Телефонға қажетті титанды импорттау мен экспорттаудан кімдер алда келеді?

840

Бұл төзімді, берік, жеңіл әрі смартфондар өндірісндегі маңызды металл саудасында Қазақстанның да орны ерекше.  

Телефонға қажетті титанды импорттау мен экспорттаудан кімдер алда келеді? Фото: japantimes.co.jp

Осы аптада iPhone смартфондарының титанмен қапталған жаңа сериясы шығарылды. Титан әдетте телефондардың өзін жеңіл, ал корпусын берік етеді.

Сондықтан кейінгі кездері байланыс құралдарын жасауға бұл материал жиі қолданылатын болды. Қытай өндірушілері Apple-дің жаңа үлгілері жарық көргеннен кейін, титанға сұраныстың артатынын болжап отыр.

Титан туралы кейбір негізгі фактілерге тоқталсақ, олардың қысқаша сипаты төмендегідей:

Титан қайда өндіріледі?

Титандық минералдар өнеркәсіпке қажетті металлға айналатын титан губкасын жасауға қолданылады.

Америка Құрама Штаттарының Геологиялық қызметінің (USGS) мәліметтері бойынша, Қытай өткен жылы әлемде өндірілген 260 000 тонна титан губкасының 150 000 тоннасын немесе 58 пайызын шығарған екен.

Содан кейінгі орында 19 пайызға жуық үлеспен Жапония тұрса, үшінші орынды 10 пайызбен Ресей иеленді. Ал 2022 жылы Қазақстан мұндай материалдың 16 мың, Украина мың тоннасын өндіріпті.

Титанды кімдер экспорттайды және импорттайды?

Trade Data Monitor (TDM) дерегіне жүгінсек, АҚШ былтыр титан губкасының ең ірі импорттаушысы атанып, 83 000 тонна немесе жалпы көлемнің 36 пайызын сатып алған екен.

TDM-ның өзге бір мәліметінше, Қытай өткен жылы 13 000 тоннадан астам титан губкасын импорттап, оны сатып алудан екінші орынға шықты. Үшінші сатыда 9 000 тоннамен Оңтүстік Корея тұр.

TDM зерттеуі көрсеткендей, Жапония өткен жылы 35 000 тоннаға жуық титан губкасын шетелге жөнелткен әлемдегі ең ірі экспорттаушыға айналды. Осы экспорт бойынша 16 000 тоннамен Қазақстан екінші орыннан көрінсе,  Сауд Арабиясы 10 000 тонна титан губкасын сатып үшін орынға шыққан.

Титанның қолданылу аясы?

Титан аэроғарыш өнеркәсібінде шассилерді, қалақтарды және турбиналық дискілерді жасауға қолданылады. Теңіз өнеркәсібінде титан қаңылтыры кемелер мен суасты қайықтарын жасауға, ал автомобиль секторында қозғалтқыштардың құрамдас бөліктері үшін пайдаланылады.

Сонымен қатар, титан химиялық өңдеу мен вэйпингте тозудан, жарылудан қорғау үшін, ал одан жасалған сым температураның қауіпсіздігі үшін қолданылады. Бұған қоса, титан гольф клубы клюшкаларының басына тағылады.

Тағы бір айта кететін жайт – титанның тығыздығы адам сүйектерінің тығыздығына ұқсас. Сондықтан, оны буындарды ауыстыруға және тіс импланттарына да пайдалануға болады.  

Титан атауы грек мифологиясының титандарынан бастау алады.  

Бұл - коррозияға ерекше төзімді қатты, күшті әрі жеңіл металл. Титан болат сияқты берік, бірақ сол болаттан 45 пайызға жеңіл екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу