Лондонда 2026 жылғы Билли Джин Кинг Кубогының іріктеу кезеңінің жеребе тарту рәсімі өтті. Жеребе нәтижелері мынадай: Италия - Жапония, Бельгия - АҚШ, Аустралия - Ұлыбритания, Қазақстан - Канада, Словения - Испания, Швейцария - Чехия, Украина - Польша.
Финалдық сатыға жолдама алу үшін Қазақстан әйелдер құрамасы Астанада 2023 жылғы әлем чемпионы Канада құрамасымен сынға түседі
Қазақстан мен Канада құрамалары бұған дейін бір рет қана кездескен. 2017 жылы теннисшілеріміз сырт алаңда 2:3 есебімен жеңіліп қалған еді. Қазіргі әлемдік әйелдер командалық рейтингінде Канада 4-орында, ал Қазақстан 9-орында тұр.
Ойындар 10-11 сәуір Beeline Arena ұлттық теннис орталығында өтеді. Іріктеу матчтары төрт жекелей және бір жұптық кездесуден тұрады.
2026 жылдан бастап іріктеу кезеңіндегі әрбір кездесу екі күнге созылады: бірінші күні — екі жекелей матч, екінші күні — бір жұптық кездесу және екі жекелей матч өткізіледі. Аталмыш формат қазіргі уақытта Дэвис Кубогында қолданылып жүрген тәртіпке ұқсас. Сондай-ақ тарихта алғаш рет жұптық кездесу міндетті түрде өткізіледі.
Канада мен Қазақстан арасындағы жеңімпаз қыркүйекте өтетін Billie Jean King Cup финалына жолдама алады. Онда олар алты басқа жеңімпаз елмен қатар, жарыстың финалдық кезеңіне шығып қойған турнир қожайыны Қытай Халық Республикасымен бірге бақ сынайды (Шэньчжэнь қаласында).
Ел намысын қорғайтын теннисшілердің нақты тізімі кейінірек жарияланады.