Мұндай ерекше допты кәсіпкердің 12 миллион теңгеге сатып алғаны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, алматылық ұжымның белді ойыншысы Темірлан Анарбеков бір отбасының баспаналы болуына мүмкіндік сыйлап отыр. Себебі, аукционнан түскен қаржы жағдайы төмен бір отбасының пәтер алуына жұмсалды.
Еске салайық, негізгі қақпашы Александар Заруцкий "Қайраттың" сырт алаңдағы "Селтикке" қарсы ойынында ауыр жарақат алған еді. Одан соң "Селтикпен" Алматыда өткен ойында "Қайраттың" екінші қақпашысы Темірлан Анарбеков алаңға шығуға мәжбүр болды. Қосалқы құрамнан шыққан қазақ ойыншысының осыдан кейін жұлдызды шағы туды. Өкініштісі, ол да ҚПЛ ойындарында жарақаттанып, алматылық ұжымның жауапты матчтарында 18 жастағы Шерхан Қалмырза қақпаны қорғаған еді. Бір қызығы, үшінші нөмірдегі қақпашының да жолы болып, өз мықтылығын дәлелдеді және танымалдығы арта түсті.
Кейінен жарақатынан айыққан Анарбеков "Пафос" және атақты "Интер" клубтарына қарсы матчтарда өз мықтылығын тағы да көрсетіп, ең үздік сейвтерімен көзге түсті.