Теңге тоғыз айда 0,5%-ға әлсіреді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2507

Қаңтар-қыркүйек аралығында жинақталған инфляция көлемі 4,2%-ды құрады. 

 Теңге тоғыз айда 0,5%-ға әлсіреді

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышевтің айтуынша, инфляциялық үдеріс реттеушінің болжамдарына сәйкес қалыптасуда. Тоғыз айдағы инфляция былтырғы деңгейден төмен. Өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы көрсеткіш 5,6% болған.

"Қыркүйекте жылдық инфляция 7,1% деңгейінде қалыптасты. Былтыр осы уақыттағы инфляция 16,6%-ды құрады. 2017 жылдың қорытындысы бойынша, инфляция биылға арналған 6-8% нысаналы дәліз шегінде сақталады деген болжам бар", – деді Данияр Ақышев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ұлттық банк төрағасының сөзінше, тамыз-қыркүйек айларында еліміздің валюта нарығы құбылмалы күй кешкен. Бұған девальвация болжамдарының белең алуы әсер еткен. Алайда Ұлттық банктің қолға алған шараларынан кейін нарықтағы ахуал тұрақталған.

"Қыркүйекте Ұлттық банк шетел валютасын сату түрінде жасаған интервенциясының көлемі 69,7 млн долларды құрады. Өткен айда халық нетто-негізде 264,5 млрд теңгеге шетел валютасын қолма-қол сатып алды. Шығыстардың 71%-ы немесе 188 млрд теңгесі АҚШ долларын қолма-қол сатып алуға жұмсады. Демалыс маусымы аяқтала салысымен кыркүйекте АҚШ долларын қолма-қол сатып алу көлемі қысқарды. Сондай-ақ бұл жағдай халық арасындағы девальвациялық болжамның тұрақталуына әсер етті", – деді Данияр Ақышев.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, тоғыз айда алтын-валюта резерві 10,2%-ға артып, 32,5 млрд долларға дейін өскен. Ал Ұлттық қордың шетел валютасындағы активі 56,8 млрд долларды құраған. Халықаралық резерв көлемі 89,4 млрд долларға жеткен. Бұл ішкі жалпы өнімнің 60%-на тең.

"Жыл басынан бері алғаш рет қыркүйекте депозиттердің көлемі өткен жылдың желтоқсанындағы көрсеткіштен асып түсті. Қаңтар айынан бастап өсім 2,9%-ды құрап, 18,7 трлн теңгеге жетті. Бұл –  теңгедегі депозиттердің 16,3%-ға немесе 9,6 трлн теңгеге көбеюінің нәтижесі. Ал шетел валютасындағы депозиттер жыл басынан бері 8,2%-ға, яғни 9,1 трлн теңгеге дейін қысқарды. Жеке тұлғалар салымдарының құрылымында шетел валютасымен сақталған депозиттердің үлесі 56,8%-ды, заңды тұлғалар бойынша 42,5%-ды құрады", – деді Данияр Ақышев.

Ұлттық банк төрағасының пікірінше, еліміздегі банктердің кредиттік белсенділігі артып келеді. Жыл басынан бері банктердің экономикаға салған кредиттерінің көлемі 4%-ға ұлғайып, 13,2 трлн теңгеге жеткен. Теңгедегі кредиттер 9,5 трлн теңгеге дейін өссе, шетел валютасымен берілген кредиттер 3,7 трлн теңгеге қысқарған. Қыркүйек айында кредиттер бойынша орташа мөлшерлеме 14%-ға төмендеген.

"Несиелердің ең көп көлемі сауда, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және көлік салаларына тиесілі. Тұтынушылық кредиттер де артып жатыр. Мәселен 9 ай ішінде халық 2,9 трлн теңгеге тұтынушылық мақсатқа несие рәсімдеген. Тұтынушылық кредиттер қаңтар-қыркүйек айларында 13%-ға немесе 332 млрд теңгеге артқан. Ұлттық банк аталған өсімге ерекше назар аударады. Өйткені борыш бойынша қызмет көрсететін іргелі база – халықтың кірісі. Ол баяу өседі", – деді Данияр Ақышев.

Ұлттық банк төрағасының сөзінше, 2017 жылдың 1 шілдесіндегі дерек бойынша, Қазақстанның сыртқы қарызы шамамен 168 млрд АҚШ долларына тең. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында елдің сыртқы борышының көлемі 4,2 млрд АҚШ долларына, оның ішінде екінші тоқсанда 2,4 млрд АҚШ долларына ұлғайған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу