"Тәжіктерге бойкот": Ресейдегі лаңкестік шабуылдан кейін қандай оқиғалар орын алып жатыр

12133

Ресей Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне қарсы визалық режим енгізуі мүмкін.

"Тәжіктерге бойкот": Ресейдегі лаңкестік шабуылдан кейін қандай оқиғалар орын алып жатыр Фото: rline.tv

Орталықазиялық елдердің азаматтарына қарсы шектеу енгізіп жатқан ресейлік өңірлердің саны онға жетті. Бұрын ТМД республикаларының азаматтары Ресейде еңбек патентін алып, еркін жұмыс істей беретін.

Енді Новгород облысының билігі жаңа мигранттарға патент беруді доғарып, бұрын патент алғандарға таксилетіп табыс табуына, автобус жүргізуіне, сауда жасауына, алкоголь және темекі өнімдерін сатуына тыйым салды. Тиісті жарлыққа аймақ губернаторы Андрей Никитин қол қойды. Осылайша, еңбек мигранттары үшін негізгі табыс көзі саналатын кәсіптерге жол жабылды.

Жарлыққа сәйкес, жұмыс берушілер жұмысшыларының аталған санаттарын биылғы 26 маусымға дейін жұмысынан босатуға міндеттелді. Бұл тыйымның күші Ресейде тұрақты тұруға рұқсаты барларға, Еуразиялық одаққа кіретін Қазақстан, Қырғызстан азаматтарына ғана таралмайды. Шетел азаматтарына тек қара жұмыс қалады.

Ресейдің субъектілері – республикалар, өлкелер, облыстар мұндай шешімдерді Ресей Ішкі істер министрлігінің ұсынымдарына сәйкес қабылдауда. Ресми түсініктеме бойынша бұл шаралар еңбек нарығын реттеу, миграциялық ахуалды тұрақтандыру, экстремистік және террористік қылмыстардың алдын алу үшін қабылданып отыр.

Осының алдында мигранттарға қатысты тыйымдар мен шектеулерді қазақстандықтар көп қатынайтын Челябі, Новосібір, Түмен, сонымен қатар арыдағы Магадан, Калининград, Тула, Калуга облыстары, Ханты-Манси автономды округіндегі Югра мен Якутия енгізді.

Бүгінде Ресей Мемдумасы Қазақстан мен Орталық Азиядан келетін еңбек мигранттарына білім беру, медицина, фармацевтика, такси қызметі сияқты салаларда еңбек етуге толығымен тыйым салатын заң жобасын қарап жатыр. Ол қызметтерді атқаруы үшін келімсектерге Ресей азаматтығын алуға тура келеді.

Заң жобасына түсіндірме жазбада Ресейге шетелден ағылған еңбек мигранттарының легі әрі қарай артып жатқаны және олардың табысы ресейліктердің жалақысымен теңескені атап өтілген. Сол себепті, депутаттардың пікірінше, мигранттарды тарту ресейлік экономика үшін тиімділігін жоя бастапты.

Өз кезегінде Мемдума депутаты, қауіпсіздік комитетінің мүшесі Михаил Шеремет соғыс уақытында мигранттардың кіруіне тосқауыл қою қажеттілігін мәлімдеді.

Шереметтің пікірінше, жағдайы нашар, шарасыз, құқық атаулыдан жұрдай кейбір жатжұрттықтарды қылмыс әлемі, лаңкестер ресейліктерге залал келтіру үшін пайдаланып, "оларды терактілерді жүзеге асырудың және ахуалды тұрақсыздандырудың құралына айналдыруы" мүмкін.

Сонымен бір мезгілде, Мемдумадағы "Справедливая Россия – За правду" фракциясының төрағасы Сергей Миронов бүкіл Орталық Азия елдеріне қарсы визалық режим енгізуге бастамашы болды.

Оның айтуынша, бұл режим тек Тәжікстанға, Түрікменстанға және Өзбекстанға ғана емес, Еуразиялық одақ бойынша одақтас екеніне қарамастан, Қазақстан мен Қырғызстанға қатысты да енгізілуі шарт.

"Біз тосқауыл қою бағытында алғашқы қадамды орталықазиялық барлық елмен арада визалық режим енгізуден бастауға тиіспіз. Мұнсыз шекарамызда ешқандай тәртіп болмайды. Шекарадағы тәртіп дәл қазір өмірлік маңызды. Бұл үшін миграцияны реттеп, террористік актілерге қарсы тұруымыз керек!" – деп мәлімдеді С.Миронов.

"Ресей қатыгез, қантөгісті тайталасқа тартылды. Қазақстанмен арадағы шекаралардың ашық-шашық жатқанын біздің жаулар пайдаланады, іргелес мемлекеттерді елімізге қарсы лаңкестік қызметті дайындайтын плацдарм ретінде қолданады. Біздің көршілеріміздің территориясында террористер, алуан түрлі экстремистік элементтер жиналып жатыр. Сондықтан визасыз режимді жою – бүкіл Еуразиялық кеңістіктегі ынтымақтастық пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған қадам болады", – деп сандырақтады Мемдума депутаты Сергей Миронов.

Оның мәлімдемесін ірі ресейлік басылымдар жариялады.

Сарапшылардың түсіндіруінше, қазіргі уақытта Қазақстан мен Орталық Азия республикаларының тұрғындарынан Ресейге кіргенде виза талап етілмейді. Оның орнынан ресейлік шекараны кесіп өткенде бұл елдердің азаматтары кіру датасы басылатын миграциялық карта рәсімдейді. Дәл осы карта 90 күн бойы Ресей аумағында уақытша болуына заңды құқық беретін басты құжат саналады.

Осының алдында Inbusiness.kz Ресейде жолаушылар тәжіктерге бойкот жариялап, жүргізушісі осы ұлттың өкілі болса, таксиден жаппай бас тартып жатқанын жазды. Әзербайжандық Report агенттігінің хабарлауынша, "Крокус Ситидегі" терактіден кейін Мәскеудегі әзербайжандық қоғамдастыққа әлдекімдер қорқытып, қоқан-лоққы жасап, қоңыраулата бастаған.

Бұл деректі Мәскеудің әзербайжандық қоғамдастығының төрағасы Шамиль Тагиев растады.  

"Лаңкестік актіден кейін Ресейде, әлеуметтік желілерде ұлтаралық және дінаралық алауыздықты өршіту талаптары белең алды. Бұған көбіне, радикалды көзқарастағы ұлтшыл пабликтер күш салуда. Салдарынан, Ресейдегі азшылық ұлттардың өкілдері атына қорқытып-үркітуге, доқ көрсетуге бағытталған қоңыраулар түсіп жатыр. Тіпті күш қолдануға, ұрып-соғуға шақырған дауыстар естілуде. Осыған байланысты Мәскеудің әзербайжандық қоғамдастығы отандастарымызды абай болуға, сақтық танытуға, радикалдардың арандатушылық әрекеттеріне берілмеуге шақырады", – деп мәлімдеді Шамиль Тагиев.

Ресейдегі өзбек диаспорасының жетекшілері де отандастарын бейғам болмауға, кешкілік уақытта қажеттіліксіз сыртқа шықпауға, бірге, топ болып жүруге кеңес берді. Бұл қазақтарға да қатысты болса керек.

Қазақстан қандай қам-қарекет жасауда?

Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл лаңкестердің көксегені – ел бірлігіне, ұлттар мен ұлыстар арасындағы келісімге нұқсан келтіру, достыққа сына қағу екенін ескертті.

"Терактіге тұтас ұлттардың, этностардың кінәсі жоқ және оларды жаппай айыптауға мемлекет жол бермеуге тиіс. Біртұтас елдің ішіндегі ұлттардың өзара дауласпай, жауласпай, жарастықта тұрып жатқанына ештеңе жетпейді, бұл – қалыптасқан мемлекеттің басты құндылығының бірі. Тату-тәтті тірлікті бұзып, адуынды этносаралық тайталастың тиегін ағыту – азаматтық соғысқа, өлім сайысына бастайтын, мемлекетті құртып тынатын қияметті, құрдымды жол. Заңсыз көші-қонға келсек, Мәскеуде теракті болғанда, көші-қон қызметіне хабарласып, миграцияға қатысты өзекті статистикаға үңілдім. Тәжікстаннан 2023 жылы 1 млн 112 мың 335 адам келіп, 1 млн 110 мың 523 адам кетті. 2024 жыл басталғалы 198 мың 683 Тәжікстан азаматы елімізге кірген, 194 мың 5 азаматы кеткен екен. Яғни, бірі кіріп, бірі шығып жатыр", – деді Бақытбек Смағұл.

Ол орталықазиялық өзге республикалардан келетін миграциялық ағынға да тоқталды. Жалпы статистика жұмыс іздеп келгендерді, туристерді, бергі беттегі туысқандарына қонаққа келгендерді де қамтиды.

Өзбекстаннан 2023 жылы Қазақстанға 5 миллион 396 мың 266 адам келіп, 5 млн 373 мың 368 азаматы кеткен. 2024 жылдың басынан бері – 697 380 өзбекстандық келіп, 642 112 өзбекстандық кеткен.

Қырғызстаннан 2023 жылы 2 млн 727 мың 371 адам келіп, 2 млн 725 мың 72 адам кетті. 2024 жылы келген қырғыз азаматтарының саны 259 954-ті, кеткендерінің саны 257 466 адамды құрады.

Бақытбек Смағұл Ресейден келетін миграцияның да қатаң бақылауға алынуы керектігін нұсқады.

"Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасында орналасқан бақылау өткізу пункттерінен өтетін көші-қон ағынына бақылауды күшейту керек. Білуімше, қазіргі кезде елге келуші шетелдіктердің ішіндегі лаңкестік ұйымдарға қатысы бар, немесе радикалды пиғылдағы тұлғаларды табу, жолын кесу бойынша іс-қимылдың арнайы алгоритмі әзірленіп, қолданылады. ҰҚК Шекара қызметі қарсы барлау және барлау бөлімшелерімен, ҰҚК аймақтық бөлімшелерімен тығыз қарым-қатынасы жолға қойылды, олар бірлесе қимылдауда. Жағдай әзірге қалыпты, қадағалануда. Бұл жұмыс ары қарай жетілдірілуге тиіс", – деді сарапшы Б.Смағұл.

Бақытбек Смағұл Мәжіліс депутаты болған кезде, ҰҚК Шекара қызметінің барлық шекара бөлімшелерін және шекаралық бақылау-өткізу пункттерін аралап, шекарашыларымыздың тұрмыс, тіршілігімен мұқият танысып отырды. Соңғы рет 2022 жылы барып қайтқан. Сонда анықталған мәселелерді ел басшылығына жеткізді, жекелеген проблемалар бойынша заңнамаға, нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілуіне бастамашы болды. 2021 жылдан бері құжаттары әзірленген соң, шекаралық бөлімшелерді талапқа сәйкес келтіруге қаржы бөлінуде.

Мысалы, 2024 жылы шекаралық бөлімшелерді жобалап, салуға Ұлттық қордан 24,2 миллиард теңге нысаналы қаражат бағытталып жатыр. Тарата айтқанда, жеріміздің Ресеймен шектесетін етегі бекітіледі: Ақтөбе облысындағы "Жайсаң", "Байтұрасай" шекара бөлімшелері, Қостанай облысындағы "Кеңарал", "Қайрақ", "Бірлік", "Ұзынағаш" шекара бөлімшелері, Павлодар облысындағы "Арлан", "Шарбақты" шекара бөлімшелері, Солтүстік Қазақстан облысындағы "Келтесай", "Талсай", "Қарақұдық", "Есіл", "Қасқат", "Ақкөл" "Аралағаш", "Жаңа жол", "Ашикен", "Қызылту", "Жамбыл", "Баян батыр" және басқа шекара бөлімшелері толыққанды салынатын болады. Бұл бағытта ел Үкіметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Шекара қызметі үлкен жұмыс жүргізуде.

Ресеймен арадағы Мемлекеттік шекарада өткізу пункттерін салу және реконструкциялау жұмыстары қарқын алыпты. Бұған, Қаржы министрлігінің дерегінше, биыл Ұлттық қордан 15 млрд 339,7 млн теңге бөлінген. Нәтижесінде, Қазақстан-Ресей шекарасындағы "Сырым", "Әлімбет", "Жаңа жол", "Қосақ" автомобиль өткізу бекеттері реконструкциялануға және жаңғыртылып, жабдықталуға тиіс.

"Қызылжар", "Қарақоға" және "Бидайық" өткізу пункттері 2025 жылы күрделі жөндеуден өткізіледі деп күтілуде.

"Шекараның бекемдігі – еліміздің есендігі. ТМД аймағында саяси жағдай, геосаяси ахуал күрделенгелі, Қазақстан және Ресей арасындағы көші-қон күрт артып, шекара қызметіне шектен тыс ауыртпалық түсіруде. Сондықтан шекаралық бөлімшелер мен шекарадағы өткізу пункттерін модернизациялау, жарақтандыру шаралары қарқынды жалғасқаны маңызды. Мысалы, шекарадан өтетін әрбір машина ғимарат ішіне кіріп, рентген құрылғы көмегімен мұқият тексеруден өтуге тиіс. Әйтпесе, құпия қуыстарына қару-жарақ, есірткі, басқа да тыйым салынған заттар жасырылады. Тиісті құрылғы болмаған соң шекаралық бақылау бөлімшесінің қызметкерлері көліктерді далада, қол құрылғыларымен, итпен тексеруге мәжбүр. Бақылау-өткізу пункттерін жаңғырту барысында олардың бәрі заманауи рентгендік-телевизиялық инспекциялық-тексеру кешенімен, басқасымен жабдықталуы керек", – деді Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл.

Мәскеудегі лаңкестік актіден кейін Қазақстанда да қауіпсіздік шаралары шамалы күшейтілгені байқалады. Көшеде көліктерді тоқтатып тексеретін полиция қызметкерлерінің қатары артты. Бірақ науқаншылдықпен шектелмей, терроризммен күрес бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілсе, жөн.

Айталық, мектептердегі қауіпсіздікке сол бойы жалғыз-жарым күзетші – көбіне, әйел немесе егде жастағы адам ғана жауап береді. Қару асынуға рұқсаты бар кәсіби күзет ұйымдарымен бәрі бірдей келісім бекітпеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу