Таяз жерде байлық жоқ: Қазақстанда мұнай іздеу қиындап барады

232

Тәуелсіздік жылдарынан бері несібесін мұнайдан айырып келе жатқан Қазақстан бұл нарықтағы бағытынан жақын арада жаңыла қоймайтын тәрізді.  

Таяз жерде байлық жоқ: Қазақстанда мұнай іздеу қиындап барады Фото: atr.kz

 Себебі еліміз жер астынан "қара алтын" іздеу жұмыстарына шұғыл ден қойып жатыр. Кейінгі 5 жылдың өзінде геологиялық барлауға 600 млрд теңге қаржы тартылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Каспийдің түбінде кен көп пе?

Ел үкіметінің салаға бұлай зер салуы бекер емес. Энергетика министрлігі елде бұрыннан бар кен орындарында мұнай азайып келе жатқанын растаған. Енді мұнайшылар жер қыртыстарын тереңірек барлап, тұзасты және бұрын аз зерттелген аумақтарға дейін бұрғыламақ. Бұл мақсатта арнаулы бағдарлама да барын айта кетейік. Қазақстанда 2026-2030 жылдарға арналған ауқымды геологиялық барлау жобасы әзірленген. Оның аясында қазір 23 жоба атқарылып жатыр. Әсіресе Каспий маңына көңіл бөлінген.

Бірақ жобалардың бәрі мол қор табыларына кепілдік бермеуі мүмкін. Себебі "қара алтын" іздестіріліп жатқан аумақтар өте күрделі, қабаттар терең, қанша мұнай барын алдын ала анықтау қиын. Күрделі технология болған жерде қаржы да көп шығындалатыны анық. Осыған қарамастан Энергетика министрлігі алдағы уақытта мұнай мен газ іздейтін жерлерді көбейтпек ниетте. Ол үшін шетелдік инвесторларды тартуға әзір.

Бір түсінгеніміз, мұнай қоры сарқыла бастаған уақытта Қазақстан өндіріс көлемін азайтқысы келмей отыр. Елдің ішкі қажеттілігінің біразын жауып отырған "қара алтынға" тәуелділік әлі сейіле қоймайтынын осыдан білсек керек. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан 2015 жылы 63,6 млн тонна мұнай экспорттаса, арада 10 жыл өткенде көрсеткіш 76,3 млн тонна болған. Яғни 10 жыл ішінде экспорт 20 пайызға артқан. Оның үстіне еліміз бұл деңгейді ұстап қалмай, көбейтуді көздеп отыр. Ал биыл отандық өндіру көлемі 98 млн тонна деп жоспарланған.

Өндіріс өскен жерде табыс та еселенетіні түсінікті. Биыл алғашқы 8 айдың өзінде мұнай және газ саласы бюджетке 5,4 трлн теңге салық түсірген. Оның 3,17 трлн теңгесі Ұлттық қорға аударылған. Әйтсе де Қаржы министрлігі түсімдердің сәл аздау екенін де жасырмапты. Өйткені бірқатар сыртқы және ішкі факторлардың қысымы бар.

Әзірге Қазақстанның "қара алтынының" негізгі сатып алушысы Италия болып тұр, 2025 жылы бұл елге 15,2 млрд долларға 28,9 млн тонна мұнай экспорттаған. Екінші орынды Нидерланды иеленді: 5,6 млрд долларға 10,6 млн тонна "қара алтын" алған. Одан кейін Франция (3 млрд долларға 5,6 млн тонна), Румыния (2,6 млрд долларға 5,3 млн тонна) деп жалғаса береді. Кәрі құрлық елдері осылайша қазақстандық мұнайдың 70 пайыздан астамын иеленіп отыр.

Жаңа бағыт жандандыра ма, жаңылдыра ма?

Мұнай барлауға қатысты әңгімені жалғастырар болсақ, тақтатас мұнайын айта кеткен жөн. Былтыр ақпанда Қазақстан Үкіметі елде тақтатас мұнайы өндіріле бастайтынын хабарлады. Кероген мұнайы атауымен танымал бұл "қара алтын" түрі бізде алғаш рет бұрғыланатыны мәлім болған еді. Тақтатас мұнайы көбіне жер қыртыстарында жатады. Оны өндіру технологиясы бойынша, жер қойнауының белгілі бір тереңдігіне жеткеннен кейін, көлденең бұрғылау басталады. Бұрғылау тереңдегі жер қыртысын қопара айыру керек, бұл тұста қабатты гидравликалық жарылыстар да жасалады. Ал тақтатас мұнайы жиналған жер қыртысын үгіту үшін орасан көп мөлшерде әртүрлі химикаттар қосылған су айдалады. Демек, экологиялық талаптарға толық сай келетін өндіру әдісі емес.

Қазір Американың мұнай өндірісі бойынша Сауд Арабиясы мен Ресейді басып озып кетуінде тақтатас мұнайының үлесі орасан. 2000-жылдардың басында АҚШ-та дәстүрлі мұнай қоры күрт азайды. Ал 2007-2008 жылдары жаңа технологияны қолданып, өндірісті қайта арттырды.

Былтыр Энергетика министрлігі тақтатас мұнайы Қарағансай кенішінен өндірілетінін жазған болатын. Ведомство мұнда 56,4 млн тонна қор барын жеткізген. Міне, осы тұста мәселе туындайды. Біріншіден, табылған қор тым аз. Мысалы, Қазақстанның жылдық мұнай өндірісі орта есеппен 90 млн тонна шамасында. Қарағансайдағы қор еліміздің жылдық мұнай өндірісінің 60 пайыз мөлшеріне ғана тең. Екіншіден, бұл өндірістің бейнеті көп һәм қымбат, күрделі технологияларды қажет етеді.

– Тақтатас мұнайының өзіндік құны бірнеше маңызды фактордан тұрады. Өндіріске кіріспес бұрын компаниялар геологиялық барлау мен лицензия алуға қаражат жұмсайды. Бұл тек алғашқы инвестициялар, онсыз жер қойнауында мұнай қоры бар-жоғын, оны өндірудің қаншалық тиімді екенін анықтау мүмкін емес. Тығыз жыныстардан алу үшін көлденең ұңғымалар бұрғыланып, оған жоғары қысыммен химикаттар араласқан су айдалады. Бұл қымбат процесс, бір ұңғыманы бұрғылау бірнеше млн долларға түсуі мүмкін, – дейді мұнай және газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов.

Алайда шығын бұнымен  бітпейді, өндіру басталғаннан кейін компаниялар ұңғымаларды күтіп ұстауға, қызметкерлердің жалақысын төлеп, химикаттар мен электр энергиясын сатып алуға тағы қаржы жұмсайды. Тасымалдау мәселесі және бар, тақтатас кен орындары ірі мұнай құбырларынан алыс орналасқан, сондықтан мұнайды автоцистерналармен немесе теміржол арқылы тасымалдайды.

Қазір АҚШ жалпы мұнай өндірісінің 70 пайызын тақтатас мұнайы есебінен толтырып отыр. Дегенмен бұл бағытта Қазақстан үлкен жетістікке жете қоярына күмән көп. Дәстүрлі мұнай бағытын жалғастыра беру үшін жаңа кен орындарын іздеп отырғандай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу