Теннистен қашан өз таланттарымызды көреміз?

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1619

Бүгінде теннистен еліміздің атынан сынға түсіп және Қазақстан құрамасының намысын қорғап жүргендер – шетелдіктер...

Теннистен қашан өз таланттарымызды көреміз?

7-9 сәуір аралығында теннистен Қазақстан құрамасы Дэвис кубогы аясында Қытай құрамасымен кездеседі. Құрама сапындағы теннисшілердің бәрі де – шет елдерден келген, Қазақстан азаматтығын алған спортшылар. Атап айтқанда, олар – Михаил Кукушкин, Андрей Голубев, Александр Недовесов және Дмитрий Попко.

Жалпы, біздің елде тенниске ерекше көңіл бөлініп, оны жоғары деңгейде дамытып келе жатқанымызға 10 жылдай болды. Көп ұзамай, яғни 2008 жылы жазда бір топ шетелдік теннисшілер Қазақстан азаматтығын алып, біздің елді намысын қорғай бастады. Олардың көбісі Ресейден алынды. Болгария (Сесиль Каратанчева) және Украина (Александр Недовесов) елдерінен келгендері де бар.

Содан бері олардың қатары көбейе түсті. Бұл ретте Юрий Щукин, Евгений Королев, Андрей Голубев, Михаил Кукушкин, Дмитрий Попко, Александр Недовесов, Ярослава Шведова, Галина Воскобоева, Юлия Путинцева және Ксения Первак сынды теннисші қыз-жігіттерді көлденең тартуға болады. Бұлардың алды қазір спорттық карьераларын тәмамдаған. Ал соңғысының, яғни Ксения Первактың 2013 жылы қайтадан өз еліне, Ресейге ауысқандығы жайлы ақпарат тараған...

Жоғарыдағы тізімге биыл маусым айының ортасында (17-ісінде) 20-ға толатын Ресей теннисшісі Александр Бубликті де қосуға болады. Ол өткен жылдың қараша айында "енді Қазақстан намысын қорғайтындығын" мәлімдеген болатын. Қазір құрама сапында жігіттермен бірге жүрген көрінеді. Бірақ біздің елдің намысын ITF ережесі бойынша, келесі жылы күзден бастап қорғауға тиіс.

Сонда, олар неге біздің елдің намысын қорғауға мүдделі және "құмар"? Себебі оларға Қазақстан теннис федерациясы жан-жақты жағдай жасап, көмектесіп отырады. Теннисшілерге жаттығу жұмыстарын өткізу оңай емес. Бәрі қымбат. Үнемі қаржы керек. Бұл тұрғыда біздің федерация көмекке зәру болып жүрген, әлеуеті зор теннисші қыз-жігіттерді тартып, оларды демеп-жебеп жіберді. Жаттығу жиындарын ұйымдастырды, қажетті мамандар мен жаттықтырушылар жалдады...

Аталған теннисші қыз-жігіттермен бірге біздің елдің намысын теннис корттарында өз қандасымыз Зарина Диас та абыроймен қорғап жүр. Бірақ ол Алматыда туғанымен, 1999 жылы ата-анасының жұмысына байланысты, отбасымен бірге Чехияға қоныс аударған. Теннистің қыр-сырына сол елде қанықты. Әйтсе де, қазір өз елінің атын шығарып жүр.

Иә, 10 жылдай уақыт ішінде өзіміздің жас таланттарымыз да қанат қағып шыға бастаса керек еді. Бірақ шет елдерден келген теннисшілермен тайталаса алатын әлі ешкімді көрмей отырмыз деуге болады. Десек те, үмітімізді үзбейміз. Өйткені еліміздегі бірнеше ірі қалада теннис орталықтары ашылған. Спорттың осы түріне қызығатын және айналысып жүрген жеткіншектеріміз де көбейіп келеді. Ендеше, үмітімізді үзбейміз. Болашақта шетелдіктерге Қазақстан азаматтығын алып беру тыйылады деп ойлаймыз...

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу