Теңгенің құлдырау себебі белгілі болды

12012

Қазақстан экономикасы туралы сөз қозғағанда теңге бағамы тақырыбын айналып өту мүмкін емес. 

Теңгенің құлдырау себебі белгілі болды Фото: inbusiness.kz

2010 жылдардан кейін тоқтаусыз құнсыздана берген теңгенің келешегін позитивті тұстан елестету қиын. Жыл басында ғана 1 доллар 450 теңге болса, қазір 480 теңгеден асып кетті. Сонымен, бағамның құлдырай беруіне не себеп, алдағы уақытта қалай өзгеруі мүмкін?

Нарыққа тәуелді валюта

Валюта жайлы айтпас бұрын, теңге бағамы қалай қалыптасатынын анықтап алған жөн. Негізінен теңге бағамы Қазақстан қор биржасының валюталық сауда-саттық алаңында белгіленеді. Оған теңгенің долларға шаққандағы бағамы, USD/KZT жұп саудасының қорытындысы ықпал етеді. Мәселен, күніне бағамды шығаратын таңғы, түскі және кешкі сауда сессиялары бар. Сағат 11.00-ден кейін теңгенің алғашқы нарықтық бағамы анықталады. Осы сауда-саттыққа банктер, шетел валютасымен операция жасайтын түрлі компанияның тапсырмасын орындайтын брокерлер, валюта айырбастау фирмаларының өкілдері қатысады.

Қазір валюта биржасында екінші деңгейлі банктерді қосқанда шамамен 30-дан астам белсенді ойыншы бар. Міне, олардың тарапынан келіп түскен сұраныс пен ұсыныс көлемі теңгенің күн сайынғы құбылуына әсер етіп, бағамын белгілеп отырады. Теңге бағамы долларды сатып алу немесе сатудың биржада өткен ең төменгі және ең жоғарғы бағасының ортақ мәнінен құралады. Түсіндірме ретінде айтар болсақ, ең төменгі мәміле бір долларға 475, ал жоғарғы мәміле долларына 485 теңге болса, онда теңге құны сол сессия нәтижесінде 480 болып белгіленеді.

Қазір мемлекет пен Ұлттық банк теңге бағамын реттеу режимінен гөрі инфляцияны бақылаумен көбірек айналысады. Яғни, теңге курсы нарыққа байланысты. Мемлекет бар күшін инфляцияға жұмсайды. Тауарлар мен қызметтер бағасы көтерілген жағдайда мемлекет инфляцияға бейімделіп, бағаны қажет кезде бекітіп отырады.

Теңге неге құбыла береді? Кез келген валюта сияқты теңгеге де сыртқы және ішкі факторлар әсер етеді. Доллардың жаһандық нығаюы болса, теңге де дамушы елдердің валютасымен қатар құлайды. Бір жағынан теңгеге мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасының ықпалы зор екені айтылады. Баға қымбат болса, валюталық түсімдер көп болып, сыртқы сауда балансы жағымды болады. Яғни, экспорттың ақшалай көлемі импорттан асып тұруға тиіс.

Негізі ұлттық валюта ахуалы елдің экономикалық қуатына тікелей байланысты. Айналып келгенде ішкі өндірісті арттыру, шикізаттық тәуелділіктен арылу маңызды саналады.

Себебін мұнай бағасынан көре алмаймыз

Мұнай дегеннен шығады, еліміз биыл жария еткен экономикалық даму болжамында қара алтын бағасын барреліне 75 доллардан белгіледі. Алайда баға шын мәнінде сәл төмен болып, экономикалық даму жоспары ойдағыдай болмай қала ма деген үрей туған.

Кейінгі күндері Таяу Шығыста қақтығыс көбейді, Иран мен Израильдің соғысу қаупі бар. Бұның бәрі мұнай, қор және валюта нарығына әсер етпей қоймады. Бұған дейін арзандап жатқан мұнай бағасы бірден 5 пайыз қымбаттап, трейдерлер Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асады деген болжам жасап отыр. Бірақ қараңыз, мұнай қымбаттағанымен, ұлттық валюта әлі әлсіреп жатыр. Неге?

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаевтың сөзінше, Қазақстан валютаның таргеттелетін курсынан бас тартқандықтан, "девальвация" деудің өзі дұрыс емес. Өйткені Қазақстан еркін бағамды ұстанады. Теңге тек әлсіреп, бағамы біртіндеп төмендеуі мүмкін. 2015 жылдан бері теңгенің қатты әлсіреуіне көбіне сыртқы немесе ішкі факторлар әсер етті.

Дегенмен сарапшылар алдағы уақытқа позитивті болжам айтпайды. Теңге алдағы уақытта да біқалыпты әлсірей бермек. Бірақ осыған қарамастан Қазақстан экономикасының қазіргі жағдайында теңгенің құнсыздануы тиімді болып тұрғанын тұжырымдаушылар бар.

– Қазақстан экономикасы шикізат бағасына тәуелді. Шетке шикізатты доллармен сатады. Ал қымбат долларды теңгеге айырбастағанда, бюджетке түсетін түсім көлемі артады. 2025 жылға қарай доллар бағамы 500 теңгеден асуы мүмкін. Бұны жоққа шығара алмаймыз, – дейді Бейсембаев.

Сарапшылар шынында теңге бағамы мұнайға бағынышты емес екенін айтады. Мәселен, мұнай бағасы 100 жоллардан асқан кездерде де теңге нығаймаған. Бағасы керісінше құлдырап жатқанда да теңге әлсіремеген.

Еліміз өзгермелі валюта бағамын ұстанатыны үшін давальвация болуы мүмкін емес. Бірақ әлемдегі небір ірі оқиғалар бағамға әсер етпей қоймайтынын ескеріп жүрген абзал.

Бір қызығы, Қаржы министрлігі мен мемлекеттік бюджет үшін теңгенің әлсіреуі тиімді болуы мүмкін. Көктемнің басында ұлттық валюта нығайғанда Ұлттық банк валюта бағамына араласпады. Әлсіз теңге бюджетті толықтыруға жақсы көмек, алайда Ұлттық банк қанша қиын болса да өз позициясын ұстап тұрды. Өйткені республикалық бюджетке трансферт қамтамасыз ету үшін еліміз күн сайын Ұлтты қордан ақша алады. Бірақ орасан трансферт теңге бағамына оң ықпал етпеді.

Әрине, бұл айтылғандар тақырыптың бір бөлігі ғана. Өйткені жоғары пайыздық мөлшерлемеден бастап, елдің егемен рейтингісінің өсуі, бейрезиденттер тарапынан мемлекеттік бағалы қағаздарға деген сұраныстың артуы, Ұлттық банктің көптеп валюта сатуы секілді факторлар валютаға әсер тигізеді. Әйтеуір жақын арада төл теңге нығаймайтыны, қоғамның ұлттық валютаға сенімі күшеймейтіні анық болып тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу