Бұл үрдіске себепкер болатын нақты фактор бар: Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан инфрақұрылымды жаңғыртуға 6,5 трлн теңге бөлінетінін айтқан еді. Жақсы-ақ бастама, дегенмен бұл тұста кезекті бір мәселе бар. Экономикада қалыптасқан бір ереже, нарықта ақша массасы көбейгенде инфляция да үдеуі мүмкін. Құрылыс саласына үш жыл қатарынан қомақты соманың аударылуы сол жағдайға ұшыратпай ма?
Алайда 6,5 трлн теңгенің үш жылға бөліп аударылатын ескерсек, сома аса үлкен емес, жыл сайын шамамен 1,5-2 трлн теңге. Елдің жалпы ішкі өнімінің 1 пайызынан да аз. 2027 жылға жоспарланған 30,2 трлн теңге шығыстың 7 пайызын алады. Сондықтан біз айтқандай инфляция қатты қарқын алмай, баға тұрақты болуы мүмкін. Экономист Асқар Қысықовтың "Халықтық құрылыс" бағдарламасына қатысты көзқарасы осыған саяды.
– Бұл – тұтынуға емес, дамуға бағытталған қаражат. Ол нақты жобаларға жұмсалады. Сондықтан оның инфляцияға әсері халыққа немесе бизнеске тікелей төлемдер мен жеңілдіктер беру арқылы сұранысты ынталандырғанға қарағанда әлдеқайда төмен. Сол себепті мұнда қайшылық көріп тұрған жоқпын, – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, бюджет шығыстарының инфляцияға әсер ететін арналары көп, ал олардың арасында тиімсіз тұстары да аз емес. Сондықтан бір бағдарламаға емес, жалпы мемлекеттік шығыстар жүйесіне тұтас қарау қажет. Ал "Халықтық құрылыс" бағдарламасына келгенде бақылау комиссиясы құрылған, мұндағы басты мәселе – жобаларды дұрыс таңдау.
Осы тұста экономист қатаң ақша-несие саясатының инфляцияны тежеу мүмкіндігі шектеулі екенін айтты. Өйткені несиенің едәуір бөлігі жеңілдетілген және субсидияланатын бағдарламалар арқылы беріледі, ал бағаның өсуіне көбіне шығындар әсер етеді.
– Қазір инфляция базалық мөлшерлемеден емес, бір жыл бұрын бағаның айтарлықтай қымбаттауынан және теңгенің нығаюынан баяулап отыр. Нысаналы қаражат тұтынуға емес, жобаларға бағытталады. Сондықтан оның бағаға әсері бірден емес, уақыт өте келе ішінара байқалады. Ал инфляцияға бизнестің шығындары, соның ішінде несиелендіру құны әлдеқайда көбірек әсер етеді, – деп түсіндірді сарапшы.
Асқар Қысықов базалық мөлшерлемені қысыммен ұстап тұрудың мәні жоқ екенін айтты. Өйткені мұның зардабын, ең алдымен, нарықтық шарттармен несие алатын бизнес тартады.
Ал экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, 2029 жылға дейін Ұлттық қордан алынатын 6,5 трлн теңге құрылыс саласындағы инфляцияға әсер етуі мүмкін. Себебі нарыққа қосымша ақша бағытталған кезде компанияларға, құрылыс материалдарына және жұмысшыларға сұраныс артады. Ал осы тұста ұсыныс сұранысқа ілесе алмаса, баға сөзсіз өседі.
– Еліміздің құрылыс саласына көп материалдар импорт арқылы келеді, ол да бағаға қысым түсіріп, инфляцияға соқтыруы мүмкін. Дегенмен ақша көбейді деп инфляция бола қалмайды, мәселе ақшаның қандай механизммен және қандай мақсатпен бағытталатынында. Егер қаржы нақты қайтарымы бар инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалса, экономикалық әсері оң болуы мүмкін, – деді сарапшы.
Осы орайда Бауыржан Ысқақов бағдарламаны іске асырар сәтте үш негізгі бағытқа көңіл бөлінуі қажет екенін айтты.
– Біріншіден, отандық құрылыс материалдары өндірісін жолға қою керек. Екіншіден, салада бәсекелестікті күшейтіп, бағалардың монополия арқылы қалыптасуына жол бермеген абзал. Үшіншіден, бөлінген ақша мен баға динамикасын бақылауда ұстау. Тағы бір мәселе, Ұлттық қор қаражаты экономикаға бір мезетте емес, жоспарлы түрде түскені жөн. Бұл ақша массасына келетін қысымды реттеуге мүмкіндік береді. Әрине, 6,5 трлн теңге құрылысқа үлкен серпін береді, бірақ біздің негізгі мақсатымыз тек инфрақұрылым салу емес, инфляцияны ушықтырмай, экономиканы тұрақтандырып, өндірістік әлеуетті арттыру болу керек, – деп түйіндеді экономист.
Қорытындылай келгенде, үш жыл аралықта Ұлттық қордан алынатын 6,5 трлн теңге тікелей қымбатшылыққа соқтырады дей алмаймыз. Әрине, құрылыс саласында сұраныс артады, импортқа тәуелділік жағы тағы бар. Сондықтан еліміз бағдарлама аясында кем-кетіктің орнын толтыруды ойлап, отандық кәсіпкерлер арқылы отандық өндірісті реттеп алса, қуанарлық жағдай болмақ.