Бұл туралы BILD басылымы Der Spiegel-ге берген сұхбатына сілтеме жасап хабарлады.
Сауд Арабиясының бұрынғы барлау қызметінің басшысы Түрки бин Фейсал әл-Саудтың айтуынша, Парсы шығанағы мен Баб-эль-Мандеб бұғазындағы қауіпсіздік мәселесі тек АҚШ пен аймақ елдерінің міндеті болмауы керек.
"Аймақтағы табиғи ресурстардан пайда көретіндер бейбітшілік пен қауіпсіздікке үлес қосуы тиіс. Бұл жауапкершілік тек АҚШ, Израиль немесе Иранға тиесілі емес. Еуропа да біздің аймақтағы тұрақтылықтан пайда көреді, алайда оны қамтамасыз ету үшін аз әрекет етіп отыр", – деді ол.
Сауд Арабиясы бұған дейін Арабия түбегі мен Баб-эль-Мандеб бұғазында әскери бақылау және қауіпсіздік жүйесін құруды ұсынған. Алайда, Түрки бин Фейсалдың сөзінше, Еуропаның бірде-бір елі бұл бастамаға қосылмаған.
Оның пікірінше, мұндай жүйе Еуропа үшін де тиімді болар еді, өйткені Баб-эль-Мандеб арқылы өтетін сауда кемелерінің Суэц каналына және одан әрі Еуропаға қауіпсіз жетуіне мүмкіндік берер еді.
Сауд Арабиясының өкілі кейбір елдердің хуситтерге қарсы күресте қазірдің өзінде қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Франция қатысып жатса, Ұлыбритания әуеде жанармай құю арқылы қолдау көрсетуде. Мысыр мен басқа мемлекеттер де осы бағытқа қосылуы мүмкін.
Түрки бин Фейсалдың мәлімдеуінше, Пәкістан мен Түркия да жеткізілімдер, оқ-дәрілер және барлау ақпараты арқылы қолдау көрсетіп отыр.
"Сауда жолдарын тікелей қорғау тек Американың міндеті емес. Бұған бүкіл әлем қатысуы керек", – деді ол.
Алдағы айда Эр-Риядта Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесі (GCC) мен Еуропалық одақ арасында кездесу өтеді. Сауд тарапы бұл кездесуде ЕО мен GCC арасындағы ондаған жыл бойы талқыланып келе жатқан сауда келісіміне қол жеткізуді көздеп отыр.
Түрки бин Фейсал мұндай келісім кейін қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастыққа жол ашуы мүмкін екенін айтты.