Трамп тележүргізушіні қорғаныс министрі етіп тағайындады

3399

Келесі жылдан бастап, әлемдегі соғыс пен бейбітшілік мәселесін анықтайтын Пентагонның тізгіні Fox News жүргізушісіне беріледі, ал, Илон Маск Американың федералдық Үкіметін таратады. 

Трамп тележүргізушіні қорғаныс министрі етіп тағайындады Фото: defensenews.com

Пентагон

5 қарашада жаңа сайланған Президент Дональд Трамп өз әкімшілігін белсенді қалыптастыруда. Мысалы, АҚШ-тың 47-ші лидері жаһандық супердержаваның Қорғаныс министрі лауазымын Fox News тележүргізушісі Пит Хегсетке ұсынды. Ол америкалық армияның ардагері болып табылады: Ирак пен Ауғанстандағы әскери операцияларға қатысқан, Гуантанамодағы базада әскери қызмет атқарған. Қызметін аяқтаған соң трамптық телеарнаның сарапшысы, жүргізушісі болып жұмыс істеді.

Америкалық басылымдар Хегсеттің тағайындалуы "көпшілік үшін күтпеген жаңалық болғанын" жазады. Өйткені беделді ақпарат құралдары телекамера, фотоаппарат және басқа асай-мүсейін арқалап, миллиардер Трамптың Мар-а-Лагодағы төл сарайының алдында түнеп жатыр. Сөйтіп, оған келген-кеткеннің бәрін бағуда.

Трамптың резиденциясына кіріп шыққан кандидаттар кейін соның жаңа әкімшілігінде жоғары лауазымдарға ие болды. CNN дереккөзінің хабарлауынша, Трамп соңғы күндері өз сарайында да, басқа жерде де тележүргізуші Пит Хегсетпен кездеспеген.

"Пит қатаң адам. Ол ақылды, әрі Американың бәрінен биік тұратынына құлай сенеді. Пит басшылығында Пентагон – Американың барлық дұшпанына ескерту: біздің Қарулы күштер қайтадан ұлы болады және Америка ешқашан кері шегінбейді", – делінген осы тағайындауға қатысты Д.Трамптың мәлімдемесінде.

CIA барлау басқармасы

АҚШ-тың "Орталық барлау басқармасын" (Central Intelligence Agency; CIA) басқару бұрынғы Ұлттық барлау директоры (Director of National Intelligence, DNI) Джон Рэтклиффке ұсынылды.

Рэтклифф бұрын Техас штаты атынан конгрессмен де болды. Ол туралы мәлімдемесінде жаңа-ескі Президент Трамп: "Рэтклифф әрдайым Америка халқы алдында адал болды және шындықтың қорғанында тұрды" деп жоғары бағалады.

"Джон біздің еліміздегі барлау саласының екі жоғарғы лауазымын атқарған тұңғыш тұлғалаға айналатынына мен қуаныштымын!", – деді Трамп. Бұдан бұрын Демократиялық партия DNI бұрынғы басшысын Трамптың пайдасына құпия ақпаратты жымқырып, табыстап отырды деп айыптаған болатын.

Сол ақпарат негізінде Республикалық партияның ортақ кандидаты президенттіктен үміткен Джо Байден сияқты саяси қарсыластарына компромат жинап, қарсы шабуылдау кезінде пайдаланған.

Тиімділік министрлігі

Трамп сайлауалды үгіт науқаны кезінде Президенттікке "батпақты кептіру" үшін бара жатқанын қайталаумен болды. Оның жақтастары мұны "Вашингтонды күйрету" деп атады. Олар түзген "2025 жобасында" айтылғандай, Дональд Трамп федералдық үкіметті таратып, мемлекеттік функциялардың көбін аутсорсингке, жеке агенттіктерге, бизнестің қолына тапсырады.

Яғни, бүкіл АҚШ енді алпауыт миллиардерлерді байытудың қайнарына айналуы мүмкін. Мұның қалай жүзеге асырылатыны түбегейлі анық емес. Оны жаңа министрлік айқындап, реформаның егжей-тегжейін түзеді және оны жан-жақты, жаппай жүзеге асырады.

Осы мақсатта Д.Трамп өз әкімшілігінде жаңа министрлікті – "АҚШ Үкіметінің тиімділігі департаментін" құрды. Ресми тілде ол Department of Government Efficiency (DOGE) аталады. Бұл бір жағынан танымал криптовалютаны (Dogecoin) елестетеді. Х әлеужелісінде тиісті мемдер, тіпті догикойнның дәл осы аттас министрлігінің кеңсесі пайда болды. Екінші жағынан, итальян тілінде ол "көсем" дегенді білдіреді екен.

Бірақ ведомствоның құзыры мен міндеті әзірге жұмбақ. Бұл жерде Дональд Трамп әлемді аң-таң еткен тағы бір шешімін жариялады. Тиімділік департаментін атағы жаһанға мәшһүр бизнесмен Илон Маскқа және өзінің бұрынғы бақталасы Вивек Рамасвамиге бірлесе басқаруды ұсынды. "Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды" деген қазақ мақалын білмейтін болса керек.

Бұдан бұрын Трамп жаңа министрліктің тізгінін Маскқа басыбайлы беретінін мәлімдегендей еді. Маск оған лайық еді. Tesla, Space X компанияларының және Х әлеужелісінің қожайыны ел тарихында тұңғыш рет America PAC "Саяси іс-қимылдар комитетін" құрып, оған 200 миллион долларға жуық қаражатын салды. Трамптың сайлауалды науқанына төл қаржысын аямай төкті. Өзі де соңғы бірнеше апта бойы сайлауалды митингтерде күніне бірнеше рет, яғни осы шаралардың бірінен соң бірінде бой көрсетумен болды. Ұшағымен Американың бір түкпірінен екіншісіне шарқ ұрып, жанталасты.

Енді оған жаңа лауазымның орынтағын Рамасвамимен бөлісуге тура келеді. Америкада дүниеге келген, тегі үнділік Вивек Ганапати Рамасвами да миллиардер, айти-бизнесмен, бірақ Масктай солшыл емес, консервативтік саясаткер. Ол 2024 жылғы сайлауда Республикалық партия атынан президенттік лауазымға кандидат болып, Трамппен бақ пен бап таластырды. Былтыр партиялық праймериз кезінде дебаттардың бірінші турында күтпеген жерден жеңіске де жетті. Бірақ Трамп оны мысымен басты.

"Осы екі тамаша америкалық тізе қоса отырып, АҚШ-та үкіметтік бюрократияны жоюға, шектен тыс реттеуді қысқартуға, ысырапшыл шығыстардан бас тартуға, федералдық агенттіктерді қайта құрылымдауға бағдарланған менің әкімшілігімнің даңғыл жолын төсеп береді. Бұл "Американы құтқарамыз" қозғалысының аса маңызды шарты!" – делінген Трамптың тиісті мәлімдемесінде.

"Би-Би-Си" жаңа министрліктің қысқарған атауы – DOGE әдейі солай қалыптастырылғанын айтады. Ол Илон Маск ілгерілетіп келе жатқан Dogecoin криптовалютасының атауына сілтеме жасайды, жарнамалайды.

"Жаңа құрылымның қандай форма-қалыпқа түсетіні әзірге түсініксіз. Ол Ақ үй құрамына кірмейді. Трамптың мәлімдемесінде кең ауқымды құрылымдық реформаларды жүргізу үшін оның Ақ үймен және қолданыстағы Бюджет басқармасымен ынтымақтасатыны айтылған. Тағы бір белгілісі, Маск пен Рамасвамиге осы жұмысты 2026 жылғы шілдеге дейін орындап шығу тапсырылды. Содан кейін ол екеуінің өкілеттігінің мерзімі аяқтала ма, ол жағы да беймәлім", – дейді ВВС.

Америкалық журналист Энтони Зуркер әлемдегі №1 миллиардер Илон Маск ешқайда ұзаққа кетпей, қазіргі кезде Трамптың Мар-а-Лагодағы өтпелі штабына тұрақты түрде қатысып жатқанын хабарлады.

Ақпарат құралдарының мәліметінше, ол жаңа сайланған Президентке жаңа әкімшілігіне қандай кандидаттардың кіруі керекті жөнінде кеңес беруде. Осы орайда америкалық сарапшылар Масктың жаңа Президентке ықпалын "шектен тыс зор" деп теріс бағалады. Мысалы, өткен аптада жаңа сайланған АҚШ Президентін құттықтауға Украина Президенті Владимир Зеленский қоңырау шалғанда, оның Трамппен әңгімесіне кенет Маск киліккен көрінеді.

Дональд Трамп қарызы шарықтап өсіп бара жатқан Американың бюджетін қысқарту шараларын анықтауды Илон Маскқа жүктейтінін жариялады. Ол бюджетті секвестрлеуге бизнесмен ретінде қарайтыны мәлім. Ендеше табыс әкелмейді, шығыны шаш етектен деп, мемлекеттік маңызды әлеуметтік, немесе қорғаныс жобаларын еш қымсынбай қысқарта салса, америкалықтар таңғалмасын.

78 жасар ақсақал Трамп өз командасына тағы бір тарихи, шешуші фигураны – Роберт кіші Кеннедиді тартып жатыр. Атақты Кеннедилердің ұрпағы биылғы сайлауда тәуелсіз кандидат ретінде бақ сынады, әйтсе де, жарыс жолынан шығып, барлық жақтаушыларын Трампқа дауыс беруге шақырды. Осы арқылы бұрынғы демократ Республикалық партия үміткерінің жеңісіне үлес қосты.

Трамп кіші Кеннедиге қандай лауазым бергенін әзірше жария етпеді, тек оған "Американың қайтадан дені сау, саламатты болуына" әсер ететін рөлді беретінін хабарлады. Жаңа сайланған Президент тәуелсіз экс-кандидаттың жаңа әкімшілікке өз идеясымен келгенін және оған сол жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Шекараның қорғаны

Трамптың жеңіске жетуіне оның сайлаушылар мен таңдаушыларға шекараны тарс жауып, мигранттардың бақылаусыз ағынын күрт тыюға уәде етуі де септесті. Сондықтан сарапшылар бұл маңызды миссияны оның кімге жүктейтінін күтті.

Жаңа Президент мемлекеттік шекараны күзетуді әйелге ұсынды. Ішкі қауіпсіздік министрі болып 52-жасар Кристи Ноэм тағайындалатын болды. Ол қазіргі кезде Оңтүстік Дакота штатының губернаторы.

Ноэм Джо Байден басқарған федералдық билікке қайсарлықпен қарсы шығып, ұлттық мүддені қорғау үшін шекараны өз бетінше бітеген басшылардың қатарынан табылды.

"Ноэм Байден жасаған шекаралық дағдарыспен күресте Техасқа көмекке келіп, Ұлттық гвардияның солдаттарын аттандырған тұңғыш губернатор әйел!", – деп таныстырды өз мәлімдемесінде Трамп. Оның айтуынша, Ноэмнің америкалық шекараның қауіпсіздігіне шын берілгендігі оны осы лауазымға шақыруға басты себеп болыпты.

Қорыта айтқанда, Дональд Трамп қазірдің өзінде оннан астам тағайындаулар жасады. Мысалы, 2015 жылдан бері Трамптың спичрайтері болып, сөзін жазған Стивен Миллер Ақ үй әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды. Заңсыз және заңды иммиграция толқындарын тоқтатып, жаппай депортацияларды ұйымдастыру жоспарын сол түзеді деп болжануда.

Трамптың бірінші каденциясында Иммиграциялық және кедендік бақылау агенттігін басқарған Том Хоман АҚШ–Мексика шекарасында ұсталған заңсыз келімсектердің отбасыларын ажыратып, балаларын тартып алу және оларды арнайы изоляторларға қамау жөніндегі қатал саясатты қолдады. Енді ол қайта оралды және "шекаралар патшасына" айналмақ: бұрынғыдан да кең өкілеттіктер иеленеді.

Жаңа Президент ұлттық  қауіпсіздік жөніндегі төл кеңесшісі ретінде Флорида конгрессмені Майкл Уолтцты таңдады. Уолтц Қытайды жек көреді: ол бұған дейін Американың ҚХР-мен "қырғи-қабақ суық соғысы" басталғанын мәлімдеп жүрді және 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиадаға бойкот жариялауға шақырғандардың бірі болды.

Жалпы, Трамптың командасына кірген тұлғалардың әрқайсысы оның президенттік каденциясына кірпіш болып қаланып, саясатының бетбұрыстарына әсер етеді. Уәдесін орындамайтын аяр саясаткерлерден, халықпен ашық сөйлесе алмайтын технократтардан шаршап, Трампқа дауыс берген Американы "қызықты жылдар" күтіп тұрғандай. Оның соңында Америка ұлы бола ма, әлде қалтасын ұлт қамынан биік қояр миллиардерлерге жем бола ма, уақыт көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу