Теңгенің рубльге шаққандағы әділетті бағамы қанша болуы керек

6577

Интервенциялық саясат Қазақстанның алтын валюта қорын құртып тынуы мүмкін.

Теңгенің рубльге шаққандағы әділетті бағамы қанша болуы керек

Санкциялардың астында қалған экономикалық одақтасымыз Ресейдегі дефолттық жағдай теңгені құрдымға бірге ала кетейін деп тұр. Inbusiness.kz тілшісі сарапшылардан Ұлттық банк төл валютамызды бұл тығырықтан қалай аман алып шыға алатынын сұрап көрді.

Progente экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі, Халықаралық бизнес университетінің аға оқытушысы Мақсат Халық Ұлттық банкке теңге мен рубль арасындағы бағам айырмашылығын қайта қарайтын кез жеткенін айтады.

"Рубль мен теңгенің арасындағы айырмашылықты қайта қарау керек негізі. Дәл қазіргі жағдайда 1 рубльдің теңгеге шаққандағы құны 3-3,5 теңгенің айналасында болуы керек. Біз рубльмен қатар теңгемізді құнсыздандыра бере алмаймыз. Өйтсек, төл валютамыз әбден құсызданып, 1 доллар 600 теңгенің үстіне шығып кеткелі тұр. Сондықтан біз шынайы түрде қарасақ, ондай қадамға бара алмаймыз. Өйткені тағы қымбатшылық туындайды. Үйдің, көліктің, сырттан келетін импорттық тауардың бәрі қымбаттайды. Олар қымбаттап жатқанда отандық тауар өндірушілердің қарап тұрмайтыны белгілі. Бізде сондай бір әдет қалыптасқан. Демек бүкіл тауар қымбаттайды. Бұдан азаматтардың төлемқабілеті нашарлайды. Теңгені рубльдің артынан домалата бере алмаймыз деп отырғаным сол", – дейді экономист.

Рубль мен теңгенің арасындағы бағам айырмашылығында осыған ұқсас жағдай 2014 жылы болғаны есімізде. Сол кезде халық Ресейден көлік тасып, ерінбегендері тіпті ұсақ-түйек тауар да тасып, пайда тапқан болатын. Кейін экономистер бұл жағдайдың жалпы экономикаға кері әсері көп болғанын, Ресейді сондағы дағдарыстан Қазақстан құтқарып қалғанын айтып, Ұлттық банктің сауатсыз әрекетін сынаған еді. Мақсат Халықтың айтуынша, бұл жолғы жағдай сәл басқаша.

"Бізге әзірге тікелей санкциялар салынып тұрған жоқ. 2014 жылы Ресей мен Қазақстанда ортақ жағдай болды. Мұнай бағасы түсіп кеткен болатын. Ал қазір олай емес. Қазір негізгі проблеманың бәрі тікелей Ресейге қатысты. Әрине, оның да бізге жанама әсері бар. Бірақ санкция бізге ешқандай тыйым салып тұрған жоқ. Сондықтан рубль қалай құнсызданса, теңгені де солай құнсыздандыру дұрыс емес.

Мәселенің екінші жағы бар. Санкциялардың бізге қатысы жоқ екен деп теңгені қатты күшейтіп жіберуге тағы болмайды. Менің ұстанымым сондай. Өйткені 2014-2015 жылы теңгені қатты күшейтіп, рубльдің құны 2,5 теңгеге дейін барған. Әсерінен Ресейдің тауары біздің нарықты басып қалды. Ресейден заңды, заңсыз жолмен көлік тасыдық, басқа да тауарлар көптеп әкелінді. Сол арқылы Ресейге үлкен қолдау білдірдік. Өйткені сол екі жылда алтын валюта резервімізден 35 млрд доллар жұмсадық. Оның бәрі Ресейге кетті деген сөз емес. Бірақ негізгі бөлігі Ресей экономикасын қолдауға кетті", – деді сарапшы.

Оның пайымынша, Ұлттық банкке қазір теңгені қатты күшейтуге де, қатты әлсіретуге де болмайды. Екі аралықтағы теңгерімді барыншы тиімді ұстау керек.

"Менің ойымша, теңгеміз рубльге қатысты сөзсіз күшейеді. Тура 3 теңгеге дейін апармасақ та, 4-4,5 теңге көлемінде ұстап тұрсақ болады. Осы өткен демалыстарда рубльдің долларға шаққандағы құны 145-ке дейін құнсызданғанын көрдік. Ертең рубль тағы құнсызданып жатса және теңгемен арадағы қазіргі баланс сақталса, төл валютамыздың долларға шаққандағы бағамы 600-700-ге дейін барады. Сондықтан Ұлттық банк бұл жолы теңгенің рубльге қатысты бағамын күшейтеді. Бірақ тым қатты нығайтпау керек. Теңге нығайса, Ресей тауарлары біздің нарықты белгілі бір дәрежеде басып қалады. Бірақ қазір рубль қатты құнсызданып жатқандықтан, өздерінде қымбатшылық болып жатыр. Сондықтан ол жақтан тауар бізге соншалық арзан болып келе қоймауы керек. Осы сценариді де ескерген дұрыс деп ойлаймын", – деді Мақсат Халық.

Экономист Ресеймен арадағы сауда түгел рубльге көшсе де ештеңе етпейтінін айтады.

"Өйткені ол белгілі бір дәрежеде Ресейден аралық өнімді сатып алып келіп, бізде дайын өнім шығаратындарға пайдалы. Оларға доллармен емес, рубльмен алыс-беріс жасаған тиімдірек. Түйіндесек, теңге рубльге қатысты нығаюы керек. Бірақ ол 2014 жылғыдай 2,5 емес, 4 теңгенің айналасында болғаны дұрыс", – дейді ол.

Экономист Ұлттық банктің соңғы кездегі қадамдары көп жағдайда дұрыс болды деп есептейді.

"Базалық мөлшерлемені біз практикалық түрде Ресейден бұрын көтердік. Ол да кішкене болсын теңгеге қолайлы әсер етті. Ресей кешігіп барып көтерді. Сондықтан пайыздық мөлшерлеме бірден 20 пайызға жетті. Бірақ бұл базалық пайыздық мөлшерлемені көтере бреген дұрыс деген сөз емес. Тым жиі көтере берсе, міндетті түрде кері әсер етеді. Себебі экономиканы несиелендіру тоқтап, жұмыс орындары қысқаруы мүмкін. Қысқасы жұмыссыздық көбейеді", – деп түйіндеді сарапшы.

Статистикаға сүйенсек, Ресей өзіне қарсы салынған санкциялардың саны бойынша Иран мен Сирияны басып озып, біріші орынға шықты. Ресей Федерациясына салынған санкциялардың жалпы саны қазір 5,5 мыңға жетіп отыр. Иранға – 3,6 мың, Сирияға – 2,6 мың, Cолтүстік Кореяға – 2,1 мың, Венесуэллаға – 700 санкция салынған.

Экономикалық саясат институтының директоры, ҚР Президенті жанындағы реформа жөніндегі жоғарғы кеңеске қарасты макроэкономикалық комитет мүшесі Қайырбек Арыстанбеков бұл санкциялардың Қазақстанға тигізетін жанама әсері қаншалықты зиянды болатыны Ұлттық банктің жұмысына тікелей байланысты екенін айтады.

"Кез келген мемлекетпен сыртқы экономикалық байланыстың негізгі өлшемі бар. Ол – өңдеу өнеркәсібі мен сыртқы сауда бойынша сауданың көлемі. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аясында кейінгі жылдары Ресей мен Беларусьтен келетін өңделген тауарлардың үлес салмағын, импортын ұлғайтып алды. Бұл өзі екі бөлімнен тұрады. Біріншісі – Еуразиялық экономикалық одақ, Кеден одағы аясындағы біртұтас экономикалық кеңістікте осы екі елден тауарлар мен қызмет көрсетулердің жаппай біздің нарыққа ену процесі. Екіншісі – ұлттық валюта бағамы нығайып, рубль бағамы төмендеген кезде Ресейдің өңделген тауарының экспорты ұлттық өндірушілерді ығыстыратын процестер.

Сондықтан Ұлттық банк валюта бағамы саясатын айқындағанда екі тактикалық-стратегиялы әдісті қолдануы керек. Бірақ ол байқалмайды. Ресми мәлімдемелерінде де айтылмай жатыр. Демек Ұлттық банк басқарушыларының компетенциясы жетпей жатыр", дейді экономист.

Сарапшы өзі атаған тактика мен стратегияның мәнін былай деп түсіндірді:

"Бірінші тактикалық әдіс – рубльдің бағамы төмендеген сайын бізге де теңгенің бағамын Ресей валютасының бағамына сәйкестендіріп ұстап тұру керек. Бірақ мұның мерізімін, валюта интервенциясының көлемін, Батыстың Ресейге салған санкцияларының ықпалының салдарын бағалау мәселесі бізде дұрыс жасалмай жатыр",  дейді Экономикалық саясат институтының директоры.

Оның пікірінше, Батыстың Ресейге салған санкцияларын 2 топқа бөлуге болады.

Біріншісі – Ресейдің Орталық банкінің активтерін бұғаттау немесе басқа да коммерциялық банктерге салынған санкциялар, банкаралық SWIFT аударма жүйесі бойынша және қаржы саласындағы санкциялар.

"Бұл дереу әрі дәл соққы беретін санкция деуге болады. Екінші тобы орта және ұзақ мерзімге бағытталған. Айтпағым мынаған келіп саяды. Ұлттық банкке екі әдіс керек дедім. Отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін ұстап тұру үшін әлсін-әлсін девальвация жасап, әлсін-әлсін валюталық интервенция жасау әдісін санкциялардың бірінші тобына қолдану керек.

Ал екінші әдіске келсек, Ұлттық банк бірінші топтағы санкциялардың ықпалы экономикада толығымен көрініс тауып, екінші топтағы санкциялардың алғашқы ықпалы біліне бастағанда қолданылуы керек. Яғни өңдеу өнеркәсібі тұншыға бастаған кезде біздің Ұлттық банк дереу интервенциядан бас тартып, валюта бағамын ішкі экономика мүддесіне сәйкестендіру керек. Өкінішке қарай, Ұлттық банктің қазіргі басшыларынан осындай мәлімдеме, пайым еш байқалмайды", – дейді сарапшы.

Сондай-ақ ол Қазақстан соңғы 10 күннің өзінде теңге бағамын интервенциялауға жарты миллиардқа жуық доллар жұмсағанына алаңдап отыр.

"Соңғы 10 күнде Ұлттық банк 480 млн долларға интервенция жасапты. Егер осындай процесті жалғастыра берсе, алтын валюта резервіміз таусылуы мүмкін. Сондықтан бұл салада да кешенді шаралар керек", – деді Қайырбек Арыстанбеков.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу