Теңгедегі депозитке 10% сыйақы алып үлгересіз бе?

3528

Өтініш беруге бір жарым ай ғана уақыт қалды. 

Теңгедегі депозитке 10% сыйақы алып үлгересіз бе? Фото: inbusiness.kz

Теңгелік депозиттер бойынша өтемақы (сыйақы) бағдарламасы жыл соңына дейін өтініштер қабылдайды. Ал, оның басты шарттары қандай – inbusiness.kz тілшісі экономист Бауыржан Ысқақовпен сұхбаттасты.

Ұлттық банк пен Үкіметтің теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы 2022 жылдың 24 ақпаны күні ресми түрде жарияланды. Оған 2022 жылдың 23 ақпанына дейін ашылған депозиті бар жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Ұлттық банк пен Үкімет бюджеттің есебінен теңгеде депозиті бар әрбір қазақстандыққа сол депозиттегі салымының 10%-ын өтемақы ретінде төлеп беру туралы шешім қабылдаған.

Алайда, тоғыз ай бойы бір реттік сыйақыны алу үшін небары 1 млн 800 мың адам ғана өтініш беріп отыр. Бұл – өтемақы ала алатын адамдардың тек 35%-на тең.

"Оның себебі, салымшылар ақпаратты толық түсінбеген. Төлемдерге өтініш беру белсенділігі сол себепті де төмен екенін көріп отырмыз. Геосаяси факторлар, қаржы нарығындағы тұрақсыздық, доллар мен рубльдің қымбаттауы кезінде теңгенің құнын арттыруда бірінші кезекте мемлекеттің өзінің қызығушылығы жоғары болуы керек. Соның бір жолы деп қазір жүзеге асырайын деп отырған бағдарламаны айтамыз. Тағы да түсіндіре кетейін: бұл бағдарламаға екінші деңгейлі банктерде және де Отбасы банкінде депозиті бар жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Басты шарты депозиттегі қаражаты теңгемен болуы керек", - дейді Бауыржан Ысқақов.

Ол үшін 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін депозит ашылған банкке өтініш беріп, сол арқылы төлемді алуға келісімді растау қажет. Сондай-ақ депозитті 2023 жылдың 24 ақпанына дейін тиіспей, сақтау маңызды.

"Ескере кететін маңызды деталь – өтемақы жыл ішінде депозитте болатын ең төменгі сома үшін есептеледі. 2022 жылдың 23 ақпанында, мысалы, депозитте 1 миллион теңгеңіз болды, сосын сіз бір айдан кейін 600 мың теңгені шешіп алдыңыз. Төлемақы төлейтін уақытқа дейін, 600 мың теңгеңізді салып қойдыңыз делік. Өтемақы депозитте қалған 400 мың теңгеге ғана есептеліп, беріледі. Сол себепті, мейлінше, депозитке салынған ақшаны алмаған дұрыс. Осы шарттарға сәйкес келетін азаматтар ғана мемлекеттен 10 % өтемақы алады. Сондай-ақ соманың ең үлкен мөлшері 20 миллион теңге, яғни, ең жоғарғы өтемақы 2 миллион теңге деп жоспарланған", - деді экономист.

Салымшылардың төлемге өтініш беруге 1,5 ай уақыты қалды. Оны депозит ашылған банктің мобильді қосымшасы арқылы онлайн жүзеге асыруға болады. Өтемақы жинақ салымдары (депозиттер), мерзім салымдары, білім беруге арналған салымдардағы қаражатқа беріледі.

"Бірінші кезекте, бұл - мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау. Екінші кезекте, халық қаражат жинауды үйренуі керек. Қаржылық сауаттылықты арттыруға біз басты назарды аударуымыз керек. Оның бір жолы қарапайым халық депозит ашып, балаларына, өздеріне жалақыларының кем дегенде он пайызын депозитке салуды үйренуі керек. Ай сайын несиені уақытымен төлеуге тырысамыз, ай сайынғы төлем сияқты депозитке қаражат салып отыру, ақша табудың жолдарын қарастыруға дағдылану қажетпіз", - дейді маман.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу