"Таза парақтан" реттеу: кәсіпкерлерге 2023 жылдан бастап жаңа талаптар қойылады

2262

Бизнесті «таза парақтан» реттеу жүргізіледі. Ол үшін отандық бизнеске қойылатын талаптардың реестрі жасалды.  

"Таза парақтан" реттеу: кәсіпкерлерге 2023 жылдан бастап жаңа талаптар қойылады Фото: atameken.kz

Қазір ел бойынша кәсіптің 22 саласына тексеріс жүргізіліп, аяқталды. Барлығы 60 405 талап қаралып, оның 11 пайызы жаңа реттеуші саясаттың базалық шарттарына сәйкес болмай шыққан. 

Бұлар – көлік, сауда, қоғамдық тамақтану, тұру қызметтері, жылжымайтын мүлікпен операциялар, тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу, компьютерлік бағдарламалау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, ақпарат және байланыс, қоймалау, төтенше жағдайларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызмет, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу, көші-қонды реттеу, құрылыс, құбыр көлігінің қызметі, авторлық және сабақтас құқықтар, балық шаруашылығы, мұнай және уран өндіру, қара және түсті металдардың қалдықтарын жинау және өткізу жөніндегі қызмет, жылжымайтын мүлікті басқару және пайдалану, білім, ғылым (жоғары білім), орман шаруашылығы, жалдау, жалға беру және лизинг саласындағы кәсіпкерліктер. 

«Таза парақтан» реформасы елдегі кәсіпкерлікті жандандыру мақсатын көздейді. 
Ең бірінші, кәсіпкерлерге қойылатын шарттардың жеңілдетілгенін атап өткен жөн. Олар тек адамдардың өмірі мен денсаулығы, қоршаған орта, қорғаныс және елдің Ұлттық қауіпсіздігін сақтау мақсатында ғана енгізілуі мүмкін. Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптардың реестрі енгізіледі. 

Бұл қалай жұмыс істейді? 

Бизнеске қойылатын талаптардың реестрінде реттеуші актілерге талдау жүргізу мерзімдері айқындалады. Егер реттеуші орган бұл талдауды мерзімінде (6 ай ішінде – заңдар бойынша; 3 ай ішінде – өзге актілер бойынша) жүргізбесе, онда мұндай актілер реестрден шығарылады. 

Ал егер талап реестрге енгізілмеген болса, онда ол бойынша мемлекеттік орган бизнесті жазалай алмайды. Сонымен қатар, реестр үшін арнайы платформаны Smart Data Ukimet базасында құру мәселесі қаралуда.

Реестрді құру үшін 2022 жылы 140 миллион теңге жұмсалды. 2023-25 жылдары жыл сайын 80 миллион теңге бөлінеді.

Кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеуші саясатты енгізу мәселелері жөніндегі Заңда мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесін өзгерту де көзделген. 

«Тексерулер мен жаза қолданудың орнына енді құқық бұзушылықтардың алдын алу жүргізіледі. Ол автоматтандыру арқылы іске асады. Ал мемлекеттік бақылауды автоматтандыру дегеніміз адамның қатысуынсыз тексеріс жүргізу. Бұл заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкімшілік қысымды азайтады және проблемалы бизнес субъектілерін назарға алуға мүмкіндік береді. Барлығы 92 бақылау саласының 62-сі автоматтандырылады», деді Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаментінің директоры Эрик Жамбылов. 

Айта кетерлігі, бизнеске қойылатын орынсыз талаптарды қысқарту үшін 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев реттеуді «таза парақтан» енгізуді тапсырды. Бұл жұмысқа «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жауапты. Ұлттық экономика министрлігімен бірге жаңа реттеу саясатының алғышарттары әзірленді.

Олар өткен жылы желтоқсан айында қабылданған жаңа реттеушілік саясат жөніндегі Заңда бекітілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу