Telegram мессенджеріне қатысты қоғамды шошытқан сұмдық жайт орын алды

172

Тұсауланған Telegram және "темір перде": әңгіме көрші елдегі жағдай туралы болып отыр. 

Telegram мессенджеріне қатысты қоғамды шошытқан сұмдық жайт орын алды Фото: canva

Солтүстік көршінің ақпараттық кеңістігінде тағы бір дүрбелең. Бұл жолы "құрық" Telegram мессенджеріне түсті. Мәскеу бұл платформаны ресми түрде бұғаттауға батылы бармаса да, "баяулату" атты астарлы айлаға көшкен. Бірақ мұнысы сыпайылағанда ғана "тежеу", іс жүзінде – толық тоқырату.

Жылдамдығы әдейі "өлтірілген" мессенджер ашылмай-ашылмай, ұзақ жүктеліп тұрса, желіге түсетін салмақты азайту үшін провайдерлердің өздері-ақ онымен байланысты үзіп тастайды, қолданушыны дәрменсіз күйге түсіреді. Би-Би-Сидің жазуынша, Роскомнадзор (РКН) осылай "дәйекті түрде шектеуді" жалғастыра беретінін мәлімдеді.

"Ресей билігі 10 ақпаннан бастап Telegram мессенджерінің жұмысын баяулату бойынша шараларды бастады. Бұл жөнінде ақпараттық технологиялар саласындағы және жауапты ведомстволардағы дереккөздеріне сілтеме жасап, ресейлік РБК арнасы хабарлады. Сарапшылардың пікірінше, бұл баяулату мессенджерді толық бұғаттаумен тең", – деп мәлім етті BBC.

Темір құрсау, цифрлық шідер

Роскомнадзор қоғамда кең резонанс туғызған хабарламаларға түсініктеме бере келе, у-дуға бола тоқтамайтынын, мессенджерге қатысты дәйекті шектеулер енгізуді жалғастыратынын мәлімдеді: себебі, Телеграм "әлі күнге Ресей заңнамасын орындамай отыр".

Бұған Telegram-ның қожайыны үн қатты.

"Ресей қадағалауға және қатаң саяси цензураға негізделген, мемлекеттің қанатының астындағы қосымшаға өз азаматтарын жаппай көшіруге күш салуда. Осы мақсатта Telegram-ға қолжетімділікті шектеп отыр. Ресей сегіз жыл бұрын қосымшаны бұғаттаған Иранның жолына түсті: алайда ирандықтардың басым бөлігі цензураны айналып өтіп, жергілікті тың тыңдалатын қосымшалардан гөрі Telegram-ды қолдануды жалғастырып келеді", – деп пікір білдірді мессенджердің негізін қалаушы Павел Дуров. Оның байламынша, "бостандықты шектеу – ешқашан ақылды шешім болған емес".

"Роскомнадзор" мессенджердің жұмысына кедергі келтіруді өткен жылдың жазында-ақ бастаған болатын. Ресми түрде РКН Telegram-ның жұмысына тоспа құруға 2025 жылғы 13 тамызда кірісті.

Сонымен қатар былтырдан бері Ресейде WhatsApp-дың жұмысы доғарылды. Сол кезде "Роскомнадзор" РФ-та WhatsApp-тағы "қоңырауларды ішінара шектеу шаралары қабылданып жатқанын" мәлімдеді.

Реттеушінің дәйектеуінше, бұл қатаң шараларға осы мессенджерлердің "алаяқтар тарапынан халықты алдау және ақша бопсалау, сондай-ақ Ресей азаматтарын диверсиялық және террористік әрекеттерге тарту үшін қолданылатын негізгі сервистерге айналуы" негіз болған.

Алайда ресейлік сарапшылар ресейлік Мах мессенджерін де интернет-алаяқтардың емін-еркін пайдаланатынын дәлелдеді. Бірақ бұл оны тосқауылдауға ықпал етпеді.

Сондай-ақ Ресей билігі өз әрекеттерін Telegram мен WhatsApp "IT-компанияларды жерсіндіру туралы" заңды орындамайтынымен, яғни, пайдаланушыларының деректерін Ресей аумағында сақтамайтынымен де түсіндірді. Ал, ресейлік сарапшылардың болжамынша, осындай шаралар арқылы билік барлық РФ тұрғындарын "ұлттық мессенджер" деп жариялаған Max қосымшасына көшуге мәжбүрлеп жатыр.

Өткен жылдың тамызында ресейлік қолданушылар Telegram арқылы дауыстық қоңырау шала алмайтынына, кейде тіпті мәтіндік хабарламалар жібере алмайтынына жаппай шағымдана бастады. Осы тұста "Коммерсант" газеті "Кремльде алда шетелдік мессенджерлерді толық бұғаттау мәселесі" талқыланғанын жазды.

РКН Телеграмның жұмысын баяулатқанын мәлім етті. Онда неліктен сарапшылар "толық бұғаттау" туралы сөз қозғап отыр? Ресейлік шолушы Андрей Захаровтың түсіндіруінше, былтырғы жаздың соңында басталған шектеулер биылғы ақпанда шарықтау шегіне жетті.

Бастапқыда "ауыр" контент (видео, қоңыраулар) бұғатталса, енді кәдімгі мәтіндік хабарламалардың өзі "жеңіл" салмағына қарамастан желіден өте алмай тұр.

"WhatsApp пен Telegram арқылы Ресейде "ауыр" пакеттер, яғни, қоңыраулар мен видеолар өтпей қалды. Кейін шектеулер WhatsApp-тағы мәтіндік хабарламаларға, яғни, "жеңілдеу" пакеттерге де жетті. Салдарынан, бұл мессенджер іс жүзінде РФ-та толық бұғатталды. Telegram болса, біраздан бері тек "ауыр" пакеттер ғана өтпейтін кезеңде қалған еді. Бір ай бұрын ресейліктер ол арқылы үлкен видеолар жүктелмейтініне және қоңырау шала алмайтынына шағымдана бастады. Қоңырау мен видео – техникалық тұрғыда шамалас, яғни өткізілмейтін үлкен пакет. Ал, енді Ресейде кейбіреулер тіпті мәтіндік хабарламалардың да өтпей қалғанын білді. Міне, бұл – толық бұғаттау деген сөз", – деді Захаров.

РКН жауабы мен әскерилердің жылауы

Ең қызығы, Роскомнадзордың бұл соққысы өз әскерінің ту сыртынан тигендей. Ресейлік сарбаздар, "Z-блогерлер" бүгінде жаппай видеоүндеу жазып, шу шығаруда. РФ әскерилері жоғарыдағылардан армиядағы негізгі байланыс құралына айналған Telegram-ға қойылған шектеулерді алып тастауды қиыла сұрады. Себебі, заманауи соғыстың навигациясы да, рациясы да – осы Дуровтың мессенджері еді.

Әскерилердің айтуынша, майдан даласында басқа тұрақты байланыс жүйесі жоқ. Украина майданында соғысқан ресейлік армия амалсыздан америкалық Starlink пен Павел Дуровтың жеке мессенджерін жаппай пайдаланып келген.

Илон Маск оларды биылғы қаңтарда Starlink интернетінен ішінара айырды (бұғаттау әзірге сектор-сектор бойынша кезекпен ілгерілетілуде). Енді кенеттен Telegram "құлады".

Бұл Ресей армиясының жауынгерлік қабілетіне, сондай-ақ әскери қызметкерлердің көңіл-күйі мен рухына нұқсан келтіріпті.

"Роскомнадзорға және одан жоғары тұрғандарға үндеу жасағым келеді. Telegram платформасы бізге ақпаратпен жедел алмасуға және қарсы тараптың дрондарына қарсы тиімді күресуге мүмкіндік береді. Сіздер бұл құралды бізден тартып алмақсыздар. Бізге онсыз да оңай емес еді, енді ақпарат алмасу, өзара әрекеттесу процесі қиындай түсті. Бұл байланысты біз зорға жолға қойған едік. Маған сеніңіздер, өйткені осының бәрін өзім ұйымдастырдым. РКН-ге сұрақ қойғым келеді: бұғаттамас бұрын бізден сұрадыңыздар ма? Telegram – барлық құрылыммен және ведомстволармен байланыс орнататын жалғыз құрал", – дейді "Альбатрос" жасағының анонимді әскери қызметкері.

Z-арналардың бірінің авторы бұл шешім әскери қажеттіліктерге қаражат жинап жүрген ресейлік волонтерларға төбесінен жай түсіргендей әсер еткенін хабарлады.

"Telegram-ға тыйым салу Z-блогерлерге қатты соққы болды, қаражат жинауға кедергі. Халықтан көмек, "донаттар" онсыз да азайған еді, енді бірнеше есеге тағы құлдырайды. Max мессенджерінде ақша аударатын жүз мыңдық аудиторияны қайта жинау үшін өте көп уақыт керек. Барлық жазылушыларымды қалай көшіретінімді білмеймін, бірақ амалын табармын", – дейді ресейлік блогер.

Парламент мінберінен де ащы сөздер естілуде. Телеграмға тыйым Мемдума депутаты, "Справедливая Россия–За правду" фракциясының жетекшісі Сергей Мироновтың ашу-ызасын туғызды.

"Telegram-ды кім баяулатып жатыр? Шұғыл алдыңғы шепке, "арнайы әскери операция" аймағына барыңдар. Қан төгіп жатқан жігіттеріміз үшін Telegram – жалғыз байланыс құралы. Не істеп жатырсыңдар, нақұрыстар (идиоты)? Халық осы мессенджер арқылы соғысқа ақша жинап жүр. Тағы да айтамын: мұны істеп отырғандар – пасықтар. Ол жақта адамдар Ресей үшін, орыс әлемі үшін қаза тауып жатыр. Естеріңді жиыңдар!", – деді депутат Миронов.

Мемлекеттік думадағылар Telegram-ды баяулату "қоғамдағы жаңа шиеленіс ошағына" айналды деп бағалады.

"Қоғам шегіне жеткенше қозып тұр. Қауіпсіздік туралы қаншама сөз қозғалды. Telegram-ды баяулатудың қажеттігі жөнінде мамандардан тағы да түсінікті, тұшымды түсініктеме естімей отырмыз. Бұл – қоғамдағы кезекті шиеленіс нүктесі", – деді Мемдуманың азаматтық қоғамды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Сергей Обухов.

"Роскомнадзор Telegram-ды соғыс жарияламай-ақ, алдын ала түсіндірмесіз, ескертусіз бұғаттап отыр. Алаяқтармен күрес адал азаматтармен күреске айналмауға тиіс. Электр қуатын пайдаланатын қылмыскерлермен күресу үшін электр жарығын жаппай өшіруге болмайды. Telegram-ға қатысты да солай", – деді МД экономикалық саясат комитеті төрағасының орынбасары Михаил Делягин.

Бірақ РФ депутаттардың үлкен бөлігі бұғаттауды қызу қолдайды. Бұлардың уәжі бөлек. Бұғаттау – бірінші кезекте миллиардтаған салықты айналып өткен жатжұрттық компанияға сабақ болуға тиіс.

"Telegram "Роскомнадзормен" өзара әрекеттеседі, бірақ оны "еріннің ұшымен" ғана істейді. Telegram өзін ұлы санайды, шекеден қарайды. Жоқ, бұлай болмайды! Біздің талаптардың тұтас тізімі бар, соның ішінде локализациялау мәселесі. Компания РФ-та өз өкілдігін ашып, табысынан барлық алым-салықты төлеуі шарт. Сондықтан "Роскомнадзор" оған осылай кезекті белгі беруді жөн көрсе, мен мұны толық қолдаймын", – деді Мемдуманың салаға жауапты ақпараттық саясат комитеті төрағасының орынбасары Андрей Свинцов.

Дума депутаты Андрей Гурулев жеке қолайсыздықтарды "ұлы мақсат" жолында құрбан етуге шақырды.

"Ақпаратты қорғау – біз бен НАТО арасындағы тайталастың негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан бізде бұғаттаудан басқаша жол жоқ. Бұл көпшілікке, соның ішінде маған да қолайсыздық тудыратынын түсінемін. Дегенмен замана талабы солай. Ақпараттық қауіптер төніп тұр, оларға жауап беру керек", – деді депутат.

Осылайша бүкіл рунетті "егемендендіру" үдерісі солтүстік көршіде қарыштаған қадаммен алға басып келеді. Әрі әр қадамы сайын шенеуніктер адамдардың еркіндігіне тағы бір шектеу қойып, шідерлеп, мұны "қауіпсіздік шарасы" деп атауды ұмытпайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу