Таяу Шығыстағы қақтығысқа Әзербайжан араласып кетуі мүмкін

640

Әскер кірпік қақпай күту үстінде.

Таяу Шығыстағы қақтығысқа Әзербайжан араласып кетуі мүмкін Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Бұрын шекара маңындағы шағын шиеленістің бір көрінісі болып көрінуі мүмкін оқиғалар бүгінде жаһан жұртшылығын жалт қаратқан маңызға ие болды. Нахчыван Автономиялық Республикасы әуежайында болған жарылыстардың дүмпуі, Shahed‑136 дрондарының Шакерабад ауылындағы мектеп маңына құлауы жағдайды күрт ушықтырған факторға айналды. Deutsche Welle мәліметінше, шабуылдар салдарынан бейбіт тұрғындар жараланып, әуежай терминалының ғимараты қираған.

Әзербайжан Қорғаныс министрлігі бұл оқиғаға қатысты зілді мәлімдеме жасады: ведомство елдің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау, сондай-ақ бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Иранға қарсы жауап шараларын дайындап жатыр. Ел басшылығы да мұндай шабуылдардың жауапсыз қалмайтыны қатаң ескертті.

Осы оқиғалардың аясында тәуелсіз "Qazetchi" басылымы Әзербайжан Республикасының қарулы күштері жоғары әскери дайындық жағдайына келтірілгенін, Иранмен шекараға жақын аймақтарда өрістетіліп жатқанын хабарлады. Мұның бәрі АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы кең ауқымды қарсыластық жағдайында болып жатыр, деп жазады "OC Media".

Qazetchi-нің аты-жөнін аталмаған дереккөздерінің растауынша, "Әзербайжанның қауіпсіздік құрылымдары – Қорғаныс министрлігі, Шекара қызметі, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар қызметтері жоғары дайындық режиміне көшірілді".

Саяси резонанс және мазасыздық жаңғырығы

Сонымен бірге Euronews хабарлағандай, Иран өзінің Әзербайжанға жасалған шабуылдарға қатысы бар екенін үзілді-кесілді жоққа шығарып, болған оқиғаға Израильді айыптады.

"Ислам республикасының билігі Израильді мұсылман елдерінің арасына іріткі салып, қатынастарын бұзу мақсатында Әзербайжанға соққы ұйымдастырды деп айыптады, бірақ ешқандай дәлел келтірген жоқ. Алайда Баку бұл мәлімдемені "қабылдауға болмайтын, ақылға сыймайтын дүние" деп атады", – деп мәлім етті телеарна.

Әзербайжанның Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, "техникалық құралдардың көмегімен" Нахчыван бағытында ұшырылған 4 дронның бәрі Иран аумағынан аттандырылғаны анықталды. Олардың біреуі тұтылды, екіншісі Шекерабад ауылындағы мектеп маңына құлады. Тағы екі дрон Нахчыван әуежайының ғимаратына түсіп, зақым келтірген. Әзербайжан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жалпы 4 адам зардап шеккен.

ӘР көшбасшысы Ильхам Әлиев бұл оқиғаға өте қатаң реакция білдіріп, Иранды терроризм жасады деп айыптады.

"Біз Әзербайжанға қарсы жасалған бұл террорлық акт пен негізсіз агрессияға төзбейміз! Иран билігі Әзербайжан тарапына түсініктеме беріп, кешірім сұрауға тиіс. Бұл террорлық әрекетке кінәлі адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек", – деп мәлімдеді Әлиев елдің Қауіпсіздік кеңесінің отырысында.

Ол сондай-ақ Әзербайжан армиясына Иранға "жауап сипатындағы шараларды дайындау және жүзеге асыру" туралы бұйрық берілгенін жариялады.

Аракстың арғы жағы, бергі жағы

Сарапшылардың бір бөлігі қазіргі тайталастың салдары бүкіл Оңтүстік Кавказ аймағына таралуы мүмкін деп алаңдайды. Әзербайжан үшін бұл перспектива ерекше қауіпті. Елдің ең ұзын шекарасы дәл Иранмен өтеді. Оның үстіне әзербайжандық мұнай-газ кен орындары ирандық баллистикалық зымырандар жететін жерде шоғырлана орналасқан.

Сонымен бірге Иранда тұратын этникалық әзербайжандардың саны Әзербайжанның өзіндегі халық санынан да көп. Әртүрлі бағалаулар бойынша, ирандық әзербайжандардың саны 22-30 миллионға дейін жетеді. Салыстырсақ, Әзербайжан Республикасының халқы шамамен 10 миллион адамды құрайды.

Би-би-си жазғандай, Тегеран өзінің солтүстік провинцияларында сепаратистік көңіл-күйдің өршуінен қауіптенеді. Шамамен 20 жыл бұрын Иранның құрамындағы әзербайжандық аймақтарда жаппай наразылықтар бой көтерді. Ол кезде халық толқулары күшпен, қару қолдану арқылы басып-жаншылды, көптеген шеруші қаза тапқан.

Тарихи-географиялық тұрғыдан "Ирандық Әзербайжан" немесе "Оңтүстік Әзербайжан" деп аталатын аймақ Иранның солтүстік-батыс бөлігінің едәуір бөлігін алып жатыр. Оның аумағы – шамамен 104,5 мың шаршы шақырым, яғни Кавказдағы Әзербайжан аумағынан да әлдеқайда үлкен.

Солтүстігінде бұл аймақ Әзербайжанмен және Армениямен, батысында Иракпен және Түркиямен шектеседі, ал, шығысы мен оңтүстігінде Иранның Гилян провинциясы, Зенджан провинциясы және Курдистан провинциясы орналасқан.

Аймақтың этникалық құрылымы да күрделі. Халықтың шамамен 72 пайызын әзербайжандар құрайды, 20 пайызы – күрдтер, шамамен 6 пайызы – парсылар. Ең ірі қалалары – Тебриз, Урмия, Ардебиль, Мехабад, Марага, Салмас, Хой және Меренд, деп жазады ruwiki энциклопедиялық порталы.

Тегеранды алаңдататын қосымша фактор – Әзербайжанның Израильмен әскери ынтымақтастығы. Ирандық басылымдар Израиль Иранға қарсы шабуыл үшін осы көршінің аумағын да қолдануы мүмкін деп қауіптенеді.

"Бейбітшілік жолы" және Иран монополиясы

Осы жағдай аясында TRIPP аталатын ірі халықаралық дәліз жобасы сарапшылардың назарын аударып отыр. Ол "Дональд Трамптың бейбітшілік жолы" деп аударылады.

Шетелдік эксперттердің пікірінше, "Иранның әлсіреуі немесе ыдырауы Оңтүстік Кавказдағы осы дәліздің жүзеге асуына кедергі болып отырған басты геосаяси факторлардың бірін жоюы мүмкін". Тіпті АҚШ пен Израильдің әскери әрекеттері басталғанға дейін, Foreign Policy журналы осы туралы жазған еді.

"Егер Ирандағы ішкі өзгерістер АҚШ қысымының әсерінен жеделдесе, онда бұл TRIPP секілді бастамаларға жаңа серпін беруі мүмкін. Аймақта әртүрлі мүддесі бар көптеген ойыншылар әрекет етуде. АҚШ-тың Армения мен Әзербайжан арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіруге және TRIPP жобасын ілгерілетуге бағытталған күш-жігері Еуразия геосаясатының маңызды тетігіне айналуы мүмкін және басқа аймақтар үшін де үлгі бола алады", – делінген мақалада.

Геосаяси контексте бұл жерде жаңа "Еуразиялық көлік кеңістігінің" қалыптасуы туралы әңгіме болып отыр. Онда көшбасшылық рөлді Вашингтон атқаруы, ал, Мәскеу мен Бейжіңнің ықпалы азаюы ықтимал.

Алайда дәл осы жоспар Иранның қуатты қарсылығын туғызды. Иранның бұрынғы жоғарғы көшбасшысының халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Али Акбар Велаяти бұл жобаны талай сынап, оның Иранды оқшаулауға бағытталуы мүмкін екенін мәлімдеген. Ол болашақ дәліз тіпті "Трамп жандайшаптарының зиратына айналады" деп доқ көрсетті.

"Трамп маршруты" Әзербайжан мен Арменияны Ираннан бөліп жатқан Аракс өзенінің бойымен өтуге тиіс. Арменияның ең оңтүстік өңірі – Сюник облысы Тегеран үшін маңызды сауда хабы болып саналады.

Қыркүйек айында BBC журналистері армяндық осы өңірдің орталығы Капан қаласында ирандық кәсіпкерлер легіне және облыс жолдарында иран нөмірлі жүк көліктерінің әрлі-берлі ағылып жатқанына куә болған.

Иран компаниялары Аракс өзені арқылы жаңа көпірлер салуда: біреуі Арменияға, екіншісі Әзербайжанға қарай бағытталған. Сол көпірлердің бірі болашақта "Трамп жолы" деп аталатын трассамен қиылысады. Яғни, америкалықтар оны кесіп тастауы мүмкін.

Дәл осы аймақта Иран мен Армения арасындағы газ құбыры да тартылған: Иран Арменияға табиғи газ жеткізеді, оған айырбас ретінде Армения электр энергиясын Иранға экспорттайды.

Шығыстанушы-түрколог Юрий Мавашевтің пікірінше, "TRIPP" мегажобасы Иранның Кавказ өңіріндегі монополиясы мен позицияларына соққы беруі мүмкін.

"Өйткені ондаған жылдар бойы Әзербайжан өзінің эксклавы Нахчыванға жету үшін солтүстік Иран арқылы өтетін Аракс дәлізін пайдаланып келді. Бұл бағыт Тегеран үшін транзиттік табыс көзі әрі Бакумен диалогтағы маңызды қысым тетігі болды. Ал, Баку мен Израиль арасындағы одақтастық байланыстарға байланысты Иран мен Әзербайжан қатынастары онсыз да күрделі еді. Сондықтан Тегеран АҚШ-қа Трамп дәлізін дамытуға мүмкіндік бермейтінін бірнеше рет мәлімдеді. Вашингтондағы саммиттен кейін ирандық БАҚ тіпті TRIPP "Трамптың құйыршықтарының қабіріне айналады" деп те қорқытты", – дейді сарапшы.

Қалай болғанда, аймақтағы дағдарыс барған сайын күрделене түсуде. "Жығылғанға жұдырық" дегендей, Axios басылымы үш дереккөзіне сүйеніп хабарлауынша, Ирактағы күрд жасақтары америкалық Орталық барлау басқармасымен және израильдік Моссадтың қолдауымен Иранды бір жағынан тұтқиылдан шабуылдауға дайындалуда.

Бұған жауап ретінде Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) Ирак Күрдістанындағы күрд базаларына зымырандарымен соққы жасады. Басылымның мәліметінше, соғыс басталардан 6 күн бұрын Иракта орналасқан 5 күрд тобы Тегеранға қарсы күресу үшін "Иран Күрдістанының саяси күштері коалициясын" құрғандарын жариялаған.

Дереккөздер Иран-Ирак шекарасында осы коалиция құрамындағы мыңдаған жауынгер сақадай сай тұрғанын, соңғы апталарда олардың жүздеген жауынгерден тұратын топтары Иран аумағына көшірілгенін мәлімдеді.

Axios-тың бір сұхбатшысы күрд жасақтарын Иранға қарсы құрлық операциясында пайдалану идеясы Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен Моссадқа тиесілі болғанын, АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы бұл бастамаға кейінірек қосылғанын түсіндірді.

Израиль өкілдері күрд топтарына тек әскери ғана емес, саяси қолдау да көрсетуге уәде бергені туралы жазды Axios. Оның мәліметінше, әзірге Дональд Трамп күрдтердің шабуылын қолдамаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу