тартудың үш деңгейлі жүйесі жұмыс істейді. Нақты мәселелерді шешуде инвестициялық омбудсменге жүгінеміз.

Форум барысында KAZNEX INVEST ұлттық агенттіктің бес өкілдігі құрылғаны айтылды. Инвесторлар Қазақстанға келмей-ақ жұмыстың мүмкіндігін түсіну мен бағалау үшін олардың жұмыс істеу орталығы сыртқы шекараға ауыстырылған. Биылғы жылдың басынан бастап инвесторлар үшін бір терезе режимі жұмыс істеп, 4000-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Тек инвестицияларымен емес, жаңа технологияларымен келіп жатқан трансұлттық компанияларды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, елімізде инвестицияны тарту жөніндегі жеке бағдарлама жұмыс істейді. 2015 жылы жұмыс істеп жатқан инвесторлар шамамен 10 жаңа кәсіпорын ашқан, ал биыл 12 кәсіпорын ашады деп жоспарланып отыр.

Вице-министр форум барысында инвесторларға мемлекеттен ұсынатын жеңілдіктерді тізбелеп берді. Бұл, біріншіден, өндіруші секторға қатысы жоқ жұмыс істеудің 283 түрі бойынша базалық пакет. Инвесторлар өндірістік қажеттілік үшін керек жерді заттай грант түрінде алып, әкелінетін жабдықтарға кедендік баж төлеуден босатылуы мүмкін. Химия, мұнай-химия, металлургия, машина жасау, тамақ өнімдерін өндіру және құрылыс материалдары сияқты секторларға 13 млн доллар эквивалентінен артық инвестиция салғанда корпоративтік табыс салығын және 10 жылға дейін жер салығын, 8 жылға дейінгі мүлік салығын төлеуден босатылуыңыз мүмкін.

"Егер Қазақстанда жаңа тауар өндіріп, экспортқа шығарсаңыз, онда мемлекет сіздің құрылыс-жөндеу жұмысыңызға және жабдыққа шығарған шығыныңыздың 30%-ын қайтаруға дайын. Сонымен бірге, құрылыс кезінде жұмыс күшін әкелуге және басым жобаларды іске асыруға бір жыл уақыт береді", – дейді Ерлан Хаиров.

Сондай-ақ, ол Қазақстанда инвесторлардың өнімдерін орналастыратын арнайы алаңдар жұмыс істейтінін айтты. Бұл, бірінші кезекте, әртүрлі саланың 10 арнайы экономикалық аймағы, сонымен қатар, 20-дан астам индустриялық аймақ, оның біреуі Алматы қаласында орналасқан.

Данияр Ақышев елдің бас қаржы институтымен экономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Оның айтуынша, біздің ел макроэкономикалық, саяси және әлеуметтік тұрақтылық сияқты факторлардың, инвестициялық заң мен инвестицияларды мемлекеттік қолдау шараларының арқасында инвестициялық тартымдылықты сақтап қалып отыр. Сондай-ақ, Қазақстан ТМД елдері арасында ең либералды валюта режимін ұстап тұрған ел.

Ұлттық банктің басты міндеттерінің бірі – теңгенің еркін қолданыстағы айналымын сақтау және валюталық нарыққа қатысуын азайту. Данияр Ақышевтің айтуынша, соңғы үш айда Ұлттық банк валюта нарығына қатыспай, айналым бағамы тек сұраныс пен ұсыныстың негізінде қалыптасқан. "Әлемдік тауар нарығындағы турбуленттілік, Қазақстанмен сауда серіктес елдердегі айналым бағамы тұрақсыз жағдайда бұл тәртіпті дұрыс деп есептейміз", – дейді Ұлттық банк басшысы.

Tokyo Rope компаниясы тобының бірінші вице-президенті Казунори Сато қазақ нарығындағы жұмыс істеу жайлы ойымен бөлісті. Кәсіпорны жақында Алматыда іске қосылды. Tokyo Rope компаниясы – жоғары технологиялық темір арқанды, көпір үшін бұранда және инженерлік қауіпсіздік пен табиғи апаттан сақтайтын темір өнімдерін өндіретін әлемдегі көшбасшылардың бірі.

Қазіргі уақытта компанияның Жапонияда 7 зауыты, Қытайда 3 зауыты, сондай-ақ Вьетнам мен АҚШ-та кәсіпорындары бар, ал Алматыда зауыт ашқан. Компания ТМД елдер нарығында жобаларын іске асыруды 8 жыл бұрын бастаған. Алматыдағы Азиада, Сочидегі Олимпиада ойындары нысандарында жұмыс істеген.

"ТМД елдері нарығында жұмыс істеу кезінде біздің өнімдерге деген сұранысты көрдік. Бірақ, өндірісті жергіліктендіру туралы мәселе үнемі бірінші орында тұрды. Себебі, біздің өнімдеріміз арзан тұрмайды, ал тапсырыс беруші үшін материалдарды жеткізушіні таңдауда ең басты талап – өзіндік құн. Осыны ескере отырып, ТМД елдері аумағында өндіріс ашуға шешім қабылдадық. ТМД елдерінің ортасында орналасқандықтан және тұрақты жағдай мен тиімді инвестициялық талаптар болғандықтан Алматы қаласын таңдадық", – дейді Казунори Сато.

Оның айтуынша, компания тіркеуден өтіп, қажетті құжаттарды алғаннан кейін, небары 4 айдан кейін зауытты іске қосу мүмкін болған. Бүгінгі күні жапониялық инвестордың алдын-ала тапсырысы жеті есе артқан. Өндірісті Алматыда жергіліктендіру тапсырыстың өсуін және бизнестің тиімділігін арттырған. Tokyo Rope компаниясы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің өнім сұрпын кеңейту және жапон индустриялық саябағында өндірісті орналастыру жөніндегі ұсынысын қабыл алды.

Сондай-ақ, форум барысында бірқатар жоба аясында меморандумға қол қойылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу