Таяуда Ресей "Байқоңырдан" бас тартуы мүмкін

5945

Қазақстандағы Ресей жалға алған ғарыш айлағына қатысты ақылға симас жағдайлар болып жатыр.

Таяуда Ресей "Байқоңырдан" бас тартуы мүмкін Фото: inbusiness.kz

Былтыр Батыстың жаңа санкциялары енгізілгелі, солтүстік көршінің космонавтикасы күйреп, ол "ғарыштық держава" атағынан айрыла бастады. "Роскосмостың" сол кездегі басшысы Дмитрий Рогозин ресейлік ақпарат құралдарына сұхбатында ресейлік бұл салаға жойқын соққы болған екі факторды атады. Біріншіден, мемлекеттік қаржыландыру кемітілген.

Екіншіден, санкциялар салдарынан коммерциялық бағдарламаларды жүзеге асыру мүмкін болмай қалыпты. Бұрын спутниктерін "Байқоңыр" ғарыш айлағы арқылы ұшырып келген шетелдік ірі клиенттері енді "Роскосмостан" теріс айналды.  

Соған қарамастан, 2023 жылы Ресей жалпы саны 16 ғарыш кемесін орбитаға бағыттай алды. Соның ішінде 8 зымырантасығышты – "Байқоңырдан", 5-еуін – Ресей аумағындағы "Плесецк", тағы 3-еуін – Ресейдегі "Восточный" космодромынан аттандырған.

Атап айтқанда, биылғы жылы Ресей улы гептилді пайдаланатын ауыр "Протон-М" зымырантасығышын (ЗТ) "Байқоңырдан" тек 2 рет ұшырды. Салыстырсақ, 2016 жылға дейін көктен зиянды гептил сепкен "Протондар" жылына 7-15 рет ұшырылатын.

Тұтастай алғанда, Ресей "Протон-М" ЗТ-сын қазақ жерінен 117 рет ұшырыпты. Оның тек 107-сі ғана табысты болды. 10 рет апатқа ұшырап, Қазақстанның экологиясын бүлдірді. Соның тек бірінен ғана келген экологиялық шығынды Қазақстан Үкіметі 90 миллион долларға бағалады. Алайда Ресей экологиялық залал үшін өтемақы жасамады.

Аяқталып қалған ағымдағы жылы Ресей аталған үш ғарыш айлағынан "Союз-2.1а" ортанқол зымырантасығышын – 8 рет, "Союз-2.1б" ЗТ-сын – 5 рет, "Союз-2.1в" ЗТ-сын – 1 рет қана ұшыра алды. Салыстырмалы түрде экологиялық таза саналатын керосин мен сұйық оттегін қолданатын "Союздардың" ұшырулары бұрын ондап саналатын.

Қалай болғанда, 2023 жылғы ұшырулар тарихи минимумға дейін құлдырады.

Сарапшыларды Ресейдің "Байқоңырдан" келесі 2024 жылы қанша ЗТ ұшыратыны қызықтырады. Ғажабы сол, оны тіпті "Роскосмос" та нақты білмейтін болып шықты.

Мысалы, 2000 жылдары Қазақстан Үкіметі ғарыш туризмін дамытпақ болып, көршісімен келіссөздер жүргізді. Алайда Мәскеу "Байқоңыр" ғарыш айлағы жабық нысан болып табылатынын алға тартты. Артынша, бұл идеяны өздері жүзеге асырады. Содан бері Ресей Қазақстандағы "Байқоңырдан" ғарыш кемелерін ұшыру сәтін тамашалағысы келетін шетелдік туристердің легін өзі бақылайды, одан түсетін қаржы тасқынын да өз қалтасына салады.  

Бүгінде "Байқоңыр" космодромына туристік сапарларды Ресей атынан "Вежитель" жауапкершілігі шектеулі қоғамы (ООО) ұйымдастырады.

Дәл осы компания 2024 жылы "Байқоңырдан" 4 пилотты ғарыш кемесінің ұшырылымына турларды сатып жатыр. Себебі, оларға осындай "алдын ала ұшырылым кестесі" түсіпті.

"Халықаралық ғарыш станциясына экипаждарды біз әрдайым туристерімізбен бірге шығарып саламыз. Сапарыңызды жоспарлау үшін сіз ұшырылымдардың алдын ала кестесімен таныса аласыз. Дегенмен, ұшырылатын күнді шамамен бір ай бұрын Мемлекеттік комиссия өз отырысында анықтайтынын есіңізге саламыз. Сондықтан ұшырылым күні өзгеріп кетуі мүмкін. Байқоңырға саяхатымыз әдетте 5-6 күнге созылады. Ғарыш кемесінің ұшырылуы біздің бағдарламаның соңғы және ең маңызды бөлігі болып есептеледі", – деп хабарлады аталған ресейлік компания.

Ресейлік бұл фирма бүгінде 2024 жылғы 15 ақпанда "Прогресс МС-26" ұшырылымын тамашағысы келетіндердің тобын қалыптастыруда екен. Туристердің құжаттары алдағы жылдың 12 қаңтарына дейін қабылданады.  

Жолдаманың құнына келсек, 6 күнге ұзайтын, "Центральная" аталатын стандартты туры бір адамға 120 000 рубль (шамамен 600 мың теңге) тұрады. Galaxy деп аталған 6 күндік стандартты турының бағасы 190 000 рубльге (шамамен 950 мың теңгеге) жетеді. Ал "Байқоңырға" 5 күндік VIP-тур 350 000 рубльге (шамамен 1,8 млн теңгеге) түспек. Оны сатып алғандар "12-ге дейін адам кіретін VIP-топпен жүреді, жеке бағдарламасы болады, "Спутник" қонақүйінде тұрады".

Ресейлік фирма туристерге "Байқоңыр" ғарыш айлағынан 2024 жылғы 13 наурызда экипажды алып ұшатын "Союз МС-25" сапарына да жолдама сатып жатыр. Стандартты тур – 150-240 мың рубль аралығында. Құжаттарды тек 13 ақпанға дейін қабылдайды.

Сонымен қатар "Вежитель" ЖШҚ алдағы жылғы 30 мамырда – "Прогресс МС-27", 15 тамызда – "Прогресс МС-28" және 11 қыркүйекте – "Союз МС-26" зымырантасығышының ұшырылымына жолдамалар саудалап жатыр.

Яғни, бұл компанияға берілген "ұшырылымдардың алдын ала кестесіне" сенсек, "Байқоңырдан" 2024 жылы экипажы бар 5 ұшырылым ғана ұйымдастырылмақ.

Бірақ мұны Ресей ғарыш саласына жауапты тұлғаларға сілтеме жасап, ресейлік ТАСС жоққа шығарды. Төл дереккөздеріне сілтеме жасаған ресейлік агенттік 2024 жылы "Байқоңырдан" пилотты (пилотируемый), экипажы бар небәрі 2 ұшырылым жасалатынын жариялады.

Оның дерегінше, бірінші ұшырылым келесі жылдың 13 наурызына, ал соңғысы – 11 қыркүйекке жоспарланған.

Егер жоспары бұзылып, бәрі өзгеріп кетпесе, 2024 жылдың көктемінде "Байқоңыр" айлағынан орбитаға "Роскосмос" ғарышкері Олег Новицкий, Беларусь ғарышкері Марина Василевская, сондай-ақ NASA астронавты Трейси Дайсон аттанбақ.

Гагарин атындағы Ғарышкерлерді даярлау орталығының мәліметінше, күзгі ғарыш миссиясының негізгі экипажына ресейлік ғарышкерлер Алексей Овчинин, Иван Вагнер және Александр Горбунов кіріп отыр.

Осылайша, Батыс және басқа елдер "Байқоңыр" арқылы ғарышкерлерін ұшырудан бас тарта бастағаны байқалады.

Ресейлік космонавтиканы құртып тынатын бұл тенденцияны тыю үшін 2023 жылғы 23 қазанда Ресей Премьер-Министрі Михаил Мишустин ресейлік және америкалық интеграцияланған экипаждарды ұшыру туралы келіссөздер жүргізуге "Роскосмосты" міндеттейтін өкімге қол қойды.

Дегенмен, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елең еткізерлік хабарды жариялады.

Оның ведомствосы жылдағы дәстүрмен "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың 2024 жылға арналған жоспары бойынша қорытындыны бекіту туралы" Үкімет қаулысының жобасын әзірледі.

Бірақ бұл құжатта ұшырылымдардың саны көрсетілмеген.

"2024 жылы ғарыш аппараттарын ұшыру Ресей Федерациясының "Ресейдің ғарыштық қызметі" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, халықаралық ынтымақтастық бағдарламалары мен коммерциялық жобалары  бойынша "Байқоңыр" ғарыш айлағынан жүзеге асырылуға тиіс. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапының "Байқоңыр" ғарыш айлағынан 2024 жылға арналған әскери мақсаттағы ғарыш аппараттарын ұшыру және зымырандарды сынақтық ұшыру жоспарларының жоқ екендігін хабарлады", – деп түсініктеме берді министр Бағдат Мусин.

Осы орайда бірқатар ресейлік сарапшылар жалдау ақысы үшін жылына 115 миллион долларды шығындамай, "Байқоңырдан" бас тартуды ұсына бастады.

Дегенмен, бұл өздігінен, объективті себептермен болуы мүмкін.

Кезінде Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беру келісімін әзірлеуге қатысқан ғарыш саласының сарапшысы Нұрлан Әселқан ресейлік космонавтикада салмақты өзгерістер жүріп жатқанын айтады. Санкциялар ғарыш саласындағы халықаралық ынтымақтастық үшін аса маңызды көптеген жобаны толығымен тоқыратты.

Бұл ақыр соңында зымырантасығыштардың жаңа буынын ғарышқа жолдауы тиіс қазақстандық-ресейлік "Бәйтерек" жобасының да "қатырылуына" соқтырды. Оны жүзеге асыру доғарылды және кейінгі жылдарға қалдырылды. "Гагарин старты" ЗТ ұшыру кешенін жаңғырту жобасы да жайына қалыпты.

Сарапшының пікірінше, 2022 жылғы 24 ақпанда соғыс басталғанға дейін жаһандық ғарыш бренді болған "Байқоңыр" бүгінде қаңырап бос қалғалы тұр. Жағдай түзелуі үшін Мәскеу Украинамен бітімге келіп, бейбітшілік берік орнап, халықаралық санкциялар алып тасталуы шарт. Бұл әзірге мүмкін емес.

Нұрлан Әселқан бүгінде "Байқоңырдың" әрі қарай дамуына серпін беретін бірде бір жайт жоқтығын қаперге салды. Оның болжамынша, Ресей жалға алып отырған ғарыш айлағы алдағы жылдары: оптимистік болжам бойынша – 2024 жылдан кейін, ал пессимистік болжамға сәйкес, одан бұрын жұмысын тоқтатуы мүмкін.

Жалпы, Ресей "Байқоңыр" ғарыш айлағын және оның құрамында Байқоңыр қаласын 2050 жылға дейін жалға алды. Тіпті ғарыш айлағы тоқыраса да, Мәскеу Байқоңыр қаласын әрі қарай өз бақылауында сақтап қалуы ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу