Таулы Қарабақтан қашқан этникалық армяндардың саны 70 мыңға жақындап қалды

721

 Бұл көш әрі қарай жалғасып жатыр. Ал осы анклавтың сепаратистік үкіметі қаңтардың 1-не дейін тарап, мойындалмаған республиканың  жойылатынын жариялады. 

Таулы Қарабақтан қашқан этникалық армяндардың саны 70 мыңға жақындап қалды Фото: Reuters.com

Әзербайжан армиясы Таулы Қарабақты басып алғаннан кейін небары төрт күн өткенде жергілікті 120 мың этникалық армянның жартысынан астамы Арменияға қашып барды. Олар осылайша 1990 жылдардың басында басып алып, отыз жылдай мекендеген жерден ақыры айрылып қалды. Бұл – Кеңес одағы ыдырағаннан кейін жүздеген мың әзербайжанды бас сауғалауға мәжбүр еткен соғыстан бергі теңдесі жоқ көш.

Әзербайжан армяндардың құқықтарын қорғап, оларды өз қоғамына қосуға уәде беріп отыр. Алайда, екі соғысты бастан кешкен аймақ халқы геноцидтен, этникалық тазалаудан, ойрандалудан қорқып көрші елге жаппай қашып жатыр.

Бүгін таңертең ресми Ереван мәлімдегендей, Армения шекарасына көрші елден 67386 адам жеткен екен. Олардың көпшілігі Әзербайжан арқылы өтетін таулы жолмен 24 сағат бойы жүрген.

"Бұл - армяндар тарихының ең қаралы беттерінің бірі", - дейді босқындарға рухани қолдау көрсету үшін шекараға барған 33 жастағы армян діни қызметкері Дэвид әке.

Автомобильдерге, жүк машиналарына, автобустарға, тіпті тракторларға заттарын тиеген армяндардың көбі Арменияға бара жатып, күздің қара суығында тауда түнеп жүргендерін айтады.

Кеңес заманында Таулы Қарабақ Әзербайжан Совет Республикасында автономияға ие болды.

Бірақ КСРО тарағаннан кейін Бірінші Қарабақ соғысы басталды. 1988-1994 жылдардағы әскери қақтығыстар кезінде 30 мыңға жуық адам қаза тауып, миллионнан астамы үйлерін тастап кетті. Сол босқындардың жартысынан көбі – әзербайжандар еді. 2020 жылғы 44-күндік соғыста Әзербайжан қарулы күштері армян сепаратистеріне қарымта соққы беріп, Қарабақтың үштен бір бөлігі мен оның айналасындағы аудандарды қайтарып, соңғы жеңістің негізін қалады.

Қарабақтың бұрынғы лидері тұтқындалды

Әзербайжан сәрсенбі күні 2022 жылдың қарашасы мен 2023 жылдың ақпаны аралығында Қарабақ сепаратистік үкіметін басқарған банкир әрі филантроп Рубен Варданянды қамауға алды. Бейсенбі күні оған Әзербайжан шекарасын заңсыз кесіп өтті деген айып тағылғаны хабарланды.

Таулы Қарабақтың сепаратистік үкіметі болса, 2024 жылдың 1-ші қаңтарына дейін тарап, мойындалмаған республика тіршілігін тоқтатынын жариялады.

Бакудың жеңісі мен Қарабақ армяндарының қаруын тапсыруы Ресей, АҚШ, Түркия және Иран ықпал ету үшін тайталасқан Оңтүстік Кавказдағы күштер балансын өзгертеді деген болжам бар.

Армения Украинадағы соғыспен әуреге түскен одақтасы Ресейді Ереванға көмектеспеді деп айыптап отыр. Бірақ Мәскеудің мәлімдеуінше, бұның бәріне премьер-министр Никол Пашинянның өзі кінәлі және ол Батыспен тығыз байланыс орнатуға ұмтылмауы керек еді.

Көлемі жағынан әлемдегі екінші ірі армян диаспорасы тұратын Америка Құрама Штаттары болса, Арменияны сөзбен қолдап, оған гуманитарлық көмек көрсетіп, Түркиямен етене байланыстағы Әзербайжанды сынады.

АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (USAID) басшысы Саманта Пауэр сәрсенбі күні Арменияға сапарынан кейін Бакуге барып, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесті.

"Пауэр Таулы Қарабаққа, соның ішінде Лашын дәлізінде тұрып қалғандарға гуманитарлық көмек берудің өзектілігін және гуманитарлық топтардың қолжетімділігін кеңейтудің шұғыл қажеттілігін атап өтті", - деп хабарлайды Әзербайжан президентінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, ресми Бакудың мәлімдеуінше, "Пауэрмен кездесуде Әзербайжан президенті лаңкестікке қарсы шаралар кезінде бейбіт тұрғындардың зардап шекпегенін, тек заңсыз армян қарулы құрылымдары мен әскери нысандарының нысанаға алынғанын атап өткен".

Бұған қоса, Әлиев Қарабақ аймағында тұратын армяндардың құқықтарына тоқталып, Әзербайжанда тұратын басқа да этникалық азшылықтар сияқты олардың да құқықтарының ел заңнамасы мен халықаралық міндеттемелер аясында қамтамасыз етілетінін айтқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу