Президент көп жағдайда мәдениетсіздік фактілерімен жиі бетпе-бет келетінін де жасырмайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Бұл жұмыстың маңызына бір сөзбен баға беру қиын. Сіздер осынау мемлекеттік және қоғамдық қағидаттардың мәні мен мақсатын жақсы түсінесіздер. Өкінішке қарай, мәдениетсіздік фактілерімен жиі бетпе-бет келеміз. Табиғатты, қоғамдық орындарды қасақана ластайды. Қоғамға, мемлекетке қарсы мұндай бейбастақ әрекеттерге жазаны күшейткен дұрыс деп есептеймін.
"Таза Қазақстан" дегеніміз – адамның айналасына жауапкершілікпен қарау дағдысы, азаматтық кемелдіктің көрсеткіші, мемлекет өркениетінің маңызды өлшемі.
Қалаларымыз бен ауылдарымыздың біразында жоғары экологиялық мәдениет пен қоғамдық тәртіп үлгісін көріп-байқап жүрміз. Бұл бізді қуантады. Қазақстанды қонақжай әрі қауіпсіз ел ретінде таниды. Енді осы артықшылықтарымызбен қоса, тазалықты да ұлттық брендке айналдыруымыз керек.
Елімізге келген қонақтар қазірдің өзінде қалаларымыздың келбетіне тамсана қарайды. Бұл Қазақстанның туристік әрі инвестициялық тартымдылығын еселей түседі. Осындай жетістіктерді ел аумағында таратуымыз керек, – деді Президент.
Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев "Таза Қазақстан" бастамасының мән-мазмұнын күшейтіп, тың идеялармен, креативті жобалармен толықтырған жөн" деп санайды.