Таулы Қарабақ армяндарының 80 пайыздан астамы Арменияға қашып барды

1532

Енді бұл анклав әзербайжандар мекендейтін "біртекті территорияға" айналайын деп отыр. 

Таулы Қарабақ армяндарының 80 пайыздан астамы Арменияға қашып барды Фото: АР агенттігі

Таулы Қарабақ халқының 80 пайыздан астамының үдере көшуі Әзербайжанның осы акнлавтағы ендігі жоспарына қатысты сұрақ туындатып отыр.

Жұманың кешінде Армения үкіметі мәлімдегендей, Әзербайжан армиясы шабуыл жасап, жергілікті содырларды қарусыздандырғаннан кейін 120 мың адамның 97700-і Арменияға қашқан. Ал отыз жыл бойы тәуелсіздікке қол жеткізуге әрекеттенген сепаратистік үкімет жыл соңына дейін тарайтынын жариялады.

Таулы Қарабақтан бас сауғалаған кейбір адамдар бірнеше күн бойы кезекте тұруға мәжбүр. Өйткені Арменияға апаратын жалғыз ғана бұралаң жол ақырын жылжыған автокөліктерге толып қалған.

Армения денсалық сақтау министрі Анаит Аванесян мәлімдегендей, кейбір тұрғындар, қарттар Арменияға барар жолда жан тәсілім етіп жатыр. Өйткені өздерімен бірге дәрі алып шықпаған талай адам дұрыс ауқаттанбай 40 сағат бойы жол жүруге мәжбүр.

Бейсенбі күні премьер-министр Никол Пашинян армяндардың Таулы Қарабақтан жаппай көшуін "этникалық тазалаудың тікелей актісі және адамдарды отанынан айыру" деп сипаттады. Ал Әзербайжан сыртқы істер министрлігі бұны үзілді-кесілді жоққа шығарып, армяндардың қоныс аударуын "өздерінің жеке шешімі және мұның зорлықпен көшіруге еш қатысы жоқ" екенін ескертті.

Лондондағы Chatam House сараптамалық орталығының Кавказ жөніндегі экперті Лоуренс Броерстің пікірінше, Таулық Қарабақта армяндардың айтарлықтай бөлігінің қалуы екіталай және "ол біртекті территорияға" айналады.

Аймақтағы соңғы отыз жылдағы жанжалда Әзербайжан мен Таулы Қарабақтағы сепаратистер бір-бірін қасақана шабуылдар, айуандықтар, жаппай қырғын үшін айыптады. Сондықтан екі жақтың халқында бір-біріне деген сенімсіздік пен қорқыныш басым.

Әзербайжан үкіметі құқығын құрметтеуге уәде беріп отырса да, этникалық армяндардың көбі қашып жатыр. Себебі армяндар Әзербайжанның өздеріне әділ әрі адамгершілікпен қарап, олардың тілінің, дінінің, мәдениетінің сақталуына кепілдік беретініне сенбейді.  

Желтоқсанда Әзербайжан Таулы Қарабақты Армениямен байланыстыратын жалғыз жолды жауып, Арменияны осы дәлізді даулы аймақтағы сепаратистерге қару-жарақ тасымалдауға қолданды деп айыптады.

Армения бұл корридордың жабылуы Таулы Қарабақты азық-түліксіз, отынсыз қалдырды деп мәлімдеп келеді. Мұны мойындамаған Әзербайжан Қарабаққа қажетті тауарлар мен жанармайды Ағдам қаласы арқылы жеткізуге болатынын алға тартты. Сепаратистер болса, бұл шешімді Бакудың Қарабаққа бақылау орнату стратегиясы деп атап, оны қабылдамаған.

1990 жылдары әзербайжандардың өздері де Таулы Қарабақтан қуылды. Ал 2020 жылғы 44-күндік соғыста қайтарылған аудандарға Баку "Ұлы ораду" бағдарламасы аясында әзербайжандарды жаппай қоныстандырып жатыр.

Броерстің ойынша, Әзербайжан енді Таулы Қарабаққа әзербайжандарды қайтара отырып, жергілікті армяндарға қалуға немесе оралуға ұсыныс айтуы мүмкін. Сондағы мақсаты – Қарабақ армяндары этникалық тазалауға ұшырап жатыр деген айыптауларға жол бермеу.

Бейсенбі күні Әзербайжан билігі Таулы Қарабақ сепаратистік үкіметінің бұрынғы басшысы Рубен Варданянға терроризмді қаржыландырды, заңсыз қарулы құрылымдар құрды және мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті деген айып тақты. Оны сәрсенбі күні басқа мыңдаған адаммен бірге Таулы Қарабақтан Арменияға кетпек болған жерінде Әзербайжан шекарашылары ұстады.

Ресейде байыған миллиардер Варданян кем дегенде төрт айға тергеу изоляторына қамалды және 14 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сепаратистердің тағы бір ірі жетекшісі, Таулы Қарабахтың бұрынғы сыртқы істер министрі, президенттің кеңесшісі болған Давид Бабаян бейсенбі күні Әзербайжан билігіне берілетінін жариялады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу