"Теңге тиыннан": Балаға қаржылық сауатты қалай үйретуге болады?

4630

Сарапшылар ақшаны жинау мен оны орынды жұмсауды балаға ерте кезден үйреткен жөн деп санайды.

"Теңге тиыннан": Балаға қаржылық сауатты қалай үйретуге болады? Фото: inbusiness.kz

Бүгінгі таңда қаржылық сауатты арттыру – заман талабы. Ақшаны дұрыс жұмсау, оны жинау жолдарын қоғамның әрбір мүшесі білгені құба-құп. Оның ішінде балалар да бар. Балаға қаржылық тәрбиені неше жастап бастап беру керек? Қаржылай сауатты болудың келешекте қандай көмегі бар? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі шолу жасады. 

Мектептерде қаржылық сауат жеке пән ретінде оқытылмайды

Оқушылардың қаржылық білімін қалыптастыру мақсатында оқу пәндері мен оқу курстарының бағдарламалары әзірленіп, жүзеге асырылуда.

"Бастауыш сынып білім алушыларына қаржылық сауат "Дүниетану" оқу пәнінен үлгілік оқу бағдарламасының "Мен және қоғам" бөлімінде беріледі. 1-сынып білім алушыларына "тауар-ақша қатынасының қарапайым түрлері; тұтыну заттарына деген өз қажеттіліктерінің құрылымы" тақырыптары; 2-сыныпта "отбасы қажеттіліктерінің құрылымы және қоғам" тақырыбы; үшінші және төртінші сыныпта "өз шығындарын жоспарлау; өз шығындарын оңтайландыру жолдарын ұсыну" тақырыптары оқытылады. 5-9-сыныптарда "Жаһандық құзыреттер" вариативті курсы аясында "Медиа сауаттылық және қаржылық сауаттылық" бөлімі оқытылады. 11-сыныпта "Жаһандық құзыреттер" міндетті оқу курсы бар", - деді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева.

Бұдан бөлек 10-11-сыныптарда "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" таңдау оқу пәні оқытылады.

Таяуда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жоғары оқу орындарының студенттері үшін қаржылық сауат курстарын енгізу пысықталып жатқанын айтты. 

"Оқушылар үшін арнайы курс әзірленіп жатыр. Ол үшін тиісті әдістемелер мен оқу құралдары дайындалатын болады. Нәтижесінде осы бағыт шеңберінде 750 мың оқушы мен студентті оқыту жоспарланған", - деді ведомство басшысы Үкімет отырысында.

Экономист кеңесі

"Ақша дегеннің өз анықтамасы бар. Ол кез келген тауардың құнын өлшей алатын ерекше тауар. Ерекшелігі сол кез келген тауарға айырбастауға мүмкіндігі бар. Сондықтан осы анықтаманың төңірегінде балаларға ақырындап түсіндіре беруге болады. Ақшаның өзіндік қызметтері бар. Бірінші кезекте құн өлшемі рөлін атқарса, екіншіден айырбас құралы, одан кейін төлем құралы бола алады. Егер де ақшаны үнемі аз-аздан болса да жинап отырсаңыз, ол қазына болады", - деді экономист Мақсат Халық inbusiness.kz тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.

Сарапшының айтуынша, қаржылық сауат деген ұғымның негізгі мағынасы – ақша қаражаттарын тиімді басқару және оны дұрыс жұмсай білу.

Мақсат Халық балаларға ақша ұстауды қай жастап бастап үйрету керек екеніне тоқталды.

"Жақында Гарвард университеті ғалымдарының зерттеуі шықты. Олар балаларға 7 жастан бастап қаржы туралы ақпаратты беру керек екенін растады. Сондықтан да осы жастан бастап балаларға үйрете беруге болады деп ойлаймын. Бірінші сыныпта қаржы сауаттылығын әліппемен қатар үйрету қиын шығар. Сондықтан 3-сыныпта "Қаржылық әліппе" деген пән болса, балаларымызды қаржылық сауаттылыққа ерте жастан баули аламыз. 6-7 сыныптарда "Экономикаға кіріспе", ал 9-10 сыныптарда "Іскерлік бинес негіздері" деген сабақ өтсе, сонда балаларымызды мектептен-ақ қаржылық сауаттылыққа бейімдеп шығуға болады", - деп жалғастырды спикер.

Экономист қаржылық тұрғыдан сауатты болудың өмірде көмегі көп екенін айтты. Атап айтқанда, қаржылық алаяқтарға алданбау, өз құқығыңды білу, қаражатты депозиттерде жинай білу.

"Ата-бабамыздың "Ақымақ адам байыса, дүние мүлкінің құлы болады, Ақылды адам байыса, Дүние-мүлкін пұл етеді" деген сөзі бар. Сондықтан да қаржылық сауат азаматтарды осы бағытта қалыптасуға, дамуға көмектеседі. Бұдан бөлек қаржылық сауат бақытты отбасын құруға да негіз болады. Өйткені ажырасулардың жағдайлары, отбасындағы ұрыс-керістің негізгі себебі қаржыға байланысты болатын кездері бар. Қаржылық тұрғыдан сауатты болу тұрмыс-тіршілікке тікелей әсер етеді", - деді экономист Мақсат Халық.

Теңге тиыннан...

Қаржы сарапшылары балаларға қалтапұлды берудің бірқатар ережесін ұсынады. Соның бірі – белгілі бір соманы күн сайын немесе белгілі бір күні ғана беру. Бұл баланың қаржыны бірден жұмсамауына, "теңге – тиыннан" қағидасын түсіндіруде көмегі бар. Екінші тәсіл – бір аптаға немесе толық бір айға қаржының белгілі бір көлемін бірден беру. Әрине мұнда ақшаны бірден жұмсап жіберу тәуекелі бар екенін естен шығармаған жөн. Десек те, бұл тәсіл арқылы бала белгілі бір дәрежеде өзінің шығындарын жоспарлап үйреніп, қаржылық тәртіпті қалыптастыра алады, дейді мамандар.

Бұдан басқа кішкентай балаларға ақша туралы ақпаратты ойын арқылы үйреткен тиімді. Себебі мұндай жағдайда олар ақпаратты тез қабылдайды. Осы ережелерді ескеру арқылы өскелең ұрпаққа қаражатқа деген дұрыс қарым-қатынасты қалыптастыруға болады, деп есептейді мамандар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу